Мұндай шешім жыл сайынғы корпоративтік саясат қайта қаралғаннан кейін қабылданды, деп жазады ВВС.
Google жаңа қызметкерлер жалдау процесінде әртүрлілік, теңдік және инклюзия (DEI) саясатынан бас тартқан АҚШ-тың тағы бір компаниясы болды. Олар сонымен қатар осы саладағы басқа да бастамаларын қайта қарастырып жатыр.
– Біз барлық қызметкеріміз табысқа жетуге және тең мүмкіндіктерге ие болатын жұмыс орнын құруға дайынбыз, - деді Google өкілі.
2021 жылдан 2024 жылға дейін компания DEI ережелерін жұмысының ажырамас бөлігіне айналдыру міндеттемесін алды. Алайда компанияның сәрсенбі күні жариялаған соңғы есебінде бұл ереже мүлде жоқ.
Google әртүрлілік саясатының бағытын өзгерткен тағы бір ірі корпорация болды. Meta, Amazon, Pepsi, McDonald’s, Walmart және басқалары бұрын DEI бағдарламасынан бас тартқан.
АҚШ президенті Дональд Трамп және оның жақтастары DEI саясатын үнемі сынға алып келеді. Екі апта бұрын Ақ үйге оралғаннан бері Трамп мұндай бастамаларды мемлекеттік органдардан алып тастауды бұйырды.
Өткен аптада АҚШ президенті Вашингтондағы ұшақ апатына DEI саясаты себеп болуы мүмкін екенін айтты.