Марафон эстафетасы Кентаудан Созаққа табысталды

Қысқаша

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда қоғаммен байланысты орнату мақсатында сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Адал жол – честный путь» марафон эстафестасы Кентау қаласында қорытындыланды.

100.jpgСыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда қоғаммен байланысты орнату мақсатында сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Адал жол – честный путь» марафон эстафестасы Кентау қаласында қорытындыланды. Бұл жөнінде мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы Агенттігінің Түркістан облысындағы департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Іс-шара қала жастарының арнайы ұйымдастырған автошеруімен басталды. Қорытынды жиын Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайында өтті. Іс-шараға арнайы қатысқан ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысы Ғалым Тұрсынбаев марафонның мақсатымен көпшілікті кең көлемде таныстырып өтті. Марафонның мақсаты - мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне «мүлдем төзбеушілік» ахуалын жасау арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа бүкіл қоғамды тарту және сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету екендігін атап өтті. Қала әкімінің орынбасары Самат Расул марафон аясында көптеген іс-шаралардың өткенін айтып, көпшілікті жемқорлықтан бойын аулақ ұстауға шақырды. 

«Адал жол» өңірлік сыбайлас жемқорлыққа қарсы марафонына белсенді қатысқан сала мамандары алғыс хаттармен марапатталды. "Адал жол" марафон эстафетасын Кентау қаласы әкімінің орынбасары Самат Расулдан Созақ ауданынан келген делегация басшысы, аудан әкімінің орынбасары Бағдат Айдарбеков салтанатты түрде қабылдап алды. Марафон аясында Кентау қаласында 80-нен аса іс-шаралар түрлі форматта ұйымдастырылды. Олардың ішінде семинар кеңес, пікірталас алаңдары, дөңгелек үстел, кездесу, велошеру, автошеру, спорттық және мәдени шаралар бар. 

«Адал жол – честный путь» сыбайлас жемқорлыққа қарсы марафоны өңірімізде алғаш рет өткізілуде. Оған қала, аудандардағы жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен барлық мақсатты топтардың белсенділігімен өтуде. Шардара ауданынан бастау алған марафон, Мақтарал, Сарыағаш, Қазығұрт, Сайрам, Төле би, Ордабасы, Отырар аудандары мен Арыс және Кентау қалаларында өтті.