Шаһардың іргесіндегі Қаратау ауданына қарасты «Достық» шағын ауданының халқы көгілдір отынға қол жеткізді. Тұрғындардың қуанышымен қала басшысы Мұрат Әйтенов бөлісіп қайтты. Бұл кездесуге қоғам белсенділері, ауыл билері мен Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов қатысты.
«2021 жылдың желтоқсан айында 46,06 шақырымға газ жүйесі тартылған болатын. Көгілдір отынмен қамтуда АГРС-3 нысанының іске қосылуын күттік. Міне, көптен күткен жұмыс толық аяқталып, сіздерге газ беріліп жатыр. Құжаттары дайын үйлерге газ қосылды. Енді қалғандарыңыз да күз басталмай құжаттарыңызды әзірлеп үлгеріңіздер»,–деді қала әкімі.
Жалпы Достық шағын ауданында 2686 үй, нақты 15 750 тұрғын бар. Ал абоненттердің саны – 2625. Мұндағы тұрғындар газдандыруды көптен күткен болатын. Аз қамтылған, көпбалалы отбасылары басым елді мекенде 2 686 үйде 15 мыңнан астам тұрғын күн кешуде. Көгілдір отынның игілігін көрген тұрғындардың қуанышында шек жоқ. «Газ лапылдап, міне жанып тұр. Бұрын әбден қиналатын едік. Газ баллон сатып алып, пеш жағатынбыз. Енді, міне өздеріңіз көріп тұрғандай бізді табиғи газға қосты. Барлығына рахмет! Қуанышымда шек жоқ»,– дейді Достық шағын ауданының тұрғыны Баян Иманова.
Шағын ауданға газ жүйесін «ГШ Шымкентгаз» серіктестігі тартты. Мердігер мекеме бюджеттен бөлінген 957, 838 млн теңгені толық игеріп, жұмысты кестеге сәйкес мерзімінде аяқтады. 3-автоматтандырылған газ тарату стансасының іске қосылуы «Достық» шағын ауданынан бөлек, Асар-2 елді мекенін газдандыруға мүмкінді берді. Қаланың даму жоспарына сәйкес, Қайнарбұлақ тұрғын алабы тұрғындарының да көгілдір отынға қол жеткізу күні алыс емес дейді биліктегілер.
Елімізде өңірлер арасындағы айырмашылықты қысқарту үшін «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жоба әзірленген. Ұлттық жобасының мақсаты – базалық қызметтерге халықтың тең қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдайды жақсарту әрі тұрғын үй құрылысын дамыту, сондай-ақ көліктік байланысты қамтамасыз ету және елдің көліктік-транзиттік әлеуетін жоғарылату есебінен азаматтардың қолайлы өмір сүру ортасын құру. Жоба аясында үшінші мегаполисте коммуналдық мәселелер кезең-кезеңмен шешіліп келеді. Мәселен, Шымкент қаласын электр қуатымен қамту көрсеткішін биыл 98 пайызға жеткізу жоспарға қойылған. Бұл мақсатта 5 елді мекен – Жаңаталап, Достық, Тұран, Нұртас, Сәуле шағын ауданында және Бозарықта 1 қосалқы станция, «Ақжар» 110 кВ қосалқы станцияларында құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға беріледі. Ал Ынтымақтағы қосалқы станция, Нұрсат, Қайнарбұлақ, Батыс, Солтүстік саяжай шағын аудандарында құрылыс жүруде, келер жылы аяқталады. Нәтижесінде 2023 жылы қаланың электр қуатымен қамтылу деңгейі 100 пайыздық көрсеткішке жетеді. Мұндай мәліметті жақында қала әкіміне энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Б.Болатбеков 6 айдағы индикаторлардың орындалуы бойынша берген есебінде айтқан болатын. Алғашқы жартыжылдықтағы жұмыстар нәтижесінде – Ақжардағы қосалқы станциясы жұмысы 97 %, Сәуле 97 %, Cолтүстік саяжай 88 %, Достық 80 %, Жаңаталап 67 %, Тұран 2-3 64%, Батыс 56 %, Нұртас 50%, Қайнарбұлақ 45 %, Бозарық 45 %, Нұрсат 33% орындалған.
Мегаполис тұрғындары тіршілік нәрі – ауыз судан да тапшылық көріп отырған жоқ. Қазіргі таңда шаһардағы 81 елді мекеннің 78-і сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілсе, Құрсай, Сайрам, Қайнарбұлақ елді мекендері ауыз суды кестемен тұтынады. Қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту көрсеткішін арттыру мақсатында биыл 7 нысанда құрылыс жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Олар: Құрсай 1,2- кезек, Асар-2 екінші кезек, Нұртас ВС, Текесу елді мекені, Еңбекші ауданы жаңа құрылыс аумақтары және Қайнарбұлақ елді мекені. Ал, Сайрам елді мекенінде құрылыс жұмысын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізіліп жатқан көрінеді. Қаланың бас коммуналшысының айтуынша, бүгінгі таңда Құрсай елді мекенінде екі кезеңнен тұратын жобаның 80 пайыздан астам құрылыс жұмыстары аяқталып, 270 шақырым су құбыры орнатылды. Қайнарбұлақ тұрғын алабына ауыз су құбырын тарту құрылысы 2023 жылға өтпелі. Осы жылдың қорытындысымен Құрсай, Асар-2, Текесу елді мекендері мен Нұртас су жинақтағыш ғимаратының құрылыс жұмыстары аяқталады. Нәтижесінде қала тұрғындарының сапалы ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 99%-ға жетпек. Жоспарға сәйкес, Шымкент қаласының тұрғындары 2023 жылы 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтылады дейді мамандар.
Кәріз жүйесіне тоқталатын болсақ, бүгінгі таңда Шымқаланың 54 пайызы кәріз жүйесімен қамтылған. Биыл бұл көрсеткішті 60 пайызға жеткізу, яғни қосымша 65 мыңға жуық тұрғынды қамту жоспарланған. Бұл мақсатта 20 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін Самал-3, Мирас-Шапағат-2, Ұлағат, Солтүстік шығыс, Хлопзавод-Шолохов, Жұлдыз елді мекендері кәріз жүйесіне қосылмақ. Ал, Асар-2, Тассай, Тұран ішкі жүйелер, Достық, Қайтпас-2, Солтүстік-Батыс шағын аудандарындағы құрылыс жұмыстары келер жылы аяқталады. Сонымен бірге, Достық КНС (қайта құру), Арғынбеков коллектор, Тұран ішкі магистрал, Бозарық 74 га аумақтағы құрылыс жұмысы аяқталады. Ал Нұртас, Тараз шағын аудандары, Айша бибі көшесі, 112 орам құрылысы осы жылы басталмақ. Қаламыздың даму жоспарына сәйкес, 2022-2025 жылдары кәріз жүйесімен қамту көрсеткішін 75 пайызға жеткізу жоспарға қойылған.
Үшінші мегаполистің көшелері қауіпсіз әрі жарық болуы тиіс. Осы мақсатта қалада 2020 жылы 39 көше жарықтандырылып, қаланы қамту көрсеткіші 24 пайыздан 29,5 пайызға өскен болатын. Өткен жылдан бастап қала әкімінің тапсырмасына сәйкес мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы аясында 104 көшеге жарықшамдар қойылды. Нәтижесінде бүгінде 747 көшенің 324-і жарықтандырылып, қамту көрсеткіші 43,4 пайызға жетті. Қосымша 12 көшенің жарықшамы қайта жөнделді. Биыл да аталмыш жоба аясында 102 көше жарықтандырылмақ дейді сала мамандары. Жұмыстар кезең-кезеңімен жыл соңына дейін жүргізіледі. Нәтижесінде 2022 жыл қорытындысына сәйкес Шымкент көшелерінің 57 пайызын түнгі жарықпен қамту жоспарланған. 2023 жылы 106 көшені жарықтандырып, қамту көрсеткішін 70 пайызға өсіру жоспарға қойылған.
Энергетика және ифрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының мәлімдеуінше, қаланың қысқа дайындығы жоспарға сай жүргізілуде. Пысықтау жұмыстары 20 қыркүйекке дейін толығымен аяқталмақ. Бүгінде жылу қазандықтары 80 пайызға, сорғы стансалары 82 пайызға, көп қабатты үйлер 74 пайызға дайын екен.