Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда Шымкент қаласына жасаған іссапарында биылғы жылы 1 млн шаршы метрдей тұрғын үй пайдалануға беріліп, 9 мыңға жуық отбасы үйлі болатынын айтты. Сонымен бірге Мемлекет басшысы тұрғын үй құрылысының қарқыны бәсеңдемеуі тиістігін және жергілікті әкімдік Үкіметпен бірге тығыз байланыста жұмыс істеу керектігін тілге тиек етті. Осы ретте Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасының басшысы Жанат Өтебаева аптаның әр сәрсенбісі күні азаматтарға жеке қабылдау өткізетінін айтады. Азаматтардың көпшілігі сол тұрғын үй мәселесі бойынша жеке қабылдауға жазылатындар. Олардың қатарында тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар және халықтың әлеуметтік әлсіз топтары бар.
Бұдан бөлек тұрғын үй кезегіне тіркелмеген азаматтарға да барынша заң аясында түсіндіру жұмыстарын жүргізіліп, құқықтық көмек көрсетіледі. Басқарма басшысы мәлімдегендей, Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 67,74 - баптарына сәйкес коммуналдық тұрғын үй қорынан баспаналар белгіленген тәртіппен кезек реті арқылы беріледі.
Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй кезегінде бүгінгі таңда 49 840 азамат тіркелген. Оның ішінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санаты бойынша - 1 874, көпбалалы отбасылар – 10 358, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы – 17 260, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым және әскери қызметшілер – 20 322, жалғыз тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылған азаматтар- 26 адамды құрайды.
2022 жылы жалпы саны 1605 азаматты сатып ал құқығынсыз арендалық пәтермен қамтамасыз ету көзделсе, жыл басынан бері 423 азамат арендалық тұрғын үймен қамтылды. Оның ішінде 211 жалдамалы баспана жұмыс істеп жүрген жастарға, 31 пәтер жетім балаларға, 86 пәтер көпбалалы отбасыларға, 95 пәтер халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына пайдалануға берілді.
Тұрақты жұмысы бар 29 жасқа дейінгі жастарға сатып алу құқығынсыз 211 пәтерге конкурс өткізіліп, қазан айында жалдау келісім шарттарын беру жұмыстары жүргізіледі.
Ал қалған пәтерлер жыл соңына дейін кезең-кезеңмен табысталатын болады. 2021 жылы жалпы саны 1596 азамат жалдамалы баспанамен қамтылды. Оның ішінде жұмыс істейтін жастарға 904 пәтер қолданысқа берілсе, 692 пәтер тұрғын үй кезегі санаттары бойынша азамттарға үлестірілді.
Қазіргі таңда арендалық тұрғын үйлерді белгіленген тәртіппен кезек арқылы көпбалалы отбасыларға, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына және жұмыс істейтін жастарға беру қарастырылуда. Ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында кезекте тұрғандардың бірыңғай республикалық электрондық дерекқорының сервисі қолданылады.
Тұрғын үй кезегіне тіркелу үшін Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 67 бабының талаптарына сәйкес белгіленген санаттардың біріне енуі, азаматтың тұрғылықты мекен-жайы кемінде үш жыл тұрақты Шымкент қаласында болуы және өтінім берушіде және отбасы мүшелерінде соңғы бес жыл көлемінде тұрғын үйдің тіркелмеуі шарт. Жоғарыда аталып өткендей, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар, халықтың әлеуметтік әлсіз тобына жататындар, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым және әскери қызметшілер, жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған азаматтар кезекке тіркелу үшін өтініш білдіре алады.
Егер азаматтар жоғарыда аталған санаттардың біріне сәйкес келсе, онда тұрғын үйге кезекке тұру үшін барлық қажетті құжаттармен бірге өтінімді «kezеkte.kz» электрондық порталы арқылы жолдай алады.
Бір ескеретін жәйт, арендалық көппәтерлі тұрғын үйлерге тұрғын үй басқармасы тарапынан жергілікті құқық қорғау органдарының қатысуымен тиісті тексеру жұмыстары жүргізіліп отырады. Сондықтан арендалық баспанамен қамтылған азаматтар келісім шарт жасасқан күннен бастап 1 айдың ішінде қоныстануы яғни көшіп бары тиіс. Егер жалға алушы пәтер иесі 6 айдың көлемінде өзіне берілген пәтерде тұрмаған жағдайда немесе басқада арендалық тұрғын үйді пайдаланудың талап шарттарын орындамаған жағдайда, оған басқарма тарапынан ескерту түріндегі хабарлама хаты жолданып, сот арқылы пәтер кері қайтарлып алынады.
Шаһарда 29 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастарды баспанамен қамтамасыз етуді көздейтін бағдарламаға сәйкес тұрғын үйге өтінімдерді қабылдау биыл 6-7 қазан күндері аралығында жүргізілді. Жастар бағдарламасы бойынша қатысушыларға қойылатын басты талап жасы 29-ға толмаған және тұрықты жұмысы болуы тиіс. Сондай-ақ өтінім берушінің атында соңғы 2 жылда Қазақстан Республикасы аумағында тұрғын үй тіркелмеуі, Шымкент қаласында соңғы 2 жылда тұрақты тіркеуде болуы сонымен қатар, ай сайынғы табысы 40 АЕК-тен (122 520 теңгеден) асуы шарт. Бағдарламаға қатысушылар «kezekte.kz» электронды порталында электронды цифрлық қолтаңба, қысқаша ЭЦҚ арқылы өтініш бере алады. Аталған бағдарлама бойынша жыл соңына дейін жалпы саны 857 жасты пәтермен қамту көзделіп отыр. Оның ішінде Тұран шағын ауданынан 211, 189 орам мен Шымситиден 286, Бозарық шағын ауданынан 360 пәтер беріледі деп жоспарлануда. Жалпы бұл бағдарлама бойынша 2020 жылы – 904, 2021 жылы – 300 азамат пәтермен қамтылды.
Өткен жылы тұрғын үй кезегіндегі халықтың әлеуметтік әлсіз тобы мен көпбалалы отбасыларды қолдау мақсатында «2-10-20 Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында 365 отбасы несиелік баспанаға қол жеткізді. 2021 жылдан 2022 жылға өтпелі болған «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша 1484 отбасы несие негізінде баспаналы болды. Ал биыл «5-20-25» кредиттік тұрғын үй бағытымен 624 азаматты баспанамен қамтамасыз ету жоспарда бар. Аталған тұрғын үйлердің конкурсы кезең-кезеңімен Отбасы банк арқылы жүргізіліп қазіргі таңда 243 азамат несиелік тұрғын үй алып үлгерді.
Тұрғын үй сертификатына өтінім қабылдау 2022 жылдың 13 шілдесінен бастап мемлекеттік көрсетілетін қызмет ретінде www.kezekte.kz интернет ресурсы арқылы автоматтандырылған. Биыл тұрғын үй сертификаты үшін жергілікті бюджеттен 500 млн теңге қаржы қаралды. Бүгінгі күні тұрғын үй сертификатын алуға 124 өтінім түссе, оның 45-і мақұлданып, аталған құжат 32,9 млн.теңгеге қайтарымсыз негізде баспанаға мұқтаж азаматтарға берілді.
Тұрғын үй сертификаты «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қарастырылған. Соның ішінде «2-10-20», «5-10-20» бағыттары шеңберінде бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін қайтарымсыз негізде ұсынылады. Тұрғын үй сертификатының сомасы әрбір үміткер үшін 1 млн. теңгеден аспайтын бірыңғай мөлшерде айқындалған. Айта кету керек, Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй сертификаттары 2019 жылдан бастап беріле бастады. 2019 жылы 21 азаматқа 20,4 млн.теңгеге, 2020 жылы 101 азаматқа 100 млн.теңгеге тұрғын үй сертификаттары табысталды. 2021 жылы 416 отбасыға 370 млн. теңгеге берілсе, биыл мұндай сертификат 500 азаматқа 1 млн теңгеге дейін қайтарымсыз негізде әлеуметтік көмек ретінде тапсырылады.
Бұл құжат заңнамада белгіленгендей айына ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 көрсеткішінен аспаған (2022 жылға-37 389 теңге) және соңғы 6 ай ішінде орташа табысы 115 905 теңге болған жағдайда ұсынылады. Өз кезегінде тұрғын үй сертификатын алушылар санатына мүгедек балалары бар немесе мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған, көпбалалы, толық емес отбасылар, мемлекеттік мекеме мен денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт саласының мамандары және құқық қорғау органдарының қызметкерлері жатады.
Сонымен бірге тұрғын үйдің жалдау ақысын субсидиялауға жолданған 1419 азаматтың өтінімі мақұлданды. 276 азаматқа "Отбасы банк" арасында түзілген келісім шарт тұрғын үйдің жалдау ақысының 50 пайыз төлемі мемлекет тарапынан аударылуда.
Бұл бойынша тұрғын үй басқармасы және “Отбасы банк” өкілдері сондай ақ аудан әкімдіктері бірлесіп тұрғындарымен кездесу өткізді, тұрғын үй субсидиясы туралы халыққа түсіндірме жұмыстары жүргізізді. Бағдарлама талаптарына сәйкес тұрғын үй кезегіне тіркелген 1 және 2 топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар, көп балалы отбасылар субсидия алуға өтінішті otbasybank.kz платформасында бере алады.
Өтініш берушінің соңғы 6 айдағы отбасыдағы адам басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы керек. Өтініш беру ЭЦҚ арқылы қабылданатынын ескеру қажет. Басқарма басшысы Ж.Өтебаеваның айтуынша, субсидиялауға қатысты сұрақтар бойынша толық жауапты қаладағы Бейбітшілік 3 көшесінде орналасақан “Отбасы банктің” кеңесшілерінен алуға болады.