Шымкент қаласында халықаралық ардагер энергетиктердің ХІ форумы өтті. Аталған іс-шараны Қазақстанның электр машина жасаушылар қауымдастығы мен Қазақстан ардагер энергетиктері кеңесі ұйымдастырды. Форумға еліміздің және Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан сияқты ТМД мемлекеттерінің ардагер энергетиктері қатысты. Сондай-ақ, форумға мемлекеттік органдардың өкілдері, өңірлік энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармалары мен аймақтық электр желілері компанияларының басшылары шақыртылды.
Жиында бірқатар өзекті мәселесі талқыланды. Атап айтқанда, электр энергетикасы инфрақұрылымын (электр жүйесі, күш трансформаторлары, станциялар, қосалқы станциялар т.б.) жаңғырту, электр энергиясының өндірісі және қосымша қуат көздері.
Басқосуда талқыланған тағы бір мәселе – электр желілердің жаңалануы. Қазіргі таңда ел аумағында электр желілердің тозғаны байқалады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында желілер мен қуаттардың тозуын кем дегенде 15%-ға дейін азайту керек деген еді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы газ және энергетика саласында электр желілерінің үздіксіз жұмыс істеуі мен жаңа қуат өндіру жолдарын жасауды тапсырды.
Осы тұста Қазақстан электр машина жасаушылар қауымдастығы ескі қуат трансформаторларын жаңасына ауыстыруды ұсынып отыр. Ол үшін импорттың қажеті жоқ, өзімізде жабдық әзірлейтін өндіріс орындары мен тиісті технологиялар жетерлік.
Бұл күрделі тақырыптардан бөлек отандық және шетелдік ардагер энергетиктер сала тарихы мен кәсіподақтың өзекті мәселелері бойынша баяндамалар жасады. ҚЭА ардагер энергетиктер кеңесінің төрағасы Советхан Нұрпейісов ассоциацияның атқарған жұмыстарының нәтижелері туралы баяндады.
Форум барысында Электр машина жасау саласына еңбегі сіңген ардагер энергетиктер «ҚЭА ардагер энергетигі» белгісімен марапатталды.
Сонымен бірге іс-шара аясында шетелдік меймандар «Alageum Electric» компаниясының экспорттық бағытқа негізделген «Asia Trafo» зауытында болып, өнімдермен танысып қайтты.
«Азия Трафо» ЖШС – «Alageum Electric» электр жабдықтарын шығаратын отандық өндірушінің құрамына кіретін, Орталық Азиядағы трансформаторлық жабдық шығаратын ең ірі зауыт. Кәсіпорынның негізгі өндіретін өніміне қуаттылығы 500 МВА-ға дейінгі кернеулі 35, 110, 220, 500 кВ класты майлы трансформаторлар мен автотрансформаторлар және реакторлар кіреді. Өндіріс ошағының жобалық қуаттылығы жылына 12 000 МВА-дан асады.
Зауыт өнімдерін өндіру үшін заманауи әрі жоғары өндірістік технология қолданады. Бұл өз кезегінде ұзақ мерзімге шыдас беретін көлемі шағын әрі аз материал қажетсінетін инженерлі-техникалық құрылғы жасауға зор мүмкіндік береді.
Кәсіпорын трансформаторларды жобалау кезінде «Бүкілодақтық трансформатор жасау институты» негізінде құрылған украиндық «Soft-Team Group» тобының бағдарламалық қамтамасыз ету жүйесіне сүйенеді.
Әрбір тапсырыс және әрбір өтініш жеке қарастырылады. Оңтайлы дизайн 3D модельдеу жүйелері арқылы есептеледі, тапсырыс берушімен келісіп, талаптарды қанағаттандырғаннан кейін өндірісті басқару жүйесіне автоматтандырылған деректер енгізіледі.
Трансформаторлар өндірісі жобалық әзірлемелер мен нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес. Сондықтан отандық өнім жоғары сенімділікке ие. Жалпы сапалы өнім шығаруда Швейцария, Германия, Италия, Хорватия сияқты жетекші еуропалық компаниялардың технологиялық жабдықтары пайдаланылады.
Аталған өндіріс орны 2019 жылы пайдалануға берілді. Жұмыс істеген үш жыл ішінде 35, 110, 220, 500 кВ кернеу класындағы 150-ден астам трансформатор, автотрансформатор және реакторлар шығарды. Сондай-ақ сынақ зертханасының жеке қажеттіліктері үшін серіктестік қуаттылығы 128 МВА, кернеуі 750 кВ, 200 Гц жиілікте 24 сағат бойы жұмыс істеуге шыдайтын трансформатор жасады.
Айта кету керек, «Alageum Electric» – еліміздің электр техника саласындағы көшбасшы компания саналады. Оның электр энергетика, электр машина жасау мен құрылыс сияқты бағыттары бойынша 30-дан астам кәсіпорын мен зауыты бар. Олардың ішінде Кентау Трансформатор және «Электрмонтаждау бұйымының» кәсіпорнын атап өтуге болады. Мәселен, Кентаудағы зауыт күрделі трансформаторлар шығарса, «Электрмонтаждау бұйымы» кез-келген қиындықтағы электр монтаждау жұмыстарын жүргізетін, әрі кабельді трассалар жүйесін жасайтын Қазақстандағы теңдесі жоқ жалғыз кәсіпорын.
Холдинг отандық және халықаралық стандарттарға сай құрал-жабдықтармен жабдықталған. Өндірген өнімі арқылы отандық нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, ТМД мен Орта Азия елдеріне экспорттайды. Мәселен, Кентаудағы зауыт тауарының 30%, Оралдағы зауыттың 95%, Петропавлдағы зауыттың 95%, Шымкенттегі зауыт өнімінің 50-60% шетелдерге экспортқа жөнелтіледі. Өткен жылы компания сыртқа 20 мың трансформатор сатқан.
«Alageum Electric» компаниясының 14 зауыты бар. Оның 4-еуі трансформатор жасайды. Олардың қуаттылығы жыл сайын 36 мың трансформатор шығаруға қауқарлы. Жабдықтардың нарықтағы бағасы 1миллион теңгеден 2 миллиард теңгеге дейінгі аралықты қамтиды.
Трансформатор сияқты құрал-жабдықты әзірлеу күрделі ғылыми зерттеулерді қажет ететін бейнеті қалың жұмыс. Табандылық пен кәсіби біліктілікті де талап етеді. Оның үстіне трансформатор шығару үшін зауыт әлемдік стандарттарға сай қондырғы, құралдармен жабдықталуы керек. Мәселен, «Alageum Electric» компаниясы Еуро стандарт негізінде Франция, Германия, Италия, Швейцария, Белгия сынды мемлекеттердің қондырғыларымен жұмыс істейді. Яғни, заман талабына қарай зауыттар жаңа технологиялармен толықтырылып отырады.