Сапалы интернет: 2025 жылға қарай қала толық қамтылады

Қысқаша

Сапалы интернет: 2025 жылға қарай қала толық қамтылады

Screenshot_4.jpg

Рас, интернетке деген сұраныс Шымкентте екі жыл қатарынан жалғасқан карантиндік шектеулер кезінде ерекше байқалды. Сонда оқушылар мен  жұмысшылар үйде онлайн режимге көшкенде мегаполистің цифрлық саласын шапшаң дамыту керектігі анық байқала түсті. Сондықтан Президент тапсырмасын орындау әрі заман көшінен қалмау мақсатында бүгінде бұл салада тиісті жұмыстар қарқынды түрде атқарылып жатыр. 

Мәселен, 2021 жылы шаһарда интернетті қолжетімді ететін 14 базалық станция орнатылып, 200 мыңға жуық халық сапалы ғаламтор игілігіне қол жеткізсе, биыл 12 базалық станция қою жоспарда бар. Тіпті бүгінге дейін оның төртеуі қаланың шалғай елді мекендеріне орнатылып үлгерді. «Бұрынғы кезбен салыстырғанда интернет сапасы анағұрлым артып, оған қолжетімділік те әлдеқайда өсе түскен. Мойындау керек, алғашында кейбір қаладан жырақта жатқан ауылдарда тіпті ұялы телефонмен қоңырау шалудың өзі мұң еді. Содан бері жағдай оңалып, елді интернетпен қамту, салаларды цифрлы форматқа көшіру деңгейі жедел түрде іске асырылып жатыр. Өйткені бұл мемлекеттің назарында тұрған басты міндеттердің бірі. Цифрландыру жүйесінің озықтығы жалпы елдің бүгінгі таңдағы әлем алдындағы дамуының рейтигісі, негізгі көрсеткішінің бірі болып саналады. Бұл тұрғыда Шымкентте атқарылып жатқан жұмыстар ауыз толтырып айтарлықтай, жетістіктеріміз жоқ емес», – деді Шымкент қалалық цифрландыру басқармасының басшысы Әсет Әбдіраханов.

Соның бір айғағы, басқарма «Востоктелеком» компаниясымен бірлесіп 20 базалық станция орнатқалы жатыр. Статистикалық деректерге көз жүгіртсек, 2020 жылы жалпы қаланың жартысы ғана интернеттің талшықты-оптикалық желісімен қамтылған болатын. Ол интернет жылдамдығы мен сапасының күштілігін қамтамасыз ететіні белгілі. Дей тұрғанмен, цифрлық нарықта негізгі ойыншылар саналатын «Транстелеком» мен «Қазақтелеком» компаниялары  талшықты-оптикалық желіні көпқабатты үйлерге тартумен ғана шектеліп отыр. Өйткені бұл жұмыстар қыруар қаржыны талап етеді және рентабельдігі де анау айтқандай жоғары емес. Ал Шымкенттегі тұрғын үйлердің 70 пайызға жуығы жеке сектордағы жер үйлер екенін ескерсек, елді мекендерді интернетке қосу жұмыстары тым баяу жүрер еді. Осы мәселенің оң шешімін табу мақсатында басқарма үлкен жүкті міндетіне ала алатын әлеуетті инвесторларды іздестірді. Сөйтіп жергілікті жерден, яғни өзіміздің Қарағанды мен Маңғыстау облыстарынан инвесторлар табылып, Шымкент қаласы әкімдігінің талап-тілегіне үн қатты. Содан бері 2021 жылдың маусымынан бастап екі инвестордың біреуі Шымкент маңындағы халық көп шоғырланған Сәуле, Достық, Асар секілді 10 елді мекенге талшықты-оптикалық интернет желісін жүргізді. Биыл қосымша тағы 15 елді мекенге интернет желісі тартылып, бұл көрсеткішті 75 пайызға жеткізу межесі қойылып отыр. Соның арқасында Самал-3, Құрсай, Еламан, Қазығұрт елді мекендерінің тұрғындары сапалы интернет игілігін көре бастады. Бұл ретте инвесторлар қолға алған бастамаларына қаржы құюды аяп жатқан жоқ. Өз кезегінде қарапайым халық та қолдау білдіріп, өз ықтиярлығымен есігінің алдына келіп тұрған интернетке қосылса, 2025 жылға қарай Шымкентте интернетпен қамтылу көрсеткіші жүз пайызға жетеді екен. Бұл цифрды жүзеге асыру әлбетте бірінші кезекте елді мекен тұрғындарының өз қолында тұрған дүние екенін ұмытпау керек. 

Шымкенттен 20 шақырым қашықтықта орналасқан Сайрам, Тоғыс, Маятас сынды ауылдар бар. Оларға талшықты-оптикалық интернет желісін тарту тым қымбат. Сондықтан оның басқа шешімі ретінде биіктігі 40 метрлік радиотолқын таратқыш мұнаралар арқылы интернетпен қамту көзделіп отыр. Бір ерекшелігі мегаполистің орталық аудандарында да жер үйлер көп. Бұл ретте тағы бір инвестор «Фишнет» компаниясы 80 көшеге немесе 260 шақырымға интернет желісін жүргізді. Сонымен биылдыққа кабельдік интернет желісін тарту жоспарланған 15 елді мекенге тағы да сегізі қосылып отыр. Инвесторлар клиенттерге барынша жайлы жағдай жасауға тырысады. Мәселен, 112 квартал немесе Самал шағын аудан  тұрғындарын интернет желісіне қосуға «Қазақтелеком» компаниясы құлық танытпаса, инвесторлар керісінше, халықтың өтініш қалайда орындаудың жолын қарастырады. 

Басқарма басшысы әңгімесінде баяндап өткендей, бүгінгі таңда халықтың коммуналдық мәселесінің көпшілігі дерлік оң шешімін тапқан. Қазір барлық елді мекенде сапалы жарық бар, есік алдындағы колонкадан су сарқырап ағып жатыр, көп отбасының шаңырағында «көгілдір отын» маздап тұр. Бұрын қара түнек басып тұратын көшелердің біразында жарықшамдар жарқырап, түнгі қаланың сәні кіріп қалды. Қала берді, шайынды суларды ағызып әкететін кәріз жүйесінің шарапатын шетте отырған қала жұрты да көре бастады. Осындай коммуналдық игіліктер мен жақсылықтарды жан-тәнімен сезінген шымкенттіктер енді жайлы сервиске ұмтылуды жөн санап отыр. Ол әлбетте жылдамдығы асқан, сапасы артқан интернет. Қала билігінің ендігі көздеген мақсаты да цифрлық жүйенің инфрақұрылымын жасақтау болып отыр. Сол үшін интернет желісін тарту ісімен айналысатын үшінші израильдік инвестормен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Пилоттық жоба ретінде Тұрлан экспедициясы аумағындағы 10 үйді интернетке қосып көрмек. Келешекте Ынтымақ-1,2 және Нұршуақ шағын аудандарына интернет желісін тарту мақсаты қойылып отыр. 

Әрине, қазіргідей цифрлық дәуірде интернет болмаса жұрт өзіне қажетті қызмет түрлерінің бірін де ала алмас еді. Ендігі жерде басқарманың алдында тұрған міндет – халықтың цифрлық сауатын ашу. Қызметтің барлық түрін халыққа қолжетімді ету үшін цифрлық жүйенің артықшылығын кәдеге жаратқан әкімдік тарапы бүгінде iShymkent.kz платформасын іске қосты. Сөзіміздің басында айтылғандай, тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында 13 мыңдай халықты 5 бағыт бойынша  арнайы курстарға қатыстырудың жоспары түзіліп жатыр. «Әрбір азамат бүгінгі заманда жан-жақты білімді, көкірек көзі ояу болуы шарт. Сол себепті адамдарды жас ерекшелігіне бөлмей цифрлы сауатты болғанын қалаймыз. Түптеп келгенде егер адам интернет арқылы жұмысты жақсы меңгерген болса, кезекте тұрып алатын барлық қызметті үйде отырып та өзінің ала беруіне мүмкіндік туады. Мәселен, қазір көпшілік жұрт жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту үшін арнайы қызметкерге жүгінеді. Ал цифрлық сервисті жақсы білсеңіз, осы құжатты өзіңіз-ақ дайындай аласыз. Сонда егер халық цифрлық қызмет тұрғысынан сауатты болса, бүгінгідей араға делдал салып, біреулерге алданып, опық жеп жүрмес еді», – дейді Әсет Абдраханов.

Цифрлық жүйе бойынша Шымкентте іске асып жатқан оңды істердің бірі – бақылау камераларының орнатылуы. Дерекке сәйкес, қалада 3177 камера бар. Оның жартысы бейнебақылауға арналса, 1677-сі жол қауіпсіздігін бақылайтын камералар. Бұл бастаманың тиімділігі мен нәтижесі өте күшті болғанын айтады басқарма басшысы. Соның арқасында мегаполис көшелері мен жолдарында тәртіп түзеліп, қауіпсіздік азайған. Әсіресе, заңға қырын қарайтын жүргізушілер айыппұлдан аузы күйіп, біраз жөнге келіп қалды. Соның ішінде көлікті жүргізгенде жылдамдыққа қатысты талапты ұмытып кететін жастардың аптығы басылған. Мәлімет бойынша биыл қосымша тағы мың камера орнатылады. Оның 800-і бейнебақылау функциясын атқарады. Қазіргі уақытта қаладағы барлық мектептерде бейнабақылау құрылғылары қойылып, олар жергілікті полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған. Ендігі ретте балабақша мен ауруханалар бейнебақылау камераларымен қамтылатын болады. Басқарманың алдына қойып отырған жоспары бойынша 2025 жылға қарай қаладағы камералар үлесі 57 пайызға жетуі тиіс.

Маманның айтуынша, былтыр бұл көрсеткіш 21 пайыз болған екен. Қала аумағы бұрынғымен салыстырғанда бірнеше есеге ұлғайған. Сондықтан қала әкімдігі шалғай елді мекендерді бақылау камерасының назарында ұстауға тырысып жатыр. Негізінде елді мекендердің үлкен көшелерінде камералар баяғыдан жұмыс істейді. Полиция қызметінің ұсынысымен қосымша көшелерді де енді камераның объективіне алу көзделіп отыр. Жалпы қаланы жүз пайыз бейнебақылаумен қамту үшін 19,5 мың камера керек екен. Дегенмен бюджет шамасына қарай камералар орнату ісі қалада жалғасын таба бермек. 

Сондай-ақ iShymkent.kz  платформасының келешегі де өте зор болмақ. Қазірдің өзінде коммуналдық қызметтер автоматтандырылып, платформаға қосылды. Осыған арнайы диспетчерлік пункт, яғни халықтық кеңсе ашылып, қарапайым тұрғындар сол жерден монополистермен келісімшартқа тұра алады. Ендігі жоспарда Мүлік иелері бірлестігі мен Жай серіктестік жұмыстарын автоматтандыру тұр. Жалпы тұрғын үй реформасында көзделген жаңа басқару нысанына өту үшін үй тұрғындарының осы мақсатқа арнайы ұйымдастырылатын басқосуына түгелдей дерлік қатысуы міндетті. Осы тұста әркім жеке шаруасымен жиналысқа уақытында қатыса алмай қалатыны тағы бар. Сондықтан бұл істі жеңілдету үшін жауапты маманның пікірінше, Нұр-Сұлтан қаласындағыдай цифрлы жүйеге көшіру керек. Ал ол міндетті Шымкентте iShymkent.kz  платформасы жүзеге асыра алады. Жалпы басқарма басшысы барлық саладағы қызмет түрлерін, мәселен білім беру, мұғалімдерді жұмысқа қабылдау секілді функцияларды жоғарыда аталған бір платформаға біріктіру қажеттігін айтады. Сонда Шымкенттің дербес экожүйесі пайда болады.