Елордада лифтіде 5 жасар баланы бетінен пышақтаған жасөспірім қазір психикалық денсаулық орталығында жатыр. Әлеуметтік желіде жасөспірімді ұрды деген ақпарат тарады. Істің мән-жайын құзырлы мекемелерден білген едік деп жазады ҚазАқпарат.
Жасөспірімнің қазіргі жағдайы туралы Астана қаласының психикалық денсаулық орталығы директорының орынбасары, дәрігер-психиатр Алмагүл Айтжанова айтып берді.
- Ұлым дене жарақатын алды деген жасөспірімнің анасының өтініші бойынша ауруханаға полиция қызметкері келді. Тәртіп сақшысы бөлімшенің кезекші дәрігері мен медбикенің қатысуымен әңгімелесу және пациентті тексеруден өткізді. Пациенттің денесі анасының қатысуымен және оның келісімімен фото дәлелге түсірілді, - деді Алмагүл Айтжанова.
Маманның мәлімдеуінше, жасөспірімнің денесін тексеру кезінде терісі таза, тұтас және пациент көрсеткен жерлерде гематома немесе ісіну анықталмаған.
- Жасөспірімнің анасына полиция қызметкерлері мен медицина қызметкерлері жағдайды түсіндіріп, дене жарақаты анықталмағанын хабарлады. Ертең осы жайт бойынша сот-медициналық сараптама жүргізіледі және оның нәтижесі қосымша хабарланады, - дейді психиатр.
Сондай-ақ психикалық денсаулық сақтау орталығының өкілі аталған мәселе қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бақылауында екенін мәлім етті.
Елорданың полиция департаменті баланы пышақтаған жасөспірімнің анасынан арыз түскенін растады.
- Жасөспірімнің дене жарақатын алу фактісі бойынша тексеру жүріп жатыр. Аталған факт Алматы ауданының полиция басқармасында тіркелді, оның нәтижесі бойынша шешім қабылданады, - делінген полиция департаментінің хабарламасында.
Еске сала кетсек, елордада жасөспірім лифті ішінде баланы пышақтап тастаған еді. Кейін белгілі болғандай пышақпен шабуылдаған жасөспірім арнайы есепте тұрған.
Дәрігерлер зардап шеккен балаға дереу ота жасап, психологиялық көмек көрсетті.
Қазір баланы пышақтаған жасөспірім психиатриялық стационарда.