Кездесулерден кейін көп мәселе шешімін табуда

Қысқаша

Кездесулерден кейін көп мәселе шешімін табуда

Screenshot_2.jpg

Күні кешегі Жолдауында Президент «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын ұстану аса маңызды екенін атап көрсетті. Яғни халықпен жиі кездесіп, ашық әңгімелесу, талап-тілектерін тыңдап заң шеңберінде шешу маңызды. Бұл орайда Шымкент қаласында 17 мыңға жуық арыз-шағым шешімін тапқаны көп жәйтті аңғартады. 

Тұрғындармен кері байланыс, арыз-шағымдардың орындалу барысы талқыланған аппараттық мәжілісте  «i-Shymkent 109» орталығының басшысы А.Әміртаев Шымкент қаласының ситуациялық орталығына маусым айында тұрғындардан 17 197 арыз-шағым келіп түскенін, оның ішінде 16 915-і орындалған, 282 арыз орындалу барысында екенін атап өтті. Тұрғындар көбіне «Tolem» картасында орын алған ақаулар, жарықтың ескертусіз сөнуі, Нұрсат шағын ауданындағы электр желісінің жиі істен шығуы, Қошқар ата өзені аумағының тазалығы, қоғамдық көліктер жүру кестесі нормаларының сақталмауы, сызбасының (маршрут) өзгеруі секілді мәселелерді көптеп көтерген. Жиында жауапты мекемелердің рейтингісі жарияланып, сапасыз жұмыстар үшін қала әкімі тарапынан кейбір басшыларға қатаң ескертулер берілді. Қоғамдық көліктерге қатысты жүйелі тексеру шараларын ұйымдастыру, сонымен бірге, электр қуаты бойынша энергетика басқармасына нақты тапсырмалар жүктелді. 

Қала әкімі Мұрат Әйтенов азаматтарды жеке мәселелері бойынша кезекті бірыңғай қабылдауын өткізген болатын. Қабылдауға 250-ден аса азамат келген болса, соның 170-ке жуығы қала әкіміне өтініштерін білдірсе, қалғаны басқарма мен аудан әкімдіктері деңгейінде қаралды. Тұрғындар негізінен тұрғын үй, әлеуметтік сала және инфрақұрылым мәселелері, заңсыз құрылыс жөніндегі талап-тілектерін жеткізді.  «Түркістан» сарайында өткен біріңғай қабылдауда шахар басшысымен қатар қала әкімінің орынбасарлары мен басқарма басшылары, прокуратура мен полиция департаментінің өкілдері, аумақтық департамент басшылары да тұрғындардың жеке мәселесін тыңдады. Жер телімін заңдастыру, тұрғын үй беру туралы өтініштер тек заңға сәйкес шешілетіні айтылып, мемлекеттік қордан пәтерлер кезек арқылы арнайы электронды жүйеде жүзеге асатыны түсіндірілді. Келушілер арасында әлеуметтік дүкен ашу, қонақ үймен қатар емхана салуға инвестор болу, суреттерінің жобасымен таныстыру, Бас жоспарға қатысты өзгерістер ендіру, қаланың өркендеуіне қатысты идеяларымен бөлісіп келгендер де болды. Қала әкімі М.Әйтенов әрбір азаматтың өтінішін тыңдап, мегаполис тіршілігіне бей-жай қарамайтын белсенді тұрғындарға алғысын білдірді. Жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді. 

Сондай-ақ Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, енді тұрғындар баспана мәслесіне қатысты сұрақтарына жауап алу үшін телеграм ботқа жүгіне алады. Аталған онлайн телеграм бот парақшасы kezekte.kz электрондық порталының ішінде орналасқан. Азаматтар электрондық порталға кіріп, QR кодты сканерлеу арқылы телеграм бот парақшасына өтеді. Мұнда тұрғын үй саласына, яғни тұрғын үй кезегіне тіркелу немесе жастар бағдарламасына қатысты, сондай ақ тұрғын үй сертификатына өтінім жіберу, барысында орын алған кез келген техникалық сұраққа сайт әзірлеуші мамандар онлайн түрде дер кезінде жауап береді. Бұл бірінші кезекте уақыт үнемдей отырып, тұрғындардың үйінен шықпай-ақ ғаламтор арқылы құжаттарды рәсімдеу үшін құқықтық кеңес түрінде жүзеге асырылуда. 

Қала әкімінің халықпен кездесулерінде көтерілген мәселелер біртіндеп шешімін табуда. Мысалы, М.Әйтенов Абай ауданы тұрғындарымен кездесулері мен азаматтарды жеке қабылдауы барысында ауданға қатысты 110 хаттамалық тапсырма берген-ді. Бүгінде оның 57-сі орындалып, 53-і жұмыс барысында. Соның ішінде Ынтымақ шағын ауданына қатысты бірқатар мәселе шешілген. Жуырда қала әкімі аудан тұрғындарымен кездесіп, атқарылған жұмыстарды қоғамдық бақылау кеңесінің мүшелерімен бірге талқылады. Шешімін тапқан мәселелердің бірқатарын айта кетелік. Ынтымақ-2 шағын ауданын сапалы табиғи газбен қамту мақсатында ЖСҚ әзірленуде.  Құрылыс жұмыстары келер жылға жоспарланған. Есенов көшесінің жарықтандырылмаған 1,2 шықырым бөлігінде құрылыс жұмыстары жүргізілуде, қыркүйек айында аяқталады. Осы Есенов көшесіндегі тозығы жеткен 300 метр аяқ жол салуға қаржы қаралған. Бүгінде мердігер мекеме тарапынан құрылыс жұмыстары жүргізілуде, қыркүйек айында аяқталады. Ал Ынтымақ-2 шағын ауданындағы 5 топырақ жолға шағал тас төселіп, қыркүйек айына дейін пайдалануға беріледі. Темірлан тас жолынан кіретін Ирисмат ата көшесі №55 қоғамдық көліктің бағытын кеңейту жұмыстары тамыз айының соңына дейін атқарылатын болады. Сонымен қатар, аяқ жол салу жұмыстары жолды кеңейту жұмыстары атқарылған соң жүргізіледі. «Жаңаталап» тұрғын алабындағы Айбар көшесінің жалғасы (0,5 км) ағымдағы жөндеу жұмыстары есебінен асфальтталады. Жұмыстар биыл қазан айында аяқталады. «Самал-3» шағын ауданы кәріз жүйелерінің құрылыс жұмыстары 75 пайызға аяқталған. Жыл соңында 4300-ге жуық үйге кәріз қосылады. Қала әкімі Абай ауданы белсенді тұрғындарымен кездесуде қала аумағына енген елді мекендердің инфрақұрылымдық жағдайы күн тәртібінен түспейтінін, мәселенің орындалуы тұрақты бақылауда екенін жеткізді. Ынтымақ-2 шағын ауданының тұрғындарымен болған кездесуде инженерлік-инфрақұрылым, жол, жерді заңдастыруға қатысты мәселелер көтерілген болатын. Бүгінде табиғи газ бойынша ЖСҚ әзірленуде, құрылыс жұмыстары келер жылға жоспарланған. Интернетпен қамтуда базалық станция орнатылуда, жыл соңында пайдалануға берілмек. Он көшенің екеуі жарықтандырылған. Осы жылы 1 көше, келесі жылы 2 көшені жарықтандыру жоспарға енген. Биыл емханаға баратын ұзындығы 1 шақырым жолға асфальтбетон төселді. Кешенді жоспарға сәйкес 2023 жылы жалпы ұзындығы 6,4 шақырымды құрайтын Қайыңды, Дарабоз, Қапланбек, Таң нұры, Кеңістік және Имантау көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Барлық қоғамдық көліктер шағын ауданды толық қамтып, орталық көшелерінде кестеге сәйкес қызмет көрсетуде. Жалпы қала аумағындағы елді мекендер тұрғындары көтерген мәселелер назардан тыс қалмайды және оларға қатысты тұрғындарға нақты жауаптар берілуде.

Салауатты өмірге бет түзеген қала

Кездесулерде қала әкімі шымкенттіктер бұқаралық спортты өзінің өмірлік серігі етуі тиіс екендігін айта келе, бұл орайда жаңадан бой көтерген ашық спорт алаңдары оң септігі тиетінін атап көрсеткен болатын. Барша қала тұрғындарын спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырған-ды. Бұл орайда қала бойынша спорттық нысандар саны 933-ке жеткенін айта кетелік. Биыл бюджет есебінен қалада 3 және жеке инвесторлар арқылы 4 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Оған қосымша 38 спорт алаңшаның құрылысын жүргізіп, пайдалануға беру жоспарлануда. Қазіргі таңда «Металлург» стадионын реконструкциялау бойынша спортшылар үйінің құрылысы 100 пайызға аяқталды. Ал үлкен спорт залдың қаңқасы тұрғызылып, қабырғалары қалануда. Әкімшілік ғимараттың қаңқасы тұрғызылып, ішкі әрлеу жұмыстары басталған. 1504 орынға арналған көрермендер трубинасының құрылыс жұмыстары 80 пайызға орындалды. Ал Сайрам тұрғын алабындағы №12 спорт мектебінің қосымша корпусының құрылысы бойынша жертөле қабырғасы 100 пайыз, үлкен спорт зал құрылысы қаңқасы көтеріліп, қабырғасы кірпішпен өрілуде. Инженерлік жүйелер құрылысы 70 пайыз, ішкі әрлеу жұмыстары 50 пайызға орындалып, аяқталуға таяды. Сонымен бірге, қалалық №20 спорт мектебі ғимараты, үстел теннисіне арналған спорт нысанының және жаңа ипподромның құрылыстары кестеге сәйкес атқарылуда.

Жалпы Шымкент – салауатты өмірге бет түзеген шаһар. Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Б.Тұманбаевтың мәлімдеуінше, қаланың 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, спорт саласында негізгі 4 бағыт белгіленген. Дене шынықтырумен және спортпен айналысатын азаматтардың санын 2022 жылы 35,9 пайызға (396 336 адам) жеткізу жоспарланған. Қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 36,2 пайызға (402 544 адам) орындалды. Халықтың 1000 адамға арналған спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуін биыл 51 пайызға (39 243 шаршы метр) жеткізу межеленген. Бүгінде жоспар 51,2 пайызға (39 513 шаршы метр) орындалды. Сонымен қатар, дене шынықтырумен және спортпен айналысуға қарсы көрсетілімдері жоқ мүмкіндігі шектеулі азаматтарды (1861 адам), жастарды спортпен қамту (14-18 жас) нақты 45 940 адамды құрап, жоспар артығымен орындалды. Жыл басынан бері спортты дамытуда көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. Нақтырақ айтқанда, спорт түрлерінен 26 ҚР чемпионаты өтті. Оған еліміздің барлық өңірінен 10500-ге жуық спортшы мен жаттықтырушылар қатысты. Әр түрлі жас ерекшеліктері арасында 27 қала чемпионатына барлығы 1800 спортшы бақ сынады. Одан бөлек, қала тұрғындары, әр түрлі сала қызметкерлері арасында 24 бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізілді. Ал «Жастар лигасы» жобасына былтыр 140 мектеп қатысса, биыл 151 орта мектептен 6 мыңға жуық оқушы қамтылды.

Қалада қолжетімді спортты дамыту, спорттық секцияларды жан басына шаққандағы қаржыландыру жобасы бойынша да бірқатар жұмыстар жүзеге асты. Шымкентте өткен жылдың II-жартыжылдығынан бастап жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасы іске асырылуда. Биыл жобаға мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асыруға жергілікті бюджеттен 2 323,0 млн. теңге қаржы бағытталып, спорттық секцияға 14 000 баланы қамту жоспарланған болатын. Қазіргі таңда ата-аналардан 22 спорт түрі бойынша (186 спорттық секция) жалпы саны 21 286 өтінім түсіп, 14 230 баланың ата-аналарымен келісімшарт жасалды. Осы жоба аясында 264 жаттықтырушы және 150-ге жуық басқа да қызметкерлер жұмыспен қамтамасыз етілді. Мемлекеттік спорттық тапсырыс арқылы 2023 жылы 18 000 баланы, 2024 жылы 20 000 баланы спорттық секциямен қамтамасыз ету жоспарлануда.

Қолжетімді спортты дамытудың бір тетігі – «Аула чемпионаты». Жалпы қолжетімді спорт аулалардан басталады. Биылғы «Балалар жылы» аясында қаладағы мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді пайдалану және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында төрт ауданда орналасқан спорт алаңшаларында әр аптаның жексенбі күндері аудан әкімдіктерімен бірлесіп «Аула чемпионаттары» ұйымдастырылуда. «Аула чемпионатында» жеңімпаз болған балаларға диплом, медаль және кубоктар, қатысушыларға арнайы сыйлықтар табыс етілді. Қазіргі уақытта Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандарында 48 спорт алаңшада аула чемпионаттары өткен. Оған 3600-ден астам бала қатысып, 120-ға жуық спорт саласының мамандары жұмылдырылды. Спорттық іс-шара жыл соңына дейін жалғасады.