Түркістан облысы білім саласындағы цифрландыру жүйесін республикада ең бірінші қолға алған өңір. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың қолдауымен жүзеге асқан бұл жүйе білім саласындағы ашықтық пен қолжетімділікке бағытталған. Бүгін бұл туралы Түркістан облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте білім басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Садықова мәлімдеді.
Оның айтуынша, облыстағы 1371 мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына 140 034 бала қамтылған.
– Бүгінгі таңда «Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына жолдама беру және кезекке қоюды автоматтандыру» жобасына - 481 мекеме, яғни 35 пайызы қамтылған. Balabaqsha.sitcen.kz порталына қосу арқылы 2018 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу жоспарлануда. Сонымен қатар, мектепке оқушыларды электронды қабылдау жүйесі бойынша ағымдағы жылдың шілде айынан бастап облыстағы 902 мектептің барлығы mektep.sitcen.kz порталы арқылы білім беру ұйымдарына құжаттарды қабылдау сынды қызметтер автоматтандырылды. Аталған жүйе Түркістан облысының барлық аудандарындағы мектептерінде қосылып, бүгінгі күні жүйе арқылы 54 751 оқушы электронды түрде 1-ші сыныпқа қабылданды, – деді Ардақ Мәдіханқызы.
Жүйенің тиімділігі ата-ана мектепке бармай-ақ үйінде отырып қалаған мектебіне 1-ші сыныпқа қабылдауға өтініш беріп, өтінімнің қабылданғаны туралы хабарлама ала алады. Және ең бастысы бала-шағасын балабақша, мектепке орналастыруда ешкімге пара бермейді. Бәрі мөлдірлікті қамтамасыз ететін жүйенің арқасында заң шеңберінде жүзеге асады.