Донор облысқа айналу жолындағы нақты қадамдар

Қысқаша

Түптің түбінде Түркістан облысы республикадағы донор облыстар қатарынан ойып тұрып орын алады. Бұған оның әлеуеті жетеді. Түркістан өңірінің жанға жайлы климаты ауыл шаруашылығымен айналысуға өте тиімді.

88.jpgТүптің түбінде Түркістан облысы республикадағы донор облыстар қатарынан ойып тұрып орын алады. Бұған оның әлеуеті жетеді. Түркістан өңірінің жанға жайлы климаты ауыл шаруашылығымен айналысуға өте тиімді. Табиғат-Ана сыйлаған осы бір жайлы климатты тиімді пайдаланып жатқан түркістандықтар жеміс-жидек, көкөніс егіп өсіруден алдарына жан салмай отыр. 

Мысалы, биыл түркістандық шаруалар 500 мың тоннаға жуық өнімді Ресей, Беларусь, Латвия, Германия мемлекеттеріне экспорттаса, 1 млн. тонна тауар еліміздің солтүстік өңірлеріне жөнелтілді. Осылайша, шетелге экспортталған тауар арқасында Қазақстан бюджетіне кіріс кіріп, ел экономикасын жақсартуға ықпал жасады. Ал, енді жазы қысқа, қысы қатал солтүстіктегі бауырларға өнімдерін жөнелтіп, жанашар ағайын екендерін көрсетті.

Әрине, мұнша көлемде ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіру оңай емес. Мұның бәрі тамшылатып суару әдісі арқылы жүзеге асты десек болады. Облыста тамшылатып суғару әдісі жаңадан 6 406 гектарға ендіріліп, жалпы аумағы 64,4 мың гектарға жеткен. Сондай-ақ, 126,2 гектар жылыжай салынып, жалпы көлемі 1285,4 гектарға артқан.

Ауыл шаруашылығында негізгі капиталға тартылған инвестициялардың көлемі 9,1 млрд.теңгені құрады. Осының нәтижесінде 8 айда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 249 056 млн. теңгеге жетті. Бұл өткен жылғы тиісті кезеңімен салыстырғанда 3,6 пайызға артқанын көрсетеді.