Талай әдеби шығармалар мен ақындардың өлеңіне арқау болған «қос аққудың махаббаты» хикаясы тағы да дәлелденді. Қарағандыда өлген серігінің жансыз денесін тастап кетпей, жанында бірнеше күн жатқан аққудың оқиғасы тұрғындардың жүрегін елжіретіп, әсерге бөледі, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.
Қарағанды тұрғыны Валерия Абай қаласы мен Вольный елді мекенінің арасындағы далада саңырауқұлақ тере жүріп, екі аққудың үстінен түседі. Оның біреуі өлі болса, екінші аққу сыңарын тастамай, жанында жатқан.
«Алыстан қарғалардың ақ нәрсені талап жатқанын көрдім. Жақындап келгенде өлген аққу мен оның жанынан кетпей, жан дауысы шығып, секіріп жүрген екінші аққуды көрдім. Екінші аққу әбден әлсіреген, бірақ өлген сыңарын тастап кетпеген. Қарғалар оны да талап жатыр екен. Бірден көмек шақырдым», - дейді Валерия.
Оқиға орнына облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының мамандары мен Қарағанды зообағының ветеринарлық тобы келген. Олар тірі аққуды ұстап, зоолог мамандарға табыстаған.
«Өлген құс электр сымына соғылған болуы мүмкін деген жорамал бар. Оның тұмсының астында жарақат бар. Екінші құс ұшып кетпеген, осы уақытқа дейін жанында болған. Олар жұппен өмір сүреді. Біреуі екіншісін тастап кетпейді», - дейді Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аймақтық инспекциясының маманы Евгений Протас.
Жұбын тастап кетуден бас тартқан аққу оған қарғалар шабуыл жасағанда да ұшып кетпеген. Мамандардың ойынша құс аштықтан әлсіреп қалған болуы мүмкін.
«Құстың бұл жерде жатқанына бірнеше күн болуы мүмкін. Оны ешкім нақты білмейді. Аққудың денсаулығына қарап қанша күн осындай жағдайда болғандығын айта алмаймыз. Дәрігер мамандар құстың оңалып кетуі үшін қолдан келгендерін жасайтын болады», - дейді Қарағанды зообағы директорының орынбасары Серік Ғабдуллин.
Аққудың тән жарасы жазылғанымен, жан жарасы жазылмасы анық. Себебі аққулар өз өмірлерінде тек бір ғана аққумен жұптасады. Олар өзі таңдаған серігіне өмір бойы адал болып өтеді. Киелі құстың екінші рет жұп құруы өте сирек. Дегенменде зоологтар жесір аққуға басқа зообақтардан сыңар іздеп көрмекке ниетті.