Түркістанда жаңадан медициналық мекемелер бой көтереді

Қысқаша

Елбасы Жарлығымен құрылған Түркістан облысының орталығы – Шымкенттен Түркістан қаласына көшірілді. Енді бұрынғы облыс орталығында бірқатар ауруханалар Түркістанға көшу керек. Бірақ, бұл оңай шаруа емес. Шымкенттегі емдеу мекемелері қашан көшіп келеді деп

56.jpgЕлбасы Жарлығымен құрылған Түркістан облысының орталығы – Шымкенттен Түркістан қаласына көшірілді. Енді бұрынғы облыс орталығында бірқатар ауруханалар Түркістанға көшу керек. Бірақ, бұл оңай шаруа емес. Шымкенттегі емдеу мекемелері қашан көшіп келеді деп күтпей-ақ, оның ғимаратын тезірек тұрғыза берген абзал.

Мінекей, Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың айтуынша, келесі жылдан бастап жаңа облыс орталығында бірнеше аурухана мен емханалар, перзентханалар мен заманауи талапқа сай емдеу орталықтары бой көтермек. Бұл жөнінде ол бүгін облыс орталығында өткен «Денсаулық» фестивалінде хабарлады. 

— Жоспар бойынша облыс орталығынан 610 орындық облыстық көпсалалы аурухана салынады. Екіншіден, облыстық балалар ауруханасына қосымша 150 орындық ғимарат құрылысын бастау қолға алынып жатыр. Сондай-ақ, 500 келушіге арналған емхана мен облыстық қан және СПИД орталықтарының, туберкулезге қарсы және онкологиялық диспансердің құрылысы басталады. Бұл мақсатта жобалау-сметалық құжаттарына қажетті қаржы бөлінді. Медициналық мекемелердің жетіспеуі мәселесін шешу үшін жұмыстар жүріп жатыр. Шымкентте орналасқан клиникалар және балалар ауруханасы сол жақта қала береді. Облыстық туберкулезге қарсы және жүйке аурулары диспансері, екі бірдей перинаталдық орталық жұмысы жалғасады. Мұндай тәжірибе Алматы облысында да, Астанада да бар. Себебі, шалғай орналасқан Мақтаарал, Шардара сияқты аудан тұрғындарына Түркістанға қатынау қиынға соғады. Шымкенттегі бұрынғы облыстық денсаулық сақтау басқармасындағы екі кабинетте арнайы мамандарды қалдырып отырмыз,  — деді Мұқан Егізбаев. 

Енді келер жылдан бастап, киелі Түркістанда құрылыс жұмыстары қызу қарқын алмақ. Бұның барлығы – ел игілігі үшін салынады.