Өндіріс өрістеп келеді

Қысқаша

Өндіріс өрістеп келеді

Screenshot_1.jpg

Шымкентте былтырдан бері бизнесті дамыту, халықты кәсіпкерлік саласы бойынша ақпараттандыру бағытында «Бизнеске арналған үкімет» орталығы жұмыс істейді. Аталған мекемеде бизнесті қолдауға арналған түрлі мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру, бизнесті жаңадан қалай бастау керектігін үйрету, жол сілтеу бойынша сервистік қызметтер көрсетіліп, кеңестер беріледі. 

Қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебековтің мәлімдеуінше, жыл басынан бері орталықта мегаполистің бес мыңнан астам тұрғынына ақпараттық қолдаулар мен қызметтер ұсынылды.  Кеңес берумен бірге кәсіпкерлікпен айналысуға шын ден қойған азаматтарға бизнес-жоспар да жазып береді. Басқарма алдағы уақытта орталықтың мүмкіндігін кеңейту мақсатында қаланың әр ауданынан бір-бір «Бизнеске арналған үкімет» мекемесін құруды ұйғарып, оны қалай іске асыру жолдарын қарастырып жатыр. Себебі сол кезде кәсіпкерлік бастамасына сервистік қолдау табу адамдарға қолжетімді бола түсер еді. Кез келген сауалмен жақын маңдағы орталыққа барып, өзіне керекті кеңес алып, бизнеске қатысты мәселесін оңай әрі тез шешіп кетіп алады. 

Кәсіпкерлікті қолдауға мемлекеттен жыл сайын қыруар қаржы бөлініп жатыр. Соның нәтижесінде үшінші мегаполисте кәсіпкерлік саласы жанданып, экономиканың аяққа нық тұруына, өркендеп алға жылжуына зор септігін тигізіп отыр. Мемлекет басшысы Жолдауында жастардың кәсіп бастауы үшін 2,5 пайызбен несие берілетіні айтылған болатын. Осыған байланысты жұмыстар Шымкентте былтырдан бері жүзеге асып келеді. Айталық өткен жылы пилоттық жоба ретінде «Мен кәсіпкер боламын» атты жергілікті бағдарлама қабылданған. Бұл пилоттық жоба қаладағы 29 жасқа дейінгі жастар мен әйелдерге кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мақсатында қолға алынған. «Мен кәсіпкер боламын» бағдарлама ретінде қабылданған жергілікті өңірлік іс-шаралар жоспары. Осы жобаның аясында бюджеттен 1 млрд теңгеге дейін қаржы бөлініп, 763 млн теңгеге 79 бизнес жоба қолдау тапты. Ендігі жерде басқарма Президенттің Жолдауындағы тапсырламаларды орындау мақсатында «Мен кәсіпкер боламын» жобасы аясындағы қаржы көлемін 10 миллионнан 30 млн теңгеге ұлғайтуды және жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау білдіретін тағы бір арнайы бағдарлама қабылдауды ойластырып жатыр. 

Мемлекеттің жүзеге асырып жатқан экономикалық саясатының нәтижесінде бүгінде отандық өнімдер шығаратын зауыт-фабрикалардың саны көбейген. Бұл тұрғыдан алғанда қазіргі жағдай мен бұрынғы ахуалды салыстыруға болмайды.  Қазір жұмыс істеп жатқан, енді бастағалы жүрген кәсіпкерлерге мемлекет барынша қолайлы жағдай жасап беріп отыр. Мысалы, биылдың өзінде Шымкент қаласына шағын және орта бизнесті қолдауға 15.7 млрд теңге қаржы бөлінген. Ол әрине үлкен қаражат. Себебі мұның алдында бизнесті өркендетуге мемлекет тарапынан 5-6 млрд теңге қаралып келген екен. Бөлінген қаржы несие емес. Бұл қаражат несие пайызын субсидиялауға, мәселен, 16 пайызбен берілген несие сомасын 6 пайызға дейін мемлекет есебінен өтеу үшін және несие аларда кепілзаты жетпей жатса, кепілдік орнына жұмсалатын кепілмүлік ретінде қаралған қаржылар. Әрі аталған қомақты қаражат «Бизнестің жол картасы–2025», «Қарапайым заттар экономикасы», «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» аясында бөлініп жатқан қолдау шарасындағы қаржының бір түрі. Бүгінгі таңда жоғарыда көрсетілген қаражаттың 8 млрд теңгесіне 2150 жоба қаржылай нақты қолдау тапты. Осынау қаржылай көмектің әлеуметтік оң әсері де орасан зор. Себебі әрбір жобаның артында қаншама адам өзіне жұмыс тауып, өзін және отбасын асырауға мүмкіндік алып отыр. Әр жобада орта есеппен 3 адам еңбекпен қамтылады деп есептесек, сонда 6-7 мың адам мемлекеттік көмектің арқасында өзін-өзі асырайтын шамаға жетеді. 

Қалада кәсіпкерлік субъектілерінің саны да жылдан жылға ұлғая түсуде. Дүниежүзілік пандемияға байланысты бизнес өкілдерінің саны 68 мыңға дейін азайып кеткен еді. Алайда шектеулердің алынып тастауына орай шағын және орта бизнес субъектілерінің саны биыл күрт жоғарылап 91 мыңға жетті. Мұны мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан әсіресе, пандемиядан зардап шеккен кәсіпкерлерге ұсынылған кең ауқымды қолдаулардың нәтижесі деп түсінген абзал. Бүгінде сауда-саттық немесе өндіріс саласы болсын, барлығына да мемлекеттік көмек жеткілікті деңгейде көрсетіліп жатыр. Статистикалық дерек бойынша Шымкент қаласында бүгінгі таңда жалпы 757-ден астам өнеркәсіп орындары бар. Олардың барлығы да шағын және орта бизнес нысандары болып есептеледі. Ал оның экономикадағы жалпы өңірлік үлесі 42 пайызды құрап отыр. Бұл республиканың үшінші мегаполисінде өнеркәсіптің дамып, қала өзінше жеке табыс табу жолында ілгері қарай қадам басып келе жатқанының жарқын мысалы мен анық айғағы. Осы ретте жергілікті әкімдік шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесін елу пайызға дейін жеткізуді алдына меже етіп қойып отыр. 

Шымкент қаласында өндіріс саласының мақтанышы болған төрт өнеркәсіптік алаң бар.  743 гектар жерге осы төрт индустриалды аймақ орналасқан.  Ол жерге мемлекет есебінен газ, жарық, су жалпы барлық инфрақұрылымы тегін жүргізілген. Сондықтан кәсіпкер үшін осы индустриалды аймақтарда бизнес жобасын жүргізу өте тиімді. Былтырғы жылмен салыстырғанда биыл өнеркәсіп, инвестиция, шағын және орта бизнес, бөлшек сауда секілді сауда-экономикалық барлық көрсеткіштер оң динамикасын көрсетіп, жоғары өсіммен келеді.  Бұл әлбетте бүкіл елде жүргізіліп жатқан экономикалық саясаттың және жергілікті әкімдіктің тиісті тапсырмаларды тиянақты орындаудың арқасында мүмкін болған нәтижелер. Ал жоғарыда аталған төрт индустриалды аймақта бүгінгі таңда 195 жоба 315 млрд теңгеге іске асырылып келеді. 2010-2015 жылдары салынған алғашқы өндірістік алаңдар қазір кәсіпорындармен толып қалды. Енді бұған қосымша тағы бірнеше индустриалды аймақ ашуға жергілікті әкімдік күш салып жатыр. Ол «Жұлдыз», «Бозарық» агроиндустриалды аймағы, Қазақстанда алғаш рет пайда болған жеке меншік «Стандарт» өндірістік алаңы. Бұл жеке меншік индустриалды аймақ баяғы қорғасын зауытының орнынан бой көтеріп жатыр. Ондағы қорғасын қалдықтары толық тазаланды. Және соңғысы, бұрынғы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының жанынан 200 гектар жерге қосымша  тағы 175 гектар жер қосылмақшы.   Бұдан бөлек қалада тағы «Тассай» индустриалды және әуежай маңындағы көлік-логистикалық аймағы бар.  Мәселен, бүгінгі таңда «Жұлдызда» 23 жобаны жүзеге асыру мақсатында зауыт-фабрикалардың құрылысы басталды. Бір ерекшелігі, индустриалды аймақта жер бір жыл мерзімге беріледі. Осы уақыт аралығында кәсіпкер ол жерде зауыт салып, жер учаскесін өз мақсатына сай пайдаланып үлгеруі қажет. Өз кезегінде арнайы экономикалық аймақтың индустриалды аймақтан бір артықшылығы, біріншісінде төрт қосымша жеңілдік қарастырылған. Біріншісі, зауыт-фабрика ғимаратына ешқандай салық төленбейді. Сонымен бірге корпоративті табыс салығы және шетелден тауар әкелгені үшін экспорттық баж салығы ұсталмайды. Бірақ бұл жеңілдіктер барлық тауарларға емес, білгілі бір өнімдерге ғана қатысты жүреді. Шымкенттегі жағдайда ол көбінесе жеңіл өнеркәсіп шикізаты мен тауарларына қатысты. Өйткені о бастағы жоспар бойынша мегаполисте тоқыма кластерін қалыптастыру мақсаты тұрды. Және бүгінде сол жоспар сәтті жүзеге асып келеді. Өйткені «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында Шымкент қана емес, бүкіл елге танымал және экспорттық әлеуеті өсіп келе жатқан кілем мен кілем өнімдері және сапалы, әртүрлі шұлықтар өндіріледі.  Айтқандай, кілем шығаратын «Бал текстиль» фабрикасы бүгінде Қазақстандағы кілем тоқитын бірден-бір фабрика саналады.  Сонымен бірге сапасы мықты болған соң қазір екінің бірі «Әлем-БТ» компаниясы тоқыған отандық шұлықтарды кие бастады. Бұдан бөлек «Оңтүстік» индустриалды аймағында «Фирма Дана» компаниясы бүкіл есік-терезелердің әйнегін өндіреді. Алюминий құтылар шығаратын жоба да бүкіл ел, тіпті Орталық Азия аумағы бойынша бірегей зауыт болып саналады. Өйткені түрлі газдалған сусындарға арнап шығарылған алюминий құтылар бұрын-соңды еліміз тұрмақ Орталық Азия мемлекеттерінде өндірілмеген. Күнделікті тұрмыста пайдаланатын шыны құтылардың барлығы да «Еврокристалл» кәсіпорнында шығарылады. Тізбектей берсек, Шымкентте өндіріліп жатқан маңызды тауарлар саны өте көп. Мәселен, бүгінде қаланың медицина саласында қолданатын бүкіл инелерді «Экофарм» компаниясы қамтамасыз етіп отыр. Күнделікті дастарханға қойылатын тәтті кәмпит-күлшелерді «Нұртау дистрибюшн» өндіреді. 

Айта кету керек, бүгінгі таңда негізгі мемлекеттік бағдарламалар «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасына» біріктірілген.  Аталған ұлттық жоба аясында пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, мемлекет атынан банктерге кепілдендіру беру, зауыт-фабрикалар аумағына тегін инфрақұрылымдар тарту, кәсіпкерлерге қаржылай емес көмек беру, яғни оқыту, сервистік қызметтер ұйымдастыру және қайтарымсыз грант ұсыну тетіктері қарастырылған. Сондай-ақ басқарма жергілікті іс-шаралар жоспары ретінде қабылданған «Іскер қала» бағдарламасын былтырдан бері іске қосты.