Бұқаралық спорт дамып келеді

Қысқаша

Бұқаралық спорт дамып келеді

Screenshot_2.jpg

Шымкент қаласы әкімдігінің алдында дене шынықтыру және спортпен айналысатын азаматтардың санын жалпы халықтың 50%-ына дейін жеткізу мақсаты тұр. Бұл бойынша 2022 жылғы меже – 35.9% болса (396336 адам), нақты іске асырылғаны – 36.2%-ға (402544 адам) жеткен. Яғни жоспар артығымен орындалды деген сөз.   

Жауапты сала мамандарының айтуынша, стандарт бойынша халық саны 1000 адамға жеткен аумақта тұрғындарға арналып спорттық инфрақұрылымдар салынуы тиіс. Осы талапқа сай спорттық нысанмен қамтылу биылғы жылға 51%-ға жоспарланса, (39 243 м2) көзделген мақсат толығымен іске асып отыр. Екіншіден жергілікті әкімдіктің алдында тұрған тағы бір басты міндеттің бірі – ол дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысатын және оған медициналық тұрғыдан ешқандай қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар санының үлесін арттыру. Осыған сай биылғы жоспар – 11,5% құрап, (1810 адам) тапсырма жүз пайыздан асыра орындалды. Сонымен бірге  жастарды спортпен қамту (14-18 жас) мәселесі де әкімдіктің негізгі жұмыстарының қатарында тұрған шаруа. Бұл орайда биыл 32 647 адамды спортқа тарту көзделсе, нақты орындалғаны – 45 мың адамнан асты.  Бүгінде 91 спорттық секция өз жұмысын бастап, онда 3760 бала тұрақты түрде спортпен шұғылданып жатыр. Яғни межеленген жоспардың артығымен орындалғаны анық көрініп тұр.  

Енді спорт саласында мегаполистің жеткен жетістіктері туралы баяндасақ, мысалы ұлттық және ат спорт түрлері бойынша кешенді спорт клубында 1 конкур бөлімі ашылып, қазір онда 16 спортшы шұғылдануда. Сол секілді №16 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 3 батуттық гимнастика бөлімі жаңадан жұмысын бастап, 29 гимнастшы сонда жаттығып жатыр. Бұдан бөлек жан басына шаққанда қаржыландыру бағдарламасы аясында 87 спорттық секция өз қызметтерін ұсынып, соның шеңберінде  3715 бала спортпен тұрақты шұғылдануға мүмкіндік алды. 16 балалар-жасөспірімдер спорт мектептеріндегі  976 жаттықтырушы мен оқытушылардың өткен жылы айлық жалақысы 1,5 есеге өссе, биыл 1,75 есеге жоғарылаған. Айталық жаттықтырушы-оқытушылардың ең төменгі жалақы мөлшері 2020 жылы – 72 258 теңгені құраса, 2021 жылы – 108 537 теңгеге көтерілген. Ал 2022 жылы – 126 451 теңгеге жетіп отыр.  Өз кезегінде  жаттықтырушы-оқытушылардың еңбекақысын көбейту мақсатында 976 штат бірлігіне республикалық бюджеттен 1 315,7 млн теңге бөлінді. Сонымен бірге қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасына барлық спорт кешендерінде ересектер мен ерекше күтімді қажет ететін балаларға спортпен айналысуға жағдай жасау жөнінде тапсырма жүктелген. 2022 жылға бекітілген жоспар (6 нысан), бүгінгі күнде  53%-ға орындалып отыр.

Тарқатып айтар болсақ, 8 спорттық нысанда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ыңғайлы жағдай қарастырылған. Олардың қатарында Жоғары спорт шеберлігі мектебі, Көркем гимнастика спорт кешені, №12 спорт мектебінің спорт кешені, №1 спорт мектебінің спорт кешені, World class, Royal club, Касиет, Мадейра спорт кешендері бар. Қазіргі таңда мегаполистің спорт нысандарында 1861 мүгедектігі бар азаматтар спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанып отыр. Ол жалпы спортпен шұғылдануға қарсы көрсетілімі жоқ 15 644 адамның 11,9 %-ын құрайды.

Бүгінгі таңда Шымкент қаласының ұлттық және ат спорты түрлері бойынша кешенді спорт клубында – 922, білім беру мекемелеріндегі тоғызқұмалақ бөлімдерінде – 11 256, Ат спорты федерациясында – 2894 және қазақша күрес федерациясында 250 адам ұлттық спорт түрлерімен айналысып жатыр. Сондай-ақ спортты жанына серік еткен азаматтар қатарын көбейту де жергілікті әкімдіктің атқаратын басты шаруасының бірі болып саналады. Бұл бойынша 2022 жылғы жоспар – 35,9%-ға жетуі тиіс. Дәл қазіргі таңда жалпы қалада дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын азаматтар саны 402 544 адамды немесе қала тұрғындарының жалпы санының 36,2%-ын құрап отыр.

Ұлттық «Рухани жаңғыру» жобасында спорт саласына қатысты «Жастарды спортпен қамтамасыз ету (14-18 жас)» жөнінде арнайы көрсеткіш бекітілген болатын. Осыған байланысты биылғы жылы – 32 647 баланы спортқа қатыстыру міндеті тұрса, нақты сан – 45 940 адамға жетіп, аталған жоспар күтілген межеден де асып түсті. Статистикалық дерекке назар аударсақ, қалада 14-18 жас аралығында 79 500 жас бар. Соның ішінде жалпы білім беру мекемелерінде – 33 106 оқушы, 7 жоғары білім беру мекемесінде 7106 студент, орта арнаулы білім беру мекемелерінде 5728 студент спортпен тұрақты түрде айналысады. 

Спорттық секцияларды жан басына шаққандағы қаржыландыру бойынша да тындырымды тірлік көп. Былайша айтқанда, Шымкент қаласында 2021 жылдың II жарты жылдығынан бастап жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасы сәтті іске асырылып келеді. Биыл жан басына шаққандағы қаржыландыру жобасы негізінде мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асыру бағытында жергілікті бюджеттен 2 323 млн теңге бөлінген-ді. Соның аясында спорттық секцияларға 14 000 баланы немесе 4-пен 18 жас аралығындағы балалардың жалпы санының 16%-ын қамту жоспарланған болатын. Бүгінгі күні, мемлекеттік спорттық тапсырысты жан басына нормативтік қаржыландырудың платформасына 130 кәсіпкерден өтінім келіп түсіп, оның 96-сы біліктілік іріктеуден өтіп, оң шешімдерін алды. Қазіргі таңға дейін мемлекеттік спорттық тапсырыс бойынша ата-аналар тарапынан балаларын 22 спорт түрі бойынша (186 спорттық секцияда) үйірмелерге беру үшін жалпы саны 21 286 өтініш қабылданып алынды. Соның нәтижесінде 14 230 баланың ата-анасымен арнайы келісімшарт жасалды. Оған сәйкес балалар жан басына қаржыландыру бағдарламасы бойынша баскетбол, бокс, еркін күрес, грек-рим, дзюдо, каратэ, таеквондо, жүзу, үстел теннисі, футбол, шахмат, көркем гимнастика, волейбол, пауэрлифтинг, қазақ күресі, футзал, теннис секілді спорт түрлерімен тегін айналысады. Сондай-ақ аталған жобаның көмегімен 264 жаттықтырушы және 150-ге  жуық басқа да қызметкерлер тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді. Ендігі жерде мемлекеттік спорттық тапсырыс арқылы 2023 жылы  18 мың (20%), 2024 жылы 20 мың (22 %) баланы спорттық секциямен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Жоғары спорттық жетістіктер бойынша 2022 жылдың 7 айында жеткен нәтижелер туралы әңгіме қозғасақ, Шымкент қаласында жалпы саны 34 спорттық ұйым жұмыс істейді. Оның 29-ы мемлекеттік меншіктегі спорт мекемесі болса, қалған 5-еуі мемлекеттік- жекеменшік әріптестігі аясындағы спорттық нысандар. Осы спорт мекемелерінде 17 944 спортшы жаттығады. Және штаттық кестеге сай 925 жаттықтырушы оқу-жаттығу сабақтарын өткізеді. Сондай-ақ аталған ұйымдарда спорттың 71 түрін дамытуға ден қойылған. Ол 38 олимпиадалық, 24 олимпиадалық емес және 9 ұлттық спорт түрлері. Биылдың 7 айының қорытындысы бойынша 3 ҚР Еңбегі сіңген спорт шебері, 35 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 179 Қазақстан Республикасының спорт шебері, 261 спорт шеберіне үміткер спортшылар дайындалды. Ұлттық құрама сапына ересектер құрамасына – 416, жастар құрамасына – 268, жасөспірімдер құрамасына 201 спортшы енді. Сонымен бірге жыл басынан шілде айына дейінгі көрсеткіш бойынша қала спортшылары ел ішіндегі түрлі республикалық чемпионаттарға қатысып, 436 алтын,  397 күміс және 412 қола медаль жеңіп алды. Жүлделердің жалпы саны 1245 медаль болды. Мысалы, Азия чемпионаттарында қаланың жас өрендері 58 алтын, 31 күміс және 50 қоланы қанжығаларына байласа (жалпы 139 медаль), осы уақыт аралығында Әлем чемпионаттарынан 28 алтын, 16 күміс және 11 қола медальмен (жалпы 55 медаль) табысты оралды. Дүниежүзілік гимназияда ойындарына да 11 спорт түрінен 23 оғлан жарысқа түсіп,  нәтижесінде 5 алтын, 3 күміс және 2 қола медальді олжалап қайтты.

Қаладағы спорттық инфрақұрылым мәселесі ойдағыдай шешімін тауып келеді. Мәселен, қаладағы «Металлург» стадионын реконструкциялау жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. 2020 жылы басталған стадион құрылысы, биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде. Қазіргі уақытта, спортшылар үйінің құрылысы жүз пайыз аяқталды. Ал үлкен спорт залдың қаңқасы тұрғызылып, қабырғалары қалануда. Әкімшілік ғимараттың да құрылысы 90% аяқталып, тек ішкі әрлеу жұмыстары қалды. 1504 орынға арналған көрермендер трубинасының құрылыс жұмыстары 80% орындалды. Футбол алаңының жер жұмыстары да аяқталу үстінде түр. Бұдан бөлек, Шымкент қаласының Сайрам тұрғын алабында №12 спорт мектебінің қосымша корпусы салынып жатыр. Аталған нысан осы жылы ел игілігіне пайдалануға беріледі. Қазіргі таңда ғимараттың құрылыс монтажтау жұмыстары атқарылуда. Сонымен бірге Бозарық-3 шағын ауданында қалалық №20 спорт мектебінің жас спортшыларға есігін айқара ашпақ. Қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Б.Тұманбаевтың айтуынша,  биыл наурыз айында басталған бұл құрылыс нысанын салуға осы жылы 90 млн теңге бөлініп, қаражат толығымен игерілді. Спорт мектебінің құрылысы 2023 жылға өтпелі. Сондай-ақ қалада «Отау Строй» компаниясының есебінен үстел теннисіне арналған спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Жаңа теннис корты биыл жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деген жоспар бар. Бүгінгі таңда 12 үстел теннисі жабдығына тапсырыс беріліп, ол шамамен бір ай көлемінде жеткізілетін болады.

Ал елімізге белгілі құрылыс компаниясы «BI Group» болса қалада ірі құрылыс нысанының бірі  ипподромның іргетасын қалауда. Бүгінгі таңда атшабар кешенінің төбесі жабылып, бәйге алаңы тегістеліп, арнайы төсеніштер төселуде. Сондай-ақ заманауи үлкен атқора салынып, ішкі әрлеу-сырлау жұмыстары бітудің аз-ақ алдында тұр.