Түркістанда қос ауданның шаруалары бір-бірімен тәжірибе алмасты

Қысқаша

Түркістанда қос ауданның шаруалары бір-бірімен тәжірибе алмасты

1.jpg

Түркістан облысы Сайрам ауданындағы "Қарабұлақ" ауылы республикамыздағы етті мал өсіру бойынша алдыңғы қатарда тұрғаны көпшілікке белгілі.  

Қарабұлақтық шарулар бүгінде өз өнімдерін еліміздің ірі қалаларынан бөлек, Өзбекстан еліне де ірі көлемде саудалап жатыр. Қарашаның алғашқы жұлдызында мал шаруашылығы саласындағы озық тәжірибелерді үйрену үшін бір топ мақтааралдықтар «Қарабұлаққа» іс- сапармен барды. Ауданның әр округінен жиналған шаруаларды аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Өсер Мырзамданов пен осы бөлімнің бас маманы Талғат Каленов бастап жүрді. Бұл жөнінде аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.  

Мақтааралдық шаруалар жеке кәсіпкерлер Алимжан мен Бахтияр Шадықұловтарға тиесілі шаруақожалығындағы ірі қараны бордақылау кешенінде болды. Аумағы 70 соттық жерді құрайтын бұл кешенде ірі қараны бордақылауға қажетті барлық жағдайлар жасалыныпты. 

Мұнда бүгінде 200-ден астам өгіз бордақыланған. Сонымен қатар, сәуір айынан қара күзге дейін жылқы малы да бордақыланады. Мақтааралдық шаруалардың мал бордақылауға қатысты қойған сұрақтарына кешен иелерінен бөлек, "Қарабұлақ" ауылдық округінің мал дәрігері Бабур есімді азамат жан-жақты жауап берді. Бүгінде кәсіпкерлер Алимжан мен Бахтияр ірі қаралардың етін Жамбыл облысы, Алматы қаласы мен Өзбекстан Республикасына базардағы нарықтан 50-100 теңгеге арзанға саудалап жатқанын, сондай-ақ жергілікті ет сою орындары да өнімін жоғары бағамен сатып алатынын айтты. 

Кешен құрылысымен және малдарды бағылу жайымен танысып, өздерін қызықтырған сұрақтарға нақты жауаптар алған мақтааралдық шаруалар осы шараны ұйымдастырушыларға өз ризашылықтарын білдірді. Сондай-ақ, олар алған тәжірибелерін пайдаланып, ірі мал шаруашылығын құруды жоспарлап жүргендерін айтты.