Түркістан облысында 2018-2019 жаңа оқу жылында 1 381 балабақша, 907 мектеп және 94 колледж жұмыс істейтін болады. Бұдан өткен жылмен салыстырғанда биыл білім беру нысандары 4-уге артқанын көруге болады.
Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықов мәлімдеді.
Оның айтуынша, өңірдегі білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде.
- Ағымдағы жөндеу жұмыстарына 105,5 млн. теңге қаралып, білім мекемелерінде әктеу, сырлау жұмыстары жүргізіліп, қазір олардың жартысынан көбі жаңа оқу жылына дайын. Барлық білім нысандарын 25 тамызға дейін аяқтау жоспарлануда. 2018 жылы 47 білім нысандарының күрделі жөндеу жұмыстарына облыстық және жергілікті бюджеттен 4,3 млрд теңге бөлінген. Оның 40-ы мектеп, 1-еуі мектеп-интернат, 6-ауы колледж, – деді басқарма басшысы.
2018-2019 оқу жылында өңірімізде 54915 бүлдіршін мектеп табалдырығын аттайды. Жаңартылған білім беру мазмұнына 3,6,8 сыныптардың көшуіне байланысты оқулықтарды сатып алуға және жеткізуге жергілікті бюджеттен 4,9 млрд. теңге бөлінді.