2018 жылдың 22-24 мамыр күндері Алматы қаласындағы The Ritz Carlton қонақүйінде жыл сайын әлемнің 60 шақты елінен келген 500-ден астам делегат қатысатын Еуразия медиа форумы өтеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Форум өз тарихында 6000-нан аса шетелдік қатысушы, олардың қатарында танымал журналистер мен белгілі саясаткерлерді, мықты экономистер мен Нобель сыйлығының лауреаттарын, қоғам қайраткерлерін, ғалымдар мен кәсіпкерлерді Қазақстанға жинады.
ЕМФ спикерлері қатарында: Ислам республикасының экс-президенті Иран Мохаммад Хатами, Ауғанстанның 12-президенті Хамид Карзай, америкалық дипломаттар Ричард Холбрук пен Ричард Перл, АҚШ-тың бұрынғы конгрессмені Харольд Форд, Ұлыбританияның Сыртқы істер экс-министрі Джек Стро, Грецияның Туризм экс-министрі және Парламент мүшесі Ольга Кефалоянни, британдық футуролог Рэй Хаммонд және Владимир Познер, Максим Шевченко, Михаил Леонтьев, Питер Лавель, Пола Слиер, Стивен Коул, Ник Гоуинг сынды танымал журналистер, ИТАР-ТАСС ақпараттық агенттігінің жетекшілері Виталий Игнатенко мен Михаил Гусман, жазушы Шыңғыс Айтматов, РФ Үкіметінің бұрынғы басшысы Евгений Примаков, ОДКБ бас хатшысы Николай Бордюжа, АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік бойынша бұрынғы кеңесшісі Збигнев Бжезинский және т.б. болды.
Еуразия медиа форумы 3 күн ішінде 7 пленарлық сессия өтеді. Әлемдік сарапшылар бір күнді шеберлік дәрісіне арнайды. Бұл жолғы форум «Эволюцияның 15 жылы: әлем өзгерісі мен бізді өзгертуі» атауымен өтеді.
Форум өзінің белсенді жұмысының арқасында бүгінде дүние жүзінде беделді медиа алаң атанып отыр. Оның дәлелі ретінде форумға 1500 айтулы БАҚ өкілдері: Euronews, CNN, BBC, Associated Press Television News, Reuters, Bloomberg, New York Times, Al Jazeera English, ИТАР-ТАСС, РИА «Новости», РБК, Russia Today, Первый канал, ИА «Джихан» және т.б. қатысуы дәлел болып отыр.
Биылғы форум тақырыптары: «Халықаралық қарым-қатынастағы эволюция», «Еуропалық одақ эволюциясы», «Қоршаған орта эволюциясы», «Ақпараттық технологиялар: нақты дерек пен фейк жаңалықтар», «Блогосфераның күшеюі: прогресс пе, әлде қауіп пе?» және тағы басқа.
ХV медиа форум қатысушылары қатарында – мемлекеттік қайраткер, экс-премьер-министр, Италия парламентінің сенаторы Маттео Ренци, БАҚ бостандығы бойынша ЕҚЫҰ (ОБСЕ) өкілі Арлем Дезир, америкалық политтехнолог, Барак Обама президенттігі кампаниясының екеуінде де кеңесші болған Роджер Фиск, Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Саймон МакДжи, Грузияның экс білім министрі Хатия Деканоидзе, ВВС телеарнасының жаңалықтар бөлімінің редакторы Гэвин Хьюитт, халықаралық саясат бойынша француз сарапшысы, Le Figaro газетінің шолушысы Рено Жирар, Жапонияның тұрақты энергетиканы дамыту институтының директоры Тецунари Иида, Ресей журналисі, продюсер әрі тележүргізуші Софико Шеварднадзе, сенатор, АҚШ-тың Қытай Халық Республикасындағы елшісі Макс Баукас, БҰҰ халықаралық «БҰҰ – әйелдер» бөлімінің Орталық Азия бойынша басшысы Илейн Конкиевич бар.
Сонымен қатар, мерейтойлық форумның бағдарламасында бірнеше авторлық мастер-класстар ұйымдастырылады. Онда «Шуберт медиа» консультанты Тайра Шуберт, танымал журналист Шахида Якуб, Hashtag Our Stories жобасының негізін қалаушылардың бірі Юсуф Омар, саясаткер Бартош Рыдлиньский, CEO Select Communication Group басшысы Виктор Елисеевтер бар.
«Еуразиялық медиа форумның биылғы контенті дәстүрлі түрде заманауи өзекті бірқатар мәселелерді талқылайтын болады. Олардың қатарында, ақпараттық технологиялардың қарқынды өсуі, тұрақты дамудың бірден-бір шарты ретінде «жасыл экономика» тұжырымдамасы және т.б. мәселелер көтеріледі. Бұл ретте, мерейтойлық форумның халықаралық аренада еліміздің беделін арттыруға қосқан үлесінің орасан зор екенін көрсететінімізге сенімім мол», - деді Еуразия медиа форумының бас директоры Руслан Жемков.
Іс-шараның бас серіктесі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ.
XV Еуразиялық медиа форумға тіркелу бүгіннен бастап 16-мамырға дейін жалғасады. Форумға тіркелу үшін eamedia.orgсайтына кіру керек. Орын саны шектеулі.
Орталық Азиядағы тәуелсіз диалог алаңы ретіндегі Еуразия медиа форумының басты миссиясы – сарапшылар, саясаткерлер, экономистер, қоғамдық пікір иелерінің қатысуымен Қазақстанның, Еуразияның, тіпті бүкіл әлемдік қауымдастықтың экономикалық, геосаяси, әлеуметтік мәдени мәселелерін талқылау.