Бірлік бар жерде, тірлік бар

Қысқаша

Бірлік бар жерде, тірлік бар

00.jpg

Кез-келген мемлекеттің басты стретегиясы – ел ішіндегі татулықты сақтау болып табылады. Қазақ халқы қашаннан да бауыры кең, құшағы ашық ел болғанын барша жұрт біледі. Қазақ халқы дінде де ешкімге зорлық көрсетпейді.  

Міне, бүгін Отырар аудандық орталық кітапханада 18 қазан – Рухани келісім күніне орай дөңгелек үстел өтті. Елдің бірлігі мен татулығын насихаттау мақсатында өткен мерекелік шараға аудандағы мешіттердің имамдары мен мекеме қызметкерлері қатысты.  

Жиында аудан әкімінің орынбасары Пердехан Жаппарқұлов: 

– Халқымызда «Бірлік бар жерде, тірлік бар» деген сөз бар. Дәулеті өскен, сәулеті келіскен бүгінгі Қазақстанның толағай табыстары – ынтымағымыз бен ырысымыздың берген жемісі деп білеміз. Біздің бірлігіміз төзімділікке, адамды сүюге, қайырымдылыққа шақыратын жоғары адамгершілік мұраттарға негізделген. Бүгінде Қазақстанда халықаралық қауымдастық мойындаған татулық пен бейбітшіліктің ерекше үлгісі қалыптасты. Еліміздің өзара келісімге негізделген бағыт-бағдарын әлем жұртшылығы жоғары бағалауда. Міне, осындай сыйластық пен үйлесімділікке негізделген ізгі ниетімізді кейінгі ұрпақ бойына сіңіру ассамблея мүшелері мен конфессия өкілдерінің мерейлі міндеті болуы қажет, - дей келе, бүгінде қол жеткізген жетістіктердің барлығы бейбітшілік пен бірліктің алтын арқауы екендігін тілге тиек етті. 

Жиын барысында қоғамдағы рухани келісімнің негізі саналатын дұрыс діни тәрбие беру мен конфессияаралық қарым-қатынас этикасына қатысты бірқатар мәселелер талқыланды. Ауданның бас имамы Әлижан Бекбауов исламның негізгі аспектілеріне тоқтала отырып, жастардың түрлі жат ағымдардың жетегінде кетуіне жол бермеу керек екенін айтты. 

Шара барысында ауданымыздың руханият саласына еңбек етіп, жастар мен аудан тұрғындарын бірлікке, ынтымаққа шақырып, аймақтың рухани дамуына үлес қосып келе жатқан бір топ азаматтар арнайы алғыс хаттармен марапатталды.