Былтыр Ресейде мемлекетке қарсы қылмыс пен тыңшылық жасағаны үшін 170-ке жуық адам сотталды. Сондай-ақ шетелдермен жасырын ынтымақтастық жасады деп айыпталғандардың саны 10 есеге өскен. Бұл туралы Сот департаментінің ақпаратына сүйене отырып, «Важные истории» хабарлады.
Ресейде 2024 жылы мемлекетке опасыздық жасағаны үшін 145 адам сотталды (РФ Қылмыстық кодексінің 275-бабы).
Бұл 2023 жылғы көрсеткіштерден төрт есе көп және қазіргі Ресей тарихындағы барлық көрсеткіштен жоғары екені атап өтілді.
Бір жыл ішінде соттар 23 ресейлікті тыңшылық жасағаны үшін түрме жазасына кесті (Қылмыстық кодекстің 276-бабы) — 2023 жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп. Егер жоғарыда аталған екі бап бойынша сотталғандар саны қосылса, Ресей соттары өткен жылы «мемлекетке опасыздық жасады» деген айыппен күнара бір адамды түрмеге кесті.
Шетелдік мемлекеттермен жасырын ынтымақтастық жасағаны үшін сотталғандардың саны 10 есеге өсті. 2024 жылы осы бап бойынша 21 ресейлік кінәлі деп танылды. Бұл баптың өзі Ресей Украинаға әскери операцияларды бастағаннан кейін Қылмыстық кодекске енгізілген.
Сондай-ақ мемлекеттік құпияға қатысты баптар бойынша сотталғандар да саны артты. Өткен жылы аталған айыппен 209 адам сотталды, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 30 пайызға артық.
RTVI жариялаған статистикаға сәйкес, былтыр кем дегенде 28 адам тыңшылық жасағаны үшін сотталған. Оның 18-і Украина, 7-еуі Ресей, 2-еуі АҚШ азаматы.
Дереккөз: ҚазАқпарат