Биыл Отырар ауданында көптеген игілікті істер атқарылуда. Әсіресе, руханият саласында көптеген өзгерістер бар. Мемлекеттік гимн авторы, қазақ вальсінің королі - Шәмші Қалдаяқов ауылындағы Мәдениет үйі жанынан жаңа саябақ бой көтеруде. Мұнда Шәмші Қалдаяқовтың ескерткіші, өнерпаздар үшін ашық аспан астындағы сахна және демалушыларға арналған аяқ жолдар мен орындықтар салынады.
Қазіргі таңда күллі отырарлықтарды ақжолтай қуанышқа бөлеген көгілдір отынмен қамту аясындағы қарқынды бастамалар Ән аға ауылына да жетті. Жергілікті бюджеттен қаржы қаралып, газ құбырларын тарту ісі атқарылуда.
- Ауылдың мәдени келбеті мен көркін, абаттандыру ісін жандандыру Отырар ауданы әкімдігі күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі. Себебі, ұлы тұлға есімімен аталатын елдімекеннен туған топырақта түлеген Алаш ұлының, барша қазақ баласы мақтан тұтқан даңқты композитордың бейнесі, рухы, жан дүниесі, тарихи ізі сезілуі тиіс. Сонымен қатар, көгілдір отынмен қамту мәселесі Отырар өңірі үшін өте маңызды. Бірқатар ауылдарда, соның ішінде Шәмші ауылында газ құбырларын тарту жұмысы жүруде. Алдағы уақытта бірнеше ауыл көгілдір отынға қол жеткізетін болады, - дейді Отырар ауданының әкімі Айтаханов Ерлан Қуанышұлы.
Құрылыс жұмыстарына оң ықыласын білдірген халық жұмыла қолғабыс етуге де әзір екендіктерін айтады. Жаңаша қарбалас, тың өзгеріске қуанған тұрғындар мұндағы жұмыстар аяқталған сәттен бастап вальс королінің есімін ұлықтайтын концерттер мен түрлі жиындардың басым бөлігі Шәмші ауылында да көптеп ұйымдастырылатынына сенімді.