Асқаровтың аққайыңдары. Ерен тұлғаның 100 жылдығы Шымкентте кең көлемде аталып өтті

Қысқаша

Асқаровтың аққайыңдары. Ерен тұлғаның 100 жылдығы Шымкентте кең көлемде аталып өтті

Screenshot_9.jpg

Биыл уақтысында Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған, артында өнегелі іс қалдырып, халқына қызмет етудің ерен үлгісін көрсеткен Асанбай Асқаровтың туғанына 100 жыл толды. Өткен аптада аптал азаматтың мерейтойы Шымкентте бірқатар іс-шаралармен атап өтілді. Соның бірі- Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрында, қарымды қаламгер, «Алаш» сыйлығының иегері жазушы Мархат Байғұттың «Асқаровтың аққайыңдары» атты драмасы сахналанды.

Белгілі тұлғаның ғұмыр шежіресінен сыр шертетін қойылымда кейіпкердің ішкі жан күйзелістері барынша шынайы әсер қалдырады. Автор мемлекет қайраткері Асанбай Асқаров пен жазушы Шерхан Мұртаза арасындағы сұхбат арқылы бір ұлттың тұтас бір кезеңдегі тарихынан сыр шертеді. Талай дарабозды шабысынан сүріндірген қаскөйлік деген жаман қасиет қазақ қоғамында кеше ғана пайда болды десек қателесеміз. Асқаровтың заманында ол тіпті жаңаша сипат алғандай әсерге бөледі. Сол секілді спектакльдегі Жағымпаз бен Жандайшаптың ұрпақтары арамызда бүгін де, ертең де өмір сүре береді. Сыртқы келбеттері ғана өзгермесе, қалған іс-әрекеттердің барлығы қай заман келсе де қайталанып отырады. Жағымпаз бен Жандайшапты сахнадан көрген сайын сананы алдымен осындай ой баурайды. Жазушы драматург Мархабат Байғұт осы спектакльі арқылы ерен тұлғаның қырын жан-жақтан, шеберлікпен аша білген. Қойылым көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.    

Сондай-ақ,  Асанбай Асқаров атындағы қордың және Ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен Шымкентте  конференция өтті. Оған шаһар басшысы Мұрат Әйтенов, қалалық мәслихат депутаттары мен тарихи тұлғаның көзін көрген азаматтар, ғалымдар, мәдениет пен өнер қайраткерлері, бір топ зиялы қауым өкілдері, ұстаздар мен жастар қатысты. 

А.Асқаровтағдырдың талай тақсіретін тартса да адамдық, адалдық қасиетін асқақ ұстап, өмір өзегіне кір шалдырмай кеткен азамат. Небәрі 36 жасында Жамбыл облыстық Атқару комитетінің төрағалығының тізгінін ұстады. Бұдан кейін Жамбыл, Алматы, Шымкент облыстық партия комитеттерінің бірінші хатшылығына сайланды. Халық тығыз қоныстанған үш облыстағы басшылық қызметі 26 жылға созылды.  Оның ұйымдастаруымен көптеген жұмыстар атқарылды. А.Асқаров әсіресе, Шымкентке ерекше қолтаңбасын қалдырған азамат. Шымқалада сол жылдары дендросаябақ, зоопарк, ипподром, балалар темір жолы сияқты нысандар оның тікелей басшылығымен салынды.    

 Асанбай Асқаров есімін ұрпақ жадында жаңғырту үшін бүгінде біршама істер атқарылып жатыр. Қазіргі таңда Шымкентте Асанбай Асқаровтың ескерткіші, оның есімімен аталатын көше мен орта мектеп және мұражай бар. Осыдан екі жыл бұрын мегаполистегі дендросаябаққа Асанбай Асқаровтың есімі берілді. 

- Халқы үшін аянбай қызмет еткен қайраткер өзінің саналы ғұмырында шарықтауды да, құлдырауды да бастан кешірді. Халқының шынайы сүйіспеншілігіне бөленді. Сондай-ақ алмағайып замандағы саяси қақтыстардың да құрбаны болды. Елге қызмет етудің үлгісін көрсеткен Асанбай Асқаровтай тұлғаның өмірін, ерен еңбегін осы залда отырған ардагер ағалар көзбен көрді. Ал біз секілді жас буын сіздер айтқан тағылымды әңгімеден өнеге алып келеміз. Оның жарқын бейнесін ұрпақтан ұрпаққа жеткізу біздерге артылған аманаттық парыз, мәртебелі міндет,-деді М.Әйтенов.

Асанбай Асқаров тек талантты басшы емес, ақын, зерттеуші, өз ұлтын сүйген азамат болған.  Оның «Тағдыр», «Жұмақ пен тозақ жырлары» жыр жинақтары, «Ұлы Тұранның ұлдары», «Мен еліммен біргемін», «Өлмейтін артымда сөзім қалса» атты өсиет кітаптары жарық көрген.

 -Шарболаттай рухы биік азамат қасиетті қаламды серік етіп, кітаптар жазды. Қаншама қиындық көрсе де адалдық қасиетін биік ұстады.  Ол өзінің қаламгерлік қарымымен де халқына қалтқысыз қызмет етіп, өткен мен бүгіннің дидарын дөп басқан ойтолғамдарымен естелік, өлеңдерімен артына мол мұра қалдырды,-деді қала әкімі жасаған баяндамасында. 

-Асанбай Асқаров есімі-шымкенттіктер үшін ғана емес, күллі қазақ халқы үшін алтын әріппен жазылған есім. Тау тұлғаның өмір жолы мен жасаған еңбегі ұлт жадында мәңгі сақталады,-деді конференцияда сөз алған азаматтар. 

Сондай-ақ, мерейтойлық шаралардың аясында Шымкенттегі Асанбай Асқаров ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, дендросаябаққа көшеттер отырғызылды.