Түркістан облысында «жас кәсіпкер» жобасының бірінші легіне 900-ге жуық адам қатысты. Кәсіп бастап, өзінің бағытын тауып, табысты болғысы келетін жастарға қолдау көрсетуді көздейтін бұл жоба, Түркістан қаласы мен облыстың 15 ауданын қамтыған. Жобаға қатысқан 900-ге жуық түлек өздерінің іскерлік дағдыларын дамытып, соңында бизнес жоспарларын қорғап, сертификаттарын алды
Солардың бірі, жоба тыңдаушысы Мереке Бижанова – көп балалы ана. Үйде отырып кәсіп ашуды көздеген келіншек, мал шаруашылығын дамытып, төрт түлік санын көбейтуді көздейді. «Бұл жобаның жастарға берері көп. Кәсіп ашуды бұрыннан ойлайтынмын. Неден, қалай бастау қажет екендігін білмейтінмін. Ендігі ойым қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, үй жанынан шағын шаруашылық ашып, дамытсам», – дейді жас кәсіпкер.
Ал, жас кәсіпкер Бекжан Тұрмановтың бөдене шаруашылығымен айналысу ойында бар.
«Жобаға қатысып өзіме деген сенімділігім артты. Жастар жылында жастарды қолдауға арналған осындай бағдарламалардың енгізілгендігі қуантады. Бөдене өсірумен айналысып, еті мен жұмыртқасын нарыққа шығарсам деймін», – деп бөлісті Бекжан.
Айта кету керек, аталған бағдарлама «Бастау» жобасының негізінде 18-29 жас аралығындағы қыз-жігіттерге бағытталған. Жобаға қатысқан түлектер өздерінің іскерлік дағдыларын дамытып, соңында бизнес жоспар жасап шығады. Сол бизнес жоспарлары арқылы жобаға қатысушы жастар өз бизнесін ашуға және грант түрінде бастапқы 200 АЕК (505 мың теңге), 8000 АЕК-ке дейінгі жеңілдетілген несиені жылдық 6%-бен алатын болады. Жалпы барлық қатысушыларға 19 753 теңге шәкіртақы төленеді.
«Түркістан облысында бұл жоба қатысуға ниет білдіруші жастар көп болды. Жастарды арнайы байқаудан іріктеліп алынған бизнес тренерлер оқытты. Үш апталық оқу қорытынды бойынша комиссия алдында өз бизнес жоспарларын сәтті қорғап шыққан түлектердің ендігі жоспары қаржыландыруға қол жеткізу. Ал біз өз тарапымыздан әрбір жас кәсіпкерге қолдау көрсететін боламыз», – деп атап өтті Қаржылай емес қолдау бөлімінің бастығы Жанна Тілеубекова.