Емшек сүтінің жеке банкі: елімізде алғаш рет шала туған балаларға тиімді жоба іске аспақ

Қысқаша

сауылған табиғи (шикі) сүтті сақтауға болады.

image.png

Алматы қаласының Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында Қазақстан Республикасында алғаш рет жаңа жоба іске қосылды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мәлім етті.

Маңызды әлеуметтік жобаны ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен AYALA қайырымдылық қоры іске асырып отыр. Табиғи тамақтануды тікелей анасынан ала алмайтын ерекше медициналық қажеттіліктері бар шала туған және жаңа туған нәрестелердің өмірін сақтауға бағытталған жоба.

— Емшек сүтінің жеке банкі — бұл қарқынды терапияны қажет ететін жаңа туған нәрестелерді қолдауға бағытталған маңызды бастама. Аурухана жағдайында, нәресте әртүрлі себептермен анасынан емшек сүтін ала алмаған кезде (мысалы, қиын босану кезіндегі медициналық көрсетілімдерге байланысты), мұндай банк таптырмас ресурсқа айналады. Реанимациядағы жаңа туған нәрестелерінен мәжбүрлі түрде бөлінген аналарға қолдау көрсету өте маңызды. Емшек сүтін қауіпсіз сауу және сақтау процесін ұйымдастыру нәрестелерді құнарлы тамақпен қамтамасыз етіп қана қоймайды, сонымен қатар лактацияны сақтауға, аналардағы стресті азайтуға және ауыр, қиын босанғаннан кейін де баламен байланысын нығайтуға көмектеседі, — делінген хабарламада.

Емшек сүтінің жеке банкін ашу — неонаталдық қызметті жетілдірудегі өте маңызды қадам

Емшек сүтін сауу мейіргердің бақылауымен міндетті таңбалануы бар стерилді жеке ыдыстарда (сауу күні мен уақыты) жүзеге асырылады. Жеке және клиникалық емшек сорғыларын пайдалануға рұқсат етіледі. Барлық іс-шаралар санитариялық-гигиеналық нормаларды сақтай отырып жүргізіледі. Банк стерилді ыдыстарға жиналған және емшек сүтімен қоректендіру мүмкін болмаған кезде баланы тамақтандыру үшін төмен температурада сақталатын сауылған сүт қоры болып табылады.

Мұнда салқындатылған (4 ± 2 °C температурада сақталған) және мұздатылған (-18…-20 °C температурада) сауылған табиғи (шикі) сүтті сақтауға болады.

— Болашақта Денсаулық сақтау министрлігі жоғары қауіпті факторлары бар жүкті әйелдер келетін және шала туған және салмағы аз балалар туатын елдің әрбір 3-ші деңгейдегі перинаталдық орталығында осындай банктер ашуды жоспарлап отыр. Емшек сүті жаңа туған нәрестелер үшін оңтайлы қоректендіру ретінде танылады: оның құрамында баланың толық өсуіне, дамуына және тұрақты иммунитетін қалыптастыруға қажетті қоректік заттар мен ферменттердің тамаша теңдестірілген кешені бар. Оның бірегей құрамы инфекциялық аурулардан қорғауды қамтамасыз етеді және ұзақ мерзімді денсаулықты қалыптастыруға ықпал етеді, — деп хабарлады ведомстводан.

Бұл жоба ДДҰ бастамасы бойынша жыл бойы өткізілетін Денсаулық күніне арналған іс-шаралар шеңберінде: «Саламатты өмірдің басталуы — берекелі болашақтың кепілі» ұранымен іске асырылды. Жоба сонымен қатар аналар мен жаңа туған нәрестелердің денсаулығын сақтау жөніндегі халықаралық ақпараттық науқанның бөлігі болды.