Түркістанда агроөнеркәсіп саласы дамымақ

Қысқаша

Бүгін Түркістан облысына жасаған сапары барысында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев өңірдегі агроөнеркәсіптік кешенін (АӨК) дамыту бағдарламасы мен инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы

207.jpegБүгін Түркістан облысына жасаған сапары барысында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев өңірдегі агроөнеркәсіптік кешенін (АӨК) дамыту бағдарламасы мен инвестициялық жобалардың іске асырылу барысын талқылауға арналған семинар-кеңеске қатысты.

Жиынға Түркістан облысының әкімі Ж.Түймебаев, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, аудан, қала әкімдері, ауыл әкімдері және ірі тауар өндірушілер мен кооператив төрағалары қатысты.

Мәжілісте ведомства басшысы саланы дамытудың перспективалық бағыттарын айтып, отандық тауар өндірушілерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау саясаты  жайына да тоқталды.

Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бағдарламасының орындалуы тікелей аудан және ауыл әкімдерінің міндеті екенін айтқан Ө.Шөкеев әрбір аудандағы қолданылмай жатқан егістік жерлерді қолданысқа енгізіп, суармалы жерлердің көлемін арттыру, қарқынды бау шаруашылығын дамыту және ауыл шаруашылық саласына инвестиция тартуды басты назарға алуды айтты.

Ауыл шаруашылығы саласына мемлекет тарапынан ауқымды қолдаулар көрсетіліп, агроөнеркәсіп кешенде жақсы нәтижелерге қол жеткізілгенін айтқан облыс әкімі алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар тиісті деңгейде орындалатынын жеткізді. Сонымен қатар аймақ басшысы ауыл шаруашылық саласында шешілмей жатқан мәселелерді қарайтын ортақ біріккен жұмысшы органын құруды ұсынды.

Жалпы АӨК-ні дамытудың мемлекеттік бағдарламасы Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауларында жүктелген стратегиялық міндеттерді, бірінші кезекте АӨК-дегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын кем дегенде 2,5 есеге ұлғайту міндетін іске асыруға бағытталған.

Семинар-кеңесте сондай-ақ, зәкірлік кооперация негізінде етті және сүтті мал шаруашылығын дамытудың маңыздылығы атап өтілді. Өңірлік салалық бағдарламалар шеңберінде өңірде 10 жылда бордақылау алаңдарының айналасында жалпы сүтті ірі қара мал басы 150 мыңнан асатын 3000 отбасылық ферма құрылатын болады. Қой басы 300 мың басқа дейін ұлғаймақ.