Үшінші мегаполис даму моделін өзгертуі тиіс

Қысқаша

Еліміздің үшінші мегаполисі мәртебесіндегі Шымкенттің даму стратегиясы әрдайым Елбас

114.jpgЕліміздің үшінші мегаполисі мәртебесіндегі Шымкенттің даму стратегиясы әрдайым Елбасының назарында екені бұл жолы да өз дәлелін тапты. Шырайлы шаһарға  арнайы сапармен келген Мемлекет басшысы қала активімен кездесіп, мегаполистің алдында заманауи әдістер мен жетілдірілген стратегияны талап ететін жаңа міндеттер тұрғанын атап өтті. Бұл тұрғыда Шымкент тек Қазақстан емес, Орта Азия кеңістігіндегі маңызды орталықтардың біріне айналуы тиістігі айтылды.  

– Шымкент Орталық Азияның мықты экономикалық орталығына, тұрғындары мен қонақтары үшін қолайлы жағдай жасалған үлкен әрі тартымды мегаполиске айналуы керек. Қаланы дамытудың жаңа стратегиясы осы өңірде ірі өнеркәсіптік, инновациялық, туристік, сауда және логистикалық орталық қалыптастыруға бағытталуы қажет. Еліміздің бір миллионнан астам халқы бар үшінші мегаполисіне айналған Шымкент Астана мен Алматы қалалары сияқты өзінің даму моделін өзгертуге тиіс. Қалада болашағы бар бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр және жоспарланғандары одан да көп. Сондықтан, Шымкенттің одан әрі даму жолдарын талқылап, стратегиясын айқындауымыз қажет, - деді Президент.

Осы сөздерінен-ақ Шымқалаға ерекше үміт артып, кемел келешегіне сенетінін білдірді. Ол шаһардың шағын және орта кәсіпкерлік саласын, сонымен қатар жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика, құрылыс және медициналық қызмет көрсету саласындағы кластерлер мен кәсіпорындарды дамытудың маңызды екенін айтты. Заманауи мегаполиске айналудағы тағы бір маңызды міндет – білім мен ғылымды дамыту. Бұл ретте Елбасы Назарбаев Университетінің және Инновациялық технологиялар паркінің үлгісімен заманауи инновациялық орталықтар құру қажеттігіне тоқталды. Сондай-ақ, қалада «ақылды технологияларды» дамыту бағытында белсенді жұмыстар атқарылуда.

Жалпы, Шымкентке қатысты бұрыннан айтылып келе жатқан мәселе – қаланың 2200 жылдық тарихы. Шаһардың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне арналған кеңесте қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов осы тақырыпты тағы да қозғап,  Президенттен қала күнін белгілеуді сұрады.

- Тарихшылар Шымкент қаласының іргесі қаланғалы 2200 жыл болды деп дәлелдеп жатыр. Қазір ЮНЕСКО-ға да арнайы құжаттарды дайындаудамыз. Бірақ қаншама ғасыр өтсе де, қаламыздың ресми күні әлі белгіленбеген. Қаламыздың ерекше мәртебесін өзіңіз арнайы жарлықпен 19 маусым күні бекіттіңіз. Осыған байланысты, қала жұртшылығы қала күнін осы мерзімге белгілеуді ұсынып отыр, - деді Ғ.Әбдірахымов.

Бұл бастамаға Мемлекет басшысы қолдау көрсетуге қарсы еместігін білдіріп, әуелі қала күнін нақты тарихи деректерге негіздеу қажеттігіне мән берді. 

2020 жылы Шымкент ТМД елдерінің мәдени астанасы болып жарияланғаны белгілі. Қала басшылығы қазірден-ақ осы маңызды міндетті атқаруға дайындық бастап кетті. Бұл ретте қаланың туристік әлеуетін өркендетудің маңызы арта түсетіні сөзсіз. Мегаполистің туристер үшін тартымды орталыққа айналуы тиістігін қадап айтқан Президент  Шымкенттің халықаралық байланыстарын нығайту қажеттігіне мән берді.

- Шаһар барлық бағыттар бойынша жүйелі дамуы керек. Халықаралық ықпалдастықты да ілгерілету қажет. Ресей Федерациясымен бірлесіп өткізілетін өңіраралық форумдар сияқты Өзбекстанмен де осындай іс-шараларды жоспарлап, тұжырымдамасын пысықтау керек. Үкімет қала әкімдігімен бірлесіп, Шымкентте халықаралық деңгейдегі іс-шараларды өткізу жоспарын әзірлеуге тиіс. Сәулет және қала құрылысы нормаларының бұзылуына жол бермеу, ретсіз құрылысты тоқтату және бір қабатты үйлердің құрылысын азайту маңызды болып отыр. Сонымен қатар, тозығы жеткен ескі үйлерді бұзып, босаған жерлерді тиімді пайдаланып, орнына заманауи саябақтар, спорт алаңдарын, көп қабатты тұрғын үй кешендерін, бизнес орталықтарын салу қажет, - деді Н.Назарбаев.

Жұмыс сапарының барысында Мемлекет басшысы Халыққа қызмет көрсету орталығы, Жұмыспен қамту орталығы, Көші-қон қызметі және Азаматтардың хал актілерін жазу бөлімі (АХАЖ) орналасқан әлеуметтік қызмет көрсету орталығын аралады. Бұл орталық қала тұрғындарына ғана емес, сонымен қатар шетелдік инвесторлар үшін цифрлық форматта мемлекеттік қызмет көрсетуге бағытталған.

Ел Президентіне экономиканың түрлі секторларын, соның ішінде агроөнеркәсіп кешені, білім, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, денсаулық сақтау, көлік және қауіпсіздік салаларын цифрландыру жобаларының іске асырылуы жөнінде баяндалды.

Баяндаманы тыңдаған соң Нұрсұлтан Назарбаев халыққа мемлекеттік қызмет көрсету ісінің сапасын арттыру және жеделдету үшін цифрландыру бағдарламасын жүзеге асырудың маңызды екенін ерекше атап өтті.

– Шымкент ірі мегаполиске айналады. Мұнда жаңа жобалар іске асырылуда. Шымкенттіктердің еңбекқорлығы – қаланы дамытудың кепілі. Жұмыстың ең маңызды бағыты – шағын және орта бизнес. Оны дамыту үшін тиісті қолдау көрсету қажет, – деді Қазақстан Президенті.