Жаңа идеологтан жұрт жаңалық күтеді

Қысқаша

​Түркістан облысы әкімінің идеология саласына жауапты орынбасары Ұласбек Сәдібеков қызметінен кетті. Шенеуніктік карьерасында басқарма басшысы, екі ауданда әкім, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында бірінші орынбасар болған Мәжіліс депутаты атанған

cb9e6bfa-f23c-40bc-aa0f-99acc2b78969.jpgӘдетте босаған орынға кадрды ұзақ талғап, ұзақ таңдайтын, кей креслоларды жылдап (мәселен облыста мәдениет басқармасының басшысыз тұрғанына 1 жыл 3 ай өтіпті) қаңтарып қоятын Жансейіт Түймебаев осы жолы көп күттірген жоқ. Бос орынға кадрды бірден тағайындады. Жаңа орынбасар теңіздің арғы жағынан келді демесеңіз, Жамбыл облысы Байзақ ауданының тумасы. Әлі қырықтың қырқасына шықпаған жігіт. Бұған дейін Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің Үшінші хатшысы лауазымын атқарыпты. Бұл қызметке 2016 жылғы сәуір айында, яғни сол кездегі елші Жансейіт Түймебаевтың тұсында тағайындалған. Яғни, кездейсоқ келген кадр емес, Түймебаевтың төл кадры десек, артық айтқанымыз емес.

Мәлік Нұржанұлы бесаспап маман. Жазушы, драматург, аудармашы, журналист һәм шенеунік.  Жазушылар Одағының мүшесі, Одақтың басқарма мүшесі және хатшысы қызметтерін атқарған. Қазақстан Жастар Одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты, басқа да көптеген сыйлықтардың, медальдардың иегері. Алматы облысы Жамбыл ауданының Құрметті азаматы. Оның дипломатиялық шені де бар болуы мүмкін.

Еңбек жолы қарапайым. Университетте аспирант, журналда жауапты хатшы, бас редактор, Мәдениет және спорт министрлігінің ТҮРКСОЙ ұйымындағы өкілі қызметін атқарған.

«Ойқазан» деп аталатын алғашқы кітабы 2010 жылы жарық көріпті.  «Бір қайыры бар дүние» атты жаңа жинағы жарық көргелі көп бола қойған жоқ. 2017 жылы «Баянды бақ» атты пьесасын Атырау облыстық Махамбет атындағы драмалық театры сахналады. Бұл спектакль ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандырылған көрмесі аясында М.Горький атындағы драмалық театрында қойылды. Отарбаев қазақтың мүйізі қарағайдай көп ақын-жазушыларының, атап айтқанда Сүйінбайдың, Ш.Мұртазаның, Н.Оразалиннің,  Т.Медетбектің, Ұ.Есдәулеттің, Р.Отарбаевтың, Н.Ораздың, Т.Нұрмағамбетовтың басқа қаламгерлердің еңбектерін түрікше сөйлетіпті. Түріктің біраз классиктерін қазақшалапты.

Облыстың бас идеологы міндеті жүктелген адамның  руханияттан қара жаяу болмайтыны айтпаса да белгілі. Бұған дейін бұл орынтақта  отырғандардың арасында  Дархан Мыңбай журналист, ал Әли Бектаев ақынжанды азамат ретінде танылып, өздерін мықты идеолог ретінде мойындатты. Сәдібеков те жазушы Мархабат Байғұттың теңеуімен сөзімізді сабақтасақ халық арасында «Ұнасымды Ұласбек» деген қоғамдық пікір қалыптастырып, жақсы тірліктерімен көзге түсті.  Енді міне, тізгін жазушыға бұйырды. Жазушыдан жақсы идеолог шығатын болар деп жұрт бұл тағайындауға жылы қабақ танытып жатыр. Қысқасы жаңа идеологтан жұрт жаңалық күтеді.  Не де болса іске сәт дейміз.

 Түймебаев екі жылдық әкімдік қызметінде бес орынбасарының осыменен төртеуін жаңартты. «Төртеу түгел болса төбедегі келеді» демеуші ме еді мұндайда атам қазақ.