Тоғыз жолдың торабында орналасқан Түркістан қаласында ежелден-ақ сауда-саттық қарқынды дамыған. Бүгінде тұрғындардың басым көпшілігі саудамен айналысады. Ал сауда бар жерде кәсіпкерліктің дамитыны айтпаса да түсінікті.
Жақында қала әкімі Рашид Абатұлы жеке кәсіпкерлер мен базар саудагерлерімен жолығып, алдағы өзгерістер жайлы ашық әңгіме өрбітті.
Халық арасында тараған қауесеттің алдын алып, нақты ақпарат беру мақсатында өткен жиынға қала прокуроры мен базар басшылығы қатысты. Саудагерлердің ұсыныстары тыңдалып, нақты жауап берілді.
Басты мәселе - адам өміріне келетін қауіптің алдын алу.
Қандай да бір қауіп төнген жағдайда өрт сөндіру, жедел жәрдем көліктері кіре алатындай етіп кеңейтіледі. Тамыз, қыркүйек айлары сауданың қызатын шағы екенін ескерген қала басшысы саудагерлердің саудасының тоқтамайтынын алға тартты. Алдағы уақытта жеке кәсіпкерлермен ортақ келісім жасалып, базардың қауіпсіз әрі көркем болуы жоспарланады. Сондай-ақ кәсіпкерлердің құқығы сақталатынын, мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетілетінін жеткізді.