Шымқаланың тарихы сыр шертеді

Қысқаша

Шымқаланың тарихы сыр шертеді

Screenshot_10.jpg

Жуырда Шымкентте «2200 жылдық тарихы бар Шымқала сыр шертеді» атты тарихшы, археолог мамандармен  кездесу іс-шарасы ұйымдастырылды.  Еліміздің шежіресінен сыр шертер мамандармен болған кездесу мегаполистегі «Шымқала»  тарихи-мәдени кешенінде өтті.

Аталған іс-шараның негізгі мақсаты «Шымқала» тарихи мәдени кешенінің 2022 жылғы жұмыс жоспарына сәйкес кешен тарихын зерттей түсу. Сол арқылы жаңа ғылыми деректерге тың жол ашу. Соның негізінде ғылыми зерттеу жұмыстарын жүйелеу және осы аталған жұмыстардың нәтижесінде кешенді қайта қалпына келтіріп, жаңғырту. Әрі осындай іс-шаралар ұйымдастыра отырып өскелең ұрпаққа Шымқаланың терең тарихын насихаттау, еліміздің өткенінің ұмытылып кетпеуіне үлес қосу.

Кездесу барысында «Шымқала тарихи-мәдени кешенінің» Шахристанның оңтүстік, оңтүстік-шығыс, оңтүстік – батыс, шығыс және Цитадель аумақтарының археологиялық зерттеулері, өткен тарихы және қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізудегі мақсаты баяндалды. Сонымен бірге кездесуге арнайы шақырылған қонақтардың тарихқа қатысты жасалған баяндамалары тыңдалды. Жүздесу аясында музейге сый тарту акциясы да  ұйымдастырылды. Бұдан өзге Хауыз бойындағы шығыс базарынан көріністер, Ұлы Жібек жолы бойындағы қол өнер шеберлерінің жәрменкесі  көрсетілді. Осының барлығы да іс-шараға қатысушылардың орта ғасырларда өмір сүрген ата-бабаларымыздың өткен тарихына ерекше қызығушылығын оятты.          

Іс-шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, Шымкент  ерте замандардан бері сауда керуендерінің аялдайтын орны болған, сол кездің халқының әлеуметтік мәдени дамуында үлкен рөл ойнаған. Сондықтан ол тарихи түрлі оқиғалардың куәсі болған шаһар. Қазақ халқының арғы тегі болып саналатын көне тайпалардың ата қонысы, бергі ата-бабаларымыздың кіндік қаны тамған қасиетті мекені. Сонымен қатар шығыс пен батысты жалғастырған әйгілі көне Жібек Жолының күре тамыр даңғылы өткен жер. Қалай десек те, Шымқала мен оның төңірегі құшағына талай жұмбақ сырларды сыйдырған мекен. Осы қасиетті жердің тарихын қадірлеп, ата-баба көзін көрген жәдігерлерін қастерлеп оны өскелең ұрпаққа көздің қарашығындай сақтап жеткізуді бүгінгі ұрпақ мақсат тұтуы керек. 

Өз кезегінде өлкеміздің ықылым замандардан бері келе жатқан өмір салты, әдет-ғұрпы, мақтаныш етер, небір құпияны бүгіп жатқан шежіресі, ұрпақтан-ұрпаққа өнеге етер тарихын насихаттау мақсатындағы мұндай кездесулер әлі талай жалғасын таппақ.