Жәнібек Дәуренбеков, цирк әртісі: Жылқы деген техника емес

Қысқаша

Ат құлағында ойнайтын жас әртіс Жәнібек Жангелдіұлы Астана циркте өнер көрсетіп жүргеніне алты жылдан асты. Цирк өнерінің қыр-сырын жетік меңгерген жас жігіт жақында Қытайдың 20-ға жуық қаласында 9 айдан астам уақыт өнер көрсетіп, қазақ жігітінің, қазақ

1.jpg- Жәнібек, өзің жастайыңнан ауылда өскен баласың. Сенен, «ат спортына қалай келдің?» деп сұраудың өзі артық шығар...

- Ат десе, жылқы десе жүрегім өрекпіп, көңілім алаңдап кететін. Жақсы көруімнің себебі де жоқ емес қой. Ата-бабамыздың барлығы ат үстінде өтті. Ат үстінде өткен аталарымыздың рухы қанымызда әлі бар. Дегенмен біз ата-бабамыз ат үстінде өтті десек те, қазіргі кезде ат спортының дамуы кенжелеп қалған. Әсіресе 21 ғасырдың ұрпақтары үшін жылқы, мал шаруашылығы деген түсінік ескі көзқарас секілді. Бұл – өз ойым.

Ал өзімнің ат спортына келуіме осы атқұмарлығым себеп болды. Әсіресе маған ат құлағында ойнау, атөнері қатты ұнайды. 2012 жылы елордадағы «Астана цирк» мекемесіне жұмысқа келдім. Тұрлыбек Күнғожинов деген Қазақстанның еңбек сіңірген цирк артисі бар. Сол жігіттермен бірге жұмыс істедім, солардан үйрендім барлығын. Олар маған цирктің әліппесінен бастап, барлығын үйретті. Атпен жұмыс, оларды жаттықтыру, оларды сахнаға шығару, музыкамен жұмыс істеу, тіпті қарапайым ғана аттарды жемдеп, оның астын тазалап, үстін жууға дейін солардың тәлімін алдым.

Сол үйренгенімнің барлығын халыққа ұсынғым келді. Оның да сәті түсті. 2017 жылы Қытайға барып, еліміздің көк туын желбіретіп, қазақ халқының абыройын көтеріп қайттым. Қытай елінің 20-ға жуық қаласын араладық. Ол жерде өзіміздің аттарымызды, қазақ жылқысының кереметін таныта алдық.

- Аттарды өздерің апардыңдар ма?

- Иә, өзіміздің аттар. Бірақ бірнеше жылдың алдында барған ол жаққа. Нақтырақ айтсам, 2012 жылы өнер көрсетуге барған аттар сол жерде қалған болатын. Сол аттарды пайдаландық.


- Осы жолы да сонда тастап кеттіңдер ме?

- Иә, олар сол жерде бағымда тұрады.

- Атпен жұмыс істеу қиын ба?

- Әркімге әрқалай. Егер атөнерінің (джигитовка) техникасын меңгергендер үшін қиын емес. Бір-екі айда барлығын меңгеруге болады.


- Ал атөнерінің техникасы деген қандай болады?

- Аяқты түзу ұстау; ер үстінде дұрыс отыру; шауып бара жатқан аттың үстінде қимыл жасаған кезде қауіпсіздік пен жылдамдықты менгеру; сахнаға шығатын аттың характерін білу керек. Атөнерінде маңызды дүниенің бірі – ер. Еріңіз өзіңізге лайық әрі ыңғайлы болғаны орынды.


- Сен цирк өнерін оқыдың ба?

- Жоқ, оқымадым.

- Бірден циркке келіп, сол жерде барлығын менгеріп алдың?

- Иә. Барлығын сол цирк алаңынан үйрендім.


- Сен өзің үйреніп алыпсың. Ал нағыз цирк әртістерін дайындап, олардың өнерін шыңдау елімізде жолға қойылған ба?

- Әрине, бұған дейін Алматыда цирк әртістерін дайындайтын, енді Астанада да бұл өнердің майталмандарын дайындау қолға алынды. Әсіресе, осы ат спорты – атөнерінде өнер көрсететін жастарды оқытатын арнайы оқу орыны бар. Оның сыртында, бұл саланы дамыту мақсатында шетелде жүрген жастар да көп. Мысалы біз барған Қытай қалаларының өзінде 40-қа жуық қазақ жасы білім алып, өнер көрсетіп жүр.

- Цирк аттарын баптау, бағып-күту қиын ба?

- Циркте көбінде ерекше тұқымды аттарды пайдаланады. Содан болар олар тез үйренеді.


- Мысалы қандай тұқымдар?

- Менің бір байқағаным «Орлов желгіштері» мен «фриздер» цирктің сахнасына тез үйренеді. Олардың тез үйренуімен қатар, бойшаң, сымбатты, сырт бейнесі қанша сұлу болса, ішкі түйсігі де өте жоғары болады. Мен өзім «Орлов желгіштерімен» жаттықтым.