Жоба Словения мемлекетіндегі кәсіпкер әріптестермен бірлесіп жүзеге асырылмақшы. Жобаны жүзеге асыруға үміткер 4 инвестициялық компанияның ішінен «Дән» компаниясының ұсынысына оң қабақ танытылған.
Келер жылдың көктемінде сметалық құжаттамалары дайындалып, күзге қарай құрылыс жұмыстары қолға алынбақшы. Жылу электр орталығын бес жылдан кейін пайдалануға беру жоспарланған. Жалпы жарамдылық мерзімі 30 жыл.
Словениялық «Лока инжиниринг» компаниясы Ресейде осындай жылу электр орталықтарын салумен айналысса, «Дән» компаниясы ГРЭС, ТЭЦ-тердің жобаларын жасаумен шұғылданыпты.
«Көкшетауда салынатын жылуэлектр орталығының қуаттылығы 180 Мвт және 450 Гкал болады. Бұл облыс орталығындағы тұрғын үйлер мен өнеркәсіп нысандарын толық қамтамасыз етуге жеткілікті. Бүгінгі таңда жер телімі мәселесі шешілуде. Жаңа орталық қазіргі №1 және №2 бу қазандықтарының маңында бой көтермек», - дейді серіктестік директоры Нариман Битақов.
ЖЭО құрылысы шамамен 176 миллиард теңгеге бағаланып отыр. Мамандардың айтуынша, бастапқыда көмірмен жағылады, кейін өңірге көгілдір отынның келуімен газға ауыстырылмақ.
«Жаңа жылу электр орталығының тұрғындарға ұсынатын тарифі қазіргіден жоғары болмайды. Жалпы құрылыс жұмыстарына 700-ден 1000 адамға дейін тарту көзделген. Ал, пайдалануға берілген кезде 600 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Қазақстанда тұңғыш қолға алынып отырған жылу электр орталығының құрылыс жұмыстарына шетелдік және жергілікті мамандар тартылмақ», – дейді Нариман Битақов.
Жылу электр орталығының монтажын жасап, қазандықтарын орнату жұмыстарына арнайы білікті мамандар шақыртылмақ. Жылу электр орталығын пайдалану кезінде жылыжай кешені мен темір-бетон бұйымдарын дайындайтын зауыт салу сияқты қосымша жобалар құру да жоспарланып отыр.
Мердігер компания өкілдері сапалы әрі тиімді кешен салынатынына сендіріп отыр. Ең бастысы, сең қозғалды. Көкшетаулықтардың ыстық суға қолы жетіп, жылуға жаритын күні алыс емес сияқты.