Шымкент экономикалық өсім жағынан республикадағы динамикасы жоғары өңірлердің қатарынан саналады. Соған байланысты бүгінде шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны күрт артып келеді. Демографиялық өсімі жылдан-жылға жақсарып келе жатқан шаһарда шағын және орта кәсіпкерліктің өркендеуінің нәтижесінде жастардың жұмысқа орналасуы немесе біліктілігін арттырып, қосымша курс оқып түрлі салада қызметке араласуы оңай шаруаға айналды. Бұл тұрғыдан алғанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің жыл сайынғы Жолдауларында жастар мәселесіне айрықша назар аударады.
Мәселен, «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты кезекті Жолдауларының бірінде Мемлекет басшысы: «Басты міндет – жалпы адамзатқа ортақ қастерлі құндылықтарды жастардың бойына сіңіру. Отаншылдық, білімге құштарлық пен еңбекқорлық, бірлік пен жауапкершілік сияқты қасиеттер дәріптелуі керек» деген болатын.
Президенттің Жолдауда айтқан тапсырмалары бойынша мегаполисте қандай жұмыстар атқарылып жатыр деген сауал төңірегінде қалалық ішкі саясат және жастар істері басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Мағжан Исаховтан біраз мағлұмат алдық.
Сонымен жастар жетекшісі мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында Шымкент қаласында 13 бағыт бойынша жылдық жоспар түзіліп, оған 200 мыңнан астам жас қамтылғанын жеткізді.
Бүгінгі таңда мегаполисте жастар мәселесіне қатысты фронт-офис кеңсесі қызмет көрсетеді. Аталған мекеме шаһардағы 10-нан астам волонтерлік ұйымдармен және жоғары, орта арнаулы оқу орындарымен тығыз жұмыс атқарады. Осы волонтерлік ұйымдармен «Жанға жылу» акциясы аясында қаладағы аз қамтамасыз етілген 1000-ға жуық отбасыға азық-түлік себеттері таратылды. Сонымен бірге «Birgemiz: Qamqor» жалпыұлттық жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік себеттері үлестіріліп, «Харекет» қайырымдылық қоры мен «Ізгілікте жарысайық» қоғамдық қайырымдылық қорлары жыл басынан бері асыраушысынан айырылған көпбалалы отбасыларға баспана кілтін табыстады.
Мегаполисте жастардың уақытын тиімді өткізу мақсатында түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Олардың қатарында ағылшын тілі , шешендік өнер, спорттық, домбыра, психологиялық, тәтті гүлдер, «Батыл бол» үйірмелері мен «Relax club» дамыту орталығы бар.
Айта кеткен жөн, қаланың әр ауданынан «Жастар ресурстық орталықтары» ашылған. Олардың әрқайсысы туралы жеке-жеке айтып өтсек, Еңбекші ауданындағы орталық 2021 жылдың 1- қазанынан бері жұмыс істеп келеді. Онда көптеген бағыттар бойынша 14 пен 29 жас аралығындағы жастарға қызметтер көрсетіледі.
Абай ауданында тұратын халықтың жалпы саны – 330 мың адам. Оның ішінде 67 мыңнан астамын жастар құрайды. Яғни аудан халқының 20,5 пайызы жастардың үлесінде. Бүгінгі таңда аудан жастары осы аумақтан ашылған ресурстық орталықта бос уақыттарын тиімді өткізіп, үйірмелерден көп нәрсе үйреніп пайдалы іспен айналысып жүр.
Биыл алғаш рет «Жастар ресурстық орталығы» КММ мамандарын аудандарға бөліп жастармен жұмыс жүргізудің индикаторы бекітілді. Сондай-ақ, аудандарда жастардың шоғырланып жиналатын, олармен жұмыс жасауға қолайлы орындарға талдау жұмыстары ұйымдастырылды.
Қаратау аудандық «Жастар ресурстық орталығы» да 2021 жылдың қыркүйек айынан бастап жұмысын бастаған-ды. Орталық 2 қабаттан тұрады және бір мезетте 150 адамға дейін қызмет көрсетн алады. Ғимарат арнайы COWORKING алаңымен және шағын кітапханамен жабдықталған. Орталық мамандары талантты жастарды, еріктілерді қолдау, психологиялық кеңес беру бағыттары бойынша жұмыс жүргізеді. Жыл басынан бері Қаратау аудандық әкімдігі жастар саясатын қолдауға байланысты 150-ге жуық іс-шара өткізді. Сонымен қатар, орталық жанынан қыш құмыра жасау, домбыра тарту, би өнері секілді үйірмелер ашылды.
Әл-Фараби ауданының аумағы Шымкент қаласының орталығында жатқандықтан мәдениет және спорт ошақтары, ойын сауық орталықтары мен демалыс орындары көптеп орналасқан. Сондықтан да аудан жастарына түрлі шығармашылықпен айналысуға, өзін-өзі дамытуға мүмкіндік мол.
Өз кезегінде аудан әкімінің жанынан құрылған учаскелік комиссия материалдық әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды анықтау және сол отбасылардағы жастардың жағдайын білу мақсатында үйлерді аралап, зерделеу жұмыстары жүргізіп, әлеуметтік көмек көрсетуде.
Сондай-ақ жастардың бос уақытын тиімді өткізу үшін аула чемпионаттарының кестесі бекітіліп, 73 спорт алаңшасында апта сайын спорттық жарыстар ұйымдастырылып келеді. Ал асық ату, ләңгі тебу, белтемірге тартылу, баскетбол, арқан тартыс, секіру сынды спорт түрлерінен бақ сынасып, жеңімпаз атанған балалар мен жастар алғыс хаттармен және түрлі сыйлықтармен марапатталады.
Сонымен бірге халықтың сүйікті демалыс орындары 7 саябақта жастардың уақытын тиімді пайдалануы және спортпен шұғылдануы үшін тренажерлық құралдар орнатылған.
Жоғарыда аталған 4 ауданның ресурстық орталықтарында шығармашылық бастамаларды демеу, мемлекеттік қолдау бағдарламаларын түсіндіру, еріктілікке тарту, қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу, психологиялық жәрдем беру және салауатты өмір салтын қалыптастыру бойынша жастарға қызметтер көрсетіледі. Осындай қолдаудың бір түрі коворкинг орталығында жүзеге асырылады. Онда бастауыш жас кәсіпкерлер, бағдарламашылар, дизайнерлер, фрилансерлер және медиа контентпен жұмыс істеушілердің қолайлы еңбек етуіне жағдай қарастырылған. Ресурстық орталықтың кітапхана қорынан «Елбасының еңбектері», «Түркі әлемінің тарихы» және «Әлем әдебиеті», сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аударылған «100 жаңа оқулықтар» және жастарға қатысты әлемдік әдеби-тарихи оқулықтарды табуға болады. Сонымен бірге жоғарыда айтып өткеніміздей, келеңсіз әрі қиын өмірлік жағдайға тап болған немесе жат қылықтардың алдын алу мақсатында мегаполис жастарына психологиялық кеңестер беріледі.
Өз кезегінде жергілікті әкімдік тарапынан биыл жыл басынан бері шымкенттік жас өрендердің таланттарын шыңдау, бастамаларына қолдау білдіру және бойларына патриоттық сезімді ұялату бағытында бірнеше ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Солардың ішінде атап өтсек, жас ақындар арасындағы республикалық «Күміс қалам - 2022» байқауы . Қалалық ішкі саясат және жастар істері басқармасы "Жастар ресурстық орталығы"КММ-нің ұйымдастыруымен өткен бұл байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен талантты жас ақындар қатысты. Байқаудың негізгі мақсаты сол – тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктерді насихаттау, әдеби үрдісте дарынды жас ақындардың жарқырап көрінуіне жол ашу. Сондай-ақ жас таланттар мен оқырмандардың, әдебиеттегі аға буын мен жас толқынның ұрпақтар сабақтастығын жалғау және олардың ақындық қабілеттерін шыңдау болды.
Мүшәйрада сөзден маржан терген ақындарға «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Қалқаман Сарин, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ханбибі Есенқарақызы, ҚР жазушылар одағының мүшесі Бақытжан Алдияр, «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебінің ұстазы Абай Қалшабек, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының» мүшесі Бекмұрат Анарбаев қазылық етті. Ел Тәуелсіздігінің жетістіктерін жырларына арқау еткен мүшайрада қазылар алқасының шешімімен «Күміс қалам» поэтикалық дуэлінің бас жүлдесі Шымкент қаласының жас ақыны Арайлым Мұраталиева ие болды.
Сондай-ақ Халықаралық жастар күнiне орай мегаполисте волонтерлық бастаманы оқытуға арналған семинар-тренинг өтті. Мұндағы мақсаты – білім алушылардың бойында көшбасшылық, жауапкершілік қасиеттерді қалыптастыру, еріктілік және қайырымдылық істерге білім алушылардың назарын аудару және жалпы волонтерлікпен айналысуға жастарды ынталандыру.
Семинар-тренингке ACCESS ұйымының түлектері «ASAA» жастар қоғамдық бірлестігі, «Ізгілікте жарысайық» қайырымдылық ұйымы, Meyirim.kz қайырымдылық электронды порталы, «Сенім» медициналық волонтерлік ұйымы, «Харекет» қайырымдылық қоры, «Жігер» салауатты өмір салтын қолдау қоғамдық қоры, Авиценна медицина колледжінің волонтерлік ұйымы және «Жасыл ел» еңбек жасақтарының еріктілері қатысты.
Осынау айтулы мереке аясында «Жастар ел болашағы» атты кеш те мегаполис өткен айтулы іс-шаралардың бірі ретінде есте қалды. Онда ұйымдастырушылар қала жастарын қоғамдық тәртіп шеңберінде кешкі уақытты қызықты әрі тиімді өткізуге шақырды.
Аталған іс-шарада Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері басқармасының басшысы Мұратжан Шотанов қала жастарын айтулы мерекемен құттықтап, мемлекет тарапынан өскелең ұрпақтың қамы үшін жасалып жатқан оңды істер туралы баяндап берді.
– Тәуелсіз еліміздің гүлденіп, қарыштап дамуы үшін жастардың тың идеялары, алғыр шешімдері, оң бастамалары қажет. Жастар - қоғамның қозғаушы күші. Біз жастардың өмірден өз орнын табуына, түрлі дағдыларды игеруіне қолдау көрсетуге әрқашан дайынбыз, - деді басқарма басшысы.
Іс-шарада қала тұрғындары мен жастар үстел теннисінен сайысқа түсіп, белсене қатысқан азаматтарға түрлі сыйлықтар табысталды. Сонымен бірге жас бүлдіршіндер олармен қоса үлкен кісілер де караокеде ән шырқап, мерекелік кештің көрігін қыздыра түсті.
Бұдан бөлек үшінші мегаполисте «IQ ZHASTARY» интеллектуалды ойыны өтті. Осы ойын арқылы жастардың білімге, оқуға деген құлшыныстары мен бәсекеге қабілеттіліктерін арттыру мақсаты көзделді. «IQ ZHASTARY» оның алдында төрт ауданда өтіп, онда 80-ден астам жас бақтарын сынап көрген еді. Білім мен парасат, тапқырлық пен шапшаңдық қабілеттері бойынша жарысқан жастардан финалдық ойынға 24 қатысушы жолдама алды. Жас дарындылар арасындағы сайыста жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, жас журналистер мен кәсіпкерлер, блогерлер болды.