Мегаполисте медициналық инфрақұрылым жақсарып келеді

Қысқаша

Мегаполисте медициналық инфрақұрылым жақсарып келеді

Screenshot_1.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Қазақстан халқына Жолдауында ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамитынын атап өтті. «Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек. Мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігін тиімді пайдаланған жөн. Медицина – инвестиция салуға қолайлы сала. Тек оған дұрыс жағдай жасау қажет», деді Президент. Салаға дұрыс жағдай жасау бағытындағы бастамалар үшінші мегаполисте кеңінен қолға алынып келе жатқанын айта кетелік. Шымкент қаласында соңғы 3 жылда медициналық ұйымдардың материалдық техникалық базасын нығайтуға 13,9 млрд теңге қаражат бөлініп, қамту көрсеткіші 79,2 пайызға жетті. 

Шымкент қаласының №1 қалалық клиникалық аурухана базасында заманауи ангиографиялық ота жасау бөлмесінің ашылуына қатысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов ангиографиялық аппараттар алдыңғы жылы №2 қалалық ауруханаға, былтыр қалалық клиникалық балалар ауруханасына және қалалық онкологиялық орталыққа орнатылып, халыққа жоғары мамандандырылған медициналық көмектің қол жетімділігін арттырғанын айтып өтті. Үшінші мегаполисте денсаулық саласын дамыту жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Қалалық клиникада бас ми тамырына, бастағы ісікке және инсульт алған науқастарға жоғары жоғары технологиялық операция жасалады. Жаңадан орнатылған ангиографиялық жүйе соңғы буындағы құрылғы болып табылады, құны 1 млрд теңгеге жуық.  Мамандар жүйенің ерекшелігі – екі детекторды бір уақытта қолдану арқылы нейрохирургиялық, интервенциялық оталарды жасауға, тамырларды 3D кескінде тексеруге, отаның барысында компьютерлік томография өткізуге мүмкіндік беретінін айтады. Сонымен қатар, еліміздің республикалық клиникалары мен шетел мамандарын тарта отырып, онлайн шеберлік сағаттарын өткізуге болады. Қаланың және жақын орналасқан өңірлердің науқастарына жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетеді.

Сондай-ақ жуырда Шымкентте ерекше балаларға арналған мамандандырылған стоматологиялық кабинет ашылды. Онда дәрігерлер церебральды сал ауруына шалдыққан және басқада мүмкіндігі шектеулі балалардың ауыз қуысы мен тісін арнайы әдіспен, наркоз беру арқылы жеңіл түрде емдейді. Асардағы балалар ауруханасында ашылған стоматалогиялық кабинетте ақ халаттылар науқастарды тегін қабылдайды. Бұл үшін жергілікті емханадан пациенттің жолдамасы қажет. Стоматологиялық кабинетте тісті емдеумен қатар ауыз қуысына диагностикалық тексеру жүргізіліп, бір жерден ем-дом тағайындалады. Кабинет рентген, наркоз аппараты сынды қажетті жабдықтармен қамтылған. Дәрігерлердің біліктілігін білдіретін тағы бір жағымды жаңалықты жеткізе кетелік. Жуырда қалалық балалар клиникалық ауруханасының хирургтері аяғының қан тамыры кесілген 5 жастағы балаға тың әдіспен күрделі ота жасады. Балаға шұғыл түрде ота жасалмаса, аяғындағы жарақаты асқынып мүгедек болып қалу қаупі басым еді. Осыны ескерген тәжірибелі ангиохирург, анестезиолог дәрігерлер жедел ота жасады. Хирургтар науқас баладағы тамырларының диаметрінің кішкентай болуына байланысты, микроскопиялық LEICA ONX аппаратының көмегімен ота жасаған. Операция кезінде мамандар үзілген тізе асты артериясын ұшпа-ұш жалғап тігіп берді. Бөлім меңгерушісі Олжас Шынтасовтың айтуынша, отадан кейін аяқтың төменгі бөлігіне қан барып, жылып, тобық аймағында пульс пайда болған. Тамырдың жарақатына дер кезінде жоғарғы медициналық көмекті дұрыс көрсетпеген жағдайда, көбіне дистальды бөлігі өкінішті жағдай ампутациямен аяқталуы мүмкін екен. 

Иә дәрігерлердің сапалы қызмет көрсетуіне ең алдымен, қаладағы емхана мен ауруханалардың соңғы үлгідегі заманауи медициналық құралдармен жабдықталып жатқаны оң ықпал ететіні анық. Бұдан өзге түрлі іс-шаралар арқылы да халықтың денсаулығын күшейту бағытында жұмыстар қолға алынып келеді. Мәселен, біз жоғары айтып өткен қалалық №1 клиникалық аурухана «Ізгілікте жарысайық» атты қормен өзара меморандумға қол қойған. Соған сәйкес қор тізіміндегі 100 анаға және олардың балаларына тегін медициналық көмектер көрсетіле бастады. Клиникалық аурухана аналарды ақысыз медициналық тексеруден өткізсе, мектепке енді баратын балаларын тегін сүндетке отырғызуда, яғни медицина тілімен айтқанда, циркумцезия жасауда. Клиникалық аурухананың тағы бір жаңалығы – ақпарат алу орталығы жұртқа қызмет көрсетуде. Орталық ауруханаға келген адамға өзіне керекті мағлұматты тез алуға, емделіп жатқан жақынының нақты қай бөлімшеде, палатада жатқанын білуге көмектеседі. Білікті дәрігерлер кеңес береді немесе орта медицина қызметкерлері сол жерге бөлімше меңгерушілерін шақырып, солардың өз аузынан емделушінің ахуалы туралы нақты жағдайды естіп, біле алады. Клиникада тіліксіз ота жасайтын лапороскопиялық 5 аппарат, травматологияда қолданылатын артроскопиялық жабдық және заманауи УДЗ аппараттары сатып алынса, сонымен қоса миға, жүрекке ота жасайтын ангиографиялық кабинет ашылды. Бүгінде елордадағы нейрохирургиялық орталықтан келген 2 маман қалалық клиникада жұмыс істейді. Олар жұлын омыртқасына, миға байланысты күрделі операция жасайды. Сондай-ақ клиникалық аурухана базасында травматология, ортопедия саласы жедел дамып келеді. Бұл да елорданың білікті мамандарының арқасында мүмкін болып отыр. Осы секілді мұрын, тамақты емдейтін маманды да республиканың бас қаласынан шақыртып, арнайы лор бөлімшесін ашқан. Аталған клиникада 180-нен астам бүйрек трансплантациясы жасалды. Мұнымен қоса отыз шақты бауыр алмастырылды. Аптасына бір рет бүйрек, айына дәл солай бауыр мүшесі ауыстырылады. Бас дәрігер Абылай Донбайдың айтуынша, клиника Шымкентте медициналық туризмді дамытуға үлкен септігін тигізіп отыр. Оған дәлел, нейрохирургтер Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстанға барып, шеберлік сыныптарын өткізіп жүр, ал сол елдердің науқастары емделу үшін осы клиникаға көп келеді. «Клиника шаруашылық жүргізу құқығындағы мекеме болған соң тәжірибесі мол мамандарды сырттан алдыртып, оларға барынша жағдай жасауға ұмтылып жатырмыз. Біріншіден, барлық білікті дәрігерге өз жалақысынан бөлек қосымша үстемеақы төленеді, екіншіден, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеміз. Үшіншіден, қызметтік пәтер алып береміз. Олардан талап ететініміз – тек науқастарға сапалы медициналық қызмет көрсету», – дейді бас дәрігер.

Жалпы қалада тәуліктік 4 125 төсектік орын болса, күндізгі стационар 1 959 төсек-орынмен жабдықталған. Бүгінгі таңда қалада

4 760 дәрігер қызмет етеді. 10 мың халыққа шаққанда дәрігер саны 42,1-ді құрайды. Сонымен бірге 10 мыңнан астам орта буын медицина маманы қызмет көрсетеді. Олардың үлес салмағы 10 мың халыққа шаққанда 92,8-ге тең. Қала тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында 4 жаңа – №14 емдеу орталығы, «Дария Медикус», «Саби Мед» және «Турлан Медикал» деп аталатын медициналық орталықтар ашылып, 50 мың халықты медициналық қызметпен қамтамасыз етуде. Сонымен қатар бір дәрігердің жүктемесі 1 616-ға дейін төмендеді. Ал жоспар бойынша 1 700-ден аспау қажет. Сондай-ақ мамандар диагностикалық зерттеу әдістерінің озық үлгілері енгізілуіне байланысты онкологиялық дерт ерте анықтала бастағанын айтады. Онкологиялық дертке шалдығу, одан болатын өлім-жітім көрсеткіші бойынша Шымкент республика бойынша ең төменгі орындарда тұр. Мысалы, 100 мың адамға шаққанда қатерлі ісікпен ауыратындар мегаполисте 123 адам болса, сол 100 мыңнан онкологиялық дерттің кесірінен көз жұматындар саны – 48 адам. Осыдан жиырма жыл бұрын онкологиялық ауруханада емделіп шыққандардың бар-жоғы 20 пайызы 5 жылдан артық өмір сүрсе, қазір бұл көрсеткіш 50 пайызға жеткен. Бүгінгі таңда заманауи эндовидео құрылғысымен тілік арқылы іш қуысына, кеуде қуысына күрделі оталар жасалады. Бұрын олар ашық әдіспен жасалып келген екен. Одан науқастар көп қиналатын. Асқынулар көп болатын. Науқас отадан кейін қалпына келгенше көп уақыт өтетін. Сонымен бірге бұрын тек республикалық онкологиялық орталықта жасалатын өңештің қатерлі ісігіне қарсы ота биыл қаңтардан бастап Шымкентте де қолға алына бастады. Эндопротездеу операциясын жасауды да шымкенттік онкохирургтер жақсы меңгеріп алды. Ал заманауи ангиографиялық құрылғы арқылы жылына орталықта 200-дей эндовоскулярлы операция жүзеге асады. Шымкент қалалық әкімдіктің қолдауымен мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында онкологиялық мекемеде ядролық медицина орталығы ашылды. Соның нәтижесінде, заманауи сәулелі қондырғы орнатылды. Оның басты артықшылығы, ісікке қарай бағытталған радиациялық сәуле ауырған нүктеге ғана әсер етіп, айналасындағы жасушаларды зақымдамайды. Осының нәтижесінде, науқас өзін жақсы сезініп, сәуленің жанама әсерлерінен зардап шекпейді. Заманауи қондырғы жоқ кезде медицинаның мұндай мүмкіндігін емделушілер көріп, сезіне алмайтын еді. Айта кетелік, қалалық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан жылдың басында медициналық жабдық сатып алу үшін 1,1 млрд теңге бөлінген. Нәтижесінде, диагностикалық тексеру жұмыстары мен күрделі оталарды жасау үшін жеті аппарат сатып алынды. Бұған қоса, жылдың соңына дейін үш медициналық техника сатып алынады. Амбулаториялық деңгейде Шымкент қаласының 44 медициналық ұйымы 2022 жылға 9,4 млрд теңге сомасына дәрілік заттар сатып алуға өтінімдер ұсынса, бүгінге дейін соның 6,3 млрд теңгесіне дәрілік заттар жеткізілді. Орфандық, яғни сирек кездесетін ауруы бар 36 баланы дәрілік заттармен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінді. Соның нәтижесінде, 32 бала тиісті медициналық емін қабылдауда. Алты ай ішінде 2 938 медициналық қызметкер шетелде және республикалық орталықтарда біліктіліктерін арттырып қайтты.