Дәурен Абаев Жапонияға іс-сапарында цифрландыру мәселесін көтерді

Қысқаша

Сонымен бірге, жапондық Toyota Tsusho алпауыт компаниясының атқарушы директоры М.Акиямамен екіжақты ынтымақтасу мәселелері талқыланды.

               

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Токиоға жұмыс сапары барысында Жапония Ішкі істер және коммуникациялар министрлігінің басшылары мен елдегі жетекші ғылыми-техникалық компаниялардың өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

                           

Абаев Жапония Ішкі істер және коммуникациялар министрі Сейко Нодамен кездесу барысында екі ел арасындағы ақпарат және коммуникациялар саласындағы байланысты дамыту мәселелерін талқылады. Соның ішінде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына ерекше назар аударылып отыр.

Сонымен қатар, қазақстандық делегация электрондық, компьютерлік техникалар, телекоммуникациялық құрылғылар құрастыратын, сондай-ақ мобильдік және тұрақты желілерге, кеңжолақты және корпоративті жүйелерге, IT және интернет құрылғыларға, метеорологиялық жер серіктеріне арналған бағдарламалар жасайтын NEC корпорациясының басшыларымен келіссөздер жүргізді.

NEC корпорациясы Toyota Tsusho компаниясымен бірге қазақстандық теміржол саласына адам келбетін танитын «Neo Face» технологиясын енгізуді жоспарлап отыр.

Йокосука инновация-зерттеу паркінің бас хатшысы Тетсуя Ясуимен келіссөз барысында YRP-мен «Astana Hub» IT-стартап халықаралық технопаркі арасындағы ынтымақтастық жөнінде алдын ала келісімге қол жеткізді.

Қазақстандық делегация Wireless Technology Park - 2018 халықаралық көрмесінде сымсыз технологиялар саласындағы соңғы жетістіктермен танысып, Fujitsu цифрлық трансформациялар компаниясының орталығына барды.

Сонымен бірге, жапондық Toyota Tsusho алпауыт компаниясының атқарушы директоры М.Акиямамен екіжақты ынтымақтасу мәселелері талқыланды.