Түркістан облысында жергілікті әкімдік пен қаржы ұйымдары тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсетілуде.
Осы мемлекеттік қолдаулар нәтижесінде өңірде кәсіпкерлікке бет бұрғандар саны артып келеді. Солардың бірі — Тұрғанбай Ахметов. Түркістан қаласының тұрғыны «Ырыс» микроқаржынан «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында 6 пайызбен 10 млн. теңге жеңілдетілген несиеге қол жеткізген.
Осы қаржыға бірнеше құрылғы сатып алып, «Датқа» деп аталатын жеке кәсіпорнын ашқан. Қазіргі таңда кәсіпкер тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеп, полиэтилен және пластикалық құбырға қажетті шикізат өндіруде. Алдымен келген қоқыстар конвейер арқылы бірінші секторға түсіп сұрыптаудан өтеді. Мүлдем жарамсыз деп танылғандары жойылады. Мұнан соң қоқыс барабанды сепараторға түсіп майдаланады. Қоқыс екінші қайтара сұрыптаудан өтеді. Баклашкалар арнайы контейнерлерге жіберіліп престеледі. Барлық қоқыстар ерітіледі. Зауыт өңделген қалдықтардан полиэтилен пленкасын шығарумен қатар, гранула түрінде пайда болған шикізаттардан түрлі өнім дайындап, оған екінші өмір сыйлау үшін пластмасса бұйымдарын өндіретін цехтарға, полипропилен трубаларын жасайтын т.с.с. зауыттарға жібереді. Зауыт басшысы қолданылған қытай аппаратын алып келуге өз қаражатынан 10 млн теңге жұмсаған. Сонымен қатар «Жұмыспен қамту – 2020» бизнесті қолдау бағдарламасы аясында 6%-бен шағын несие алған.Осы кәсібі арқылы ол 11 адамды жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта кардон қағаздарын өңдеуді қолға алмақшы.
Бизнесті тәуекелмен бастаған Тұрғанбай азаматтарға, қатарластарына кәсіп ашудан қорықпау керектігін айтады. Себебі біздің елімізде әрекет еткен адамға, бизнесті бастаған жанға қолдау көп дейді. Әрі кәсіп ашқан адам жергілікті экономиканың дамуына да тамшыдай болса септігін тигізетіні анық.