Жергілікті әкімдіктің жоспарына сәйкес 2022 жылдың соңына дейін асфальт-бетон жамылғысы бар және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесі мегаполисте 67,4 пайызға жеткізілетін болады. Шымкент қаласында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы бүгінгі таңда 3 мың шақырымнан асады. Оның жартысынан астамы асфальт-бетон жолдар. Мың шақырымдайы шағал тас төселген көшелер. Қалған 150 шақырымнан астамы топырақ жол.
Автомобиль жолдарының сапасын жақсарту бағытында қала билігі тиісті жұмыстарды жүргізіп келеді. Мысалы, биыл мегаполистің 351 шақырым жолында жөндеу жұмыстары қарқын алды. Соның ішінде 67 шақырым жол жаңадан салынуда немесе қайта жаңартылады. Қалғаны орташа немесе күрделі жөндеуден өткізіледі. Қала әкімдігінің жоспары бойынша асфальт жолдардың үлесі жыл сайын арта бермек. Мәселен, 2025 жылға қарай ол шамамен 80 пайызға жетеді деп күтілуде. Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, 2022 жылы жоспарланған 308 көшенің 190-нында жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. Барлық көшені жыл соңына дейін аяқтау жоспарда бар.
Мегаполисте 190 нысанда жол-құрылыс жұмыстары қолға алынған. Оның екеуі Рысқұлов-Қонаев, Бәйдібек би-Арғынбеков көшелерінің қиылысындағы жолайрық құрылысы болса, қалғаны 6 кезеңнен тұратын Қонаев көшесінің, Оңтүстік, Шығыс айналма жолдарының, Самал-1,2,3 шағын аудан көшелерінің, 2 кезеңге бөлінген Өтегенов көшесінің құрылыс жұмыстары. Бұдан бөлек А-2 жолы, Адырбеков көшесі қайта құрылып жатса, Ақжайық, Қайтпас-1, Тассай шағын аудандарының жолдары мен Қошқарата өзені арқылы өтетін 2 көпір күрделі жөндеуден өтуде. Биылғы ірі нысандар қатарына кіретін Қонаев даңғылы 3 кезеңінің, Қонаев-Рысқұлов жолайрығының және Самал-1,2,3, шағын аудандарындағы жолдардың құрылысы аяқталады. Сондай-ақ егер құрылыс жолағында жатқан жер учаскелерін мемлекет мұқтаждығына қайтару мәселесі дер кезінде шешімін тапса, Шығыс және Оңтүстік айналма жолдарының құрылысы да мәресіне жетеді.
Бүгінде қаладағы орташа жөндеу жұмыстары атқарылып жатқан 155 шақырым жол толығымен бітті. Жалпы мегаполистегі Республика, Рысқұлов, Иляев, Тәшенов, Ақназар хан, Клара Цеткин, Жолан батыр, Дулати, Мангелдин, Тоқаев сынды магистральді 10 көше жөндеуден кейін толық пайдалануға берілуде. Мегаполистің әкімшілік аумақтарындағы жұмыстарға жекелей тоқталсақ, мәселен Еңбекші ауданына қарасты Базарқақпа тұрғын алабының көшелері толығымен орташа жөндеуден өтті. Олардың ішінде Шахайдаров, Тельман, Жастар, Ақшеңгел, Нарынкөл, Қорғамқұм, Ақыртас, Таңыртау, Абдалиев және Жалпақтал көшелері бар. Орташа жөндеу жұмыстары бұл көшелерде сәуір айында басталып, аяқталуы маусым айына белгіленген өндірістік кестеден ауытқымады. Айта кету керек, тұрғын алаптағы жөнделген көшелердің жалпы ұзындығы –¬ 11 шақырым. Жобалық- сметалық құжатта көрсетілгендей, барлығына 10 сантиметр қалыңдықта асфальт төселді. Өз кезегінде Қаратау ауданындағы Шығыс айналма жолда құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Аталған жолды салу 2021 жылы басталып, биыл құрылысы жалғасуда. Шығыс айналманың 1-кезеңі №1 автожолдан Әл-Фараби көшесіне дейінгі аралықты қамтиды. Құрылысқа жауапты мердігер мекеме – өңірге танымал «Отау Строй» ЖШС-ы. Шығыс айналма жолының ұзындығы – 3,9 шақырым, 4 жолақты ал ені 60 метр болады. Бүгінге құрылыс межесінің 28 пайызы орындалды.
Сонымен қатар, Өтегенов көшесі құрылысының 1-кезеңі «Шымкент Сити» шағын ауданынан Сырым батыр көшесі аралығын қамтиды. Бұл кезеңдегі жолдың жалпы ұзындығы – 970 метр, ені 28 метрді құрайды. 4 жолақты жолдың бірінші кезеңі құрылысын жүргізіп жатқан мердігер «Алем Транс Жол» компаниясы автомобиль жолына жер негізін жасап, тығыздау жұмыстарын атқарды. Асфальт-бетон қабаты да төселуде. Екінші кезеңдегі Өтегенов көшесінің құрылысы Сырым батыр көшесі мен Төлеметов көшелерінің аралығында жүреді. Бұл жерде жолдың ұзындығы – 970 метр, ені – 23,5 метр. Автомобильдер 4 жолақта жүйткімек. Қонаев даңғылының жол құрылысы 5 кезең бойынша іске асырылуда. Даңғылдың 5-ші кезеңіндегі құрылыс Бадам өзенінен басталып, 6-шы кезеңге дейінгі аралыққа жалғасады. Құрылыстың бесінші кезеңіндегі жолдың ұзындығы – 4,6 шақырым, ені – 23 метр. Ал жол бойындағы аяқжолдың ені – 3 метр. Алты қозғалыс жолағы болады. Құрылыста жол негізін әзірлеу, тас төсеу, суағарларды, су өткізгіш құбырларды орнату секілді жұмыстар атқарылады. Жол түсетін белдеуде инженерлік желілерді ауыстыру жоспарда бар. Осында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың бірі – тірек қабырғаларын орнату. Оның ұзындығы мың метрден асса, биіктігі 15 метрге жетеді.
Бәйдібек би - Арғынбеков қиылысындағы жолайрық құрылысы ауқымды жобалардың қатарына кіреді. Жолайрық құрылысы бүгінде қарқын алған. Үш деңгейден тұратын жолайрық 2022-2023 жылдар аралығында салынып, қаланың көлік қозғалысын реттеуге үлкен септігін тигізбек. Ауқымды жобаны іске асырудың нәтижесінде аталған көшелердің көлік өткізгіштік қабілеті екі есеге дейін артады. Жолайрықтың техникалық сипатына орай Бәйдібек би даңғылының 700 метрі, Арғынбеков көшесінің 921 метрі құрылыс аумағына енген. «Жоба бойынша ені 80 метрлі төрт-алты жолақты автомагистраль салынып, жол жиегіне жаяу жүргіншілер және веложол төселеді. Қазіргі уақытта құрылыс алаңы – Арғынбеков көшесі бойында тіреу қабырғалары орнатылып жатыр. Ал Бәйдібек би даңғылында көпір өткелі конструкциялары құрастырылуда. Жолайрықтың Бәйдібек би бойындағы көлік қозғалысы 6 шілде күні жабылған болатын. Жоспарға сәйкес, биыл күзде аталған даңғылдың солтүстік бағыты көлік қозғалысына жартылай ашылды. Ал оңтүстік бағытындағы көлік ағыны Арғынбековке қарай бұрылып, Байтұрсынов көшесімен бойлай жүруде. Көлік қозғалысы үшін Арғынбеков көшесіне балама магистральдар ретінде Рысқұлов пен Төлеметов көшелері белгіленген. Ал, Бәйдібек би даңғылына балама көшелер Бәйтереков, Шаяхметов және Өтегенов таңдалынды», – дейді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасов.
2019 жылдың басында Үкімет қаулысымен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» құрылған болатын. Аталған орталықпен Шымкент қаласының әкімдігі жолдың сапасын арттыру мақсатында арнайы келісімшарт бекіткен. Осыған сәйкес, қаланың көшелеріне төселген әрбір асфальт қабатының нығыздығы орталық тарапынан тексеруден өтіп тұрады. Деректерге назар аударсақ, 2020 жылы 1161 жол құрылысы материалдары іріктеп алынса, оның ішінде, нормативтік талаптарға жауап бермегендерінің саны 603 болды. Өткен жылы да 1285 жол құрылысы материалдары сыналып, соның 671-і нормативтік талаптарға жауап бермеген. Биыл жыл басынан бері қаладағы 108 нысанға тексеру жүргізілді. Соның нәтижесінде 68 нысанда кемшіліктер мен ақаулар анықталды. Бұдан бөлек, жол құрылысы материалдарының 368 сынамасы іріктеліп, 241-і нормативтік талаптарға сәйкес келмеді. Іріктелініп алынған асфальтбетон үлгілерінің саны 280-ге жетті. Айта кету керек, жаңа кәсіпорынның сынама жұмыстарындағы міндеті кеңейіп, ауқымы артқан. Арнайы құрылғылармен жабдықталған жылжымалы зертхана соның дәлелі. Орталық мамандары құрылыс жұмыстары жүріп жатқан жерге барып, қолданыстағы материалдар сынамасының талапқа сай болуын тексереді. Жалпы, орталықтың міндеті – автомобиль жолдарына сараптама жүргізу арқылы төселген жолдардың сапасы мен қауіпсіздігін қадағалау. Осы орайда Шымкентте салынып жатқан жолдардың сапалы екендігіне еш күмән жоқ.
Ресми дерек бойынша қалада тұрақты бағытта қатынайтын 78 маршрут болса, осы маршруттармен күнделікті мыңға жуық автобус жолаушыларды тасымалдайды. Өз кезегінде қоғамдық көліктерде екі мыңдай кондуктор қызмет көрсетеді.