Инвестиция – ел экономикасын дамытудың негізгі факторы болып табылады. Республикадағы көне шаһардың бірі Шымкент қаласының соңғы 30 жылда инвестициялық тартымдылығы артып келеді. Айталық тәуелсіздік алған жылдардан бері шаһарға 2,5 трлн. теңге инвестиция тартылыпты. Одан бөлек шетелдік инвесторлардың қатысуымен де талай жобалар іске асырылуда. Инвестицияның арқасында қалада көптеген кәсіпорындар құрылып, зауыт-фабрикалар жанданды. Соның нәтижесінде бюджетке түсетін салықтық түсімдердің көлемі артып, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына септігін тигізді. Сондай-ақ Шымкенттің еліміздегі маңызды үшінші қалаға айналуына да инвестицияның қосқан үлесі бар.
Қазіргі таңда шырайлы Шымкент өзге өңірлермен салыстырғанда инвестиция тарту жағынан көш басында тұр. 2022 жылдың төрт айында қала экономикасына 108,6 млрд. теңге инвестиция тартылды, осы көрсеткіш бойынша Шымкент елімізде бірінші орынға ие болды. Мұндай мәліметті Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкімет отырысында мәлім еткен болатын.
Министр инвестиция тарту бойынша Шымкент қаласы, Ақмола, облысы мен Алматы қаласында жоғары өсім байқалып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, Шымкент қаласында өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда инвестиция тарту көлемі 73,2 пайызға артқан. Жалпы қалада 2021-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылатын құны 2,7 трлн.теңгеге 296 инвестициялық жобалардың базасы жасақталған. Алдағы уақытта үшінші мегаполисте жаңа 20 мыңнан аса жұмыс орындары ашылатын болады. Оның ішінде, ағымдағы жылы құны 241 млрд.теңгені құрайтын 65 инвестициялық жоба іске асырылып, 2500 жаңа жұмыс орындары ашылуы жоспарлануда.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов те өткен айдың соңында Қаратау ауданының тұрғындармын кездесу барысында биылғы жылы инвестиция көлемі тағы артатынын жеткізген болатын. «Пандемия салдарына қарамастан, Шымкентте 2021 жылы барлық салада оң нәтижеге қол жеткіздік. Мысалы, өнеркәсіп өндірісінің айналым қаржысының көлемі былтыр 785,4 млрд теңгеге жетті. Мегаполис үшін маңызды жұмылдырылған инвестиция көлемі былтыр 60 пайызға көбейді. Бұл – үлкен жетістік. Енді қалаға құйылатын инвестиция көлемін биыл тағы 15 пайызға арттыру жоспарлануда. Жалпы өңірлік өнім көлемі, жоспар бойынша, 3 млрд теңгеден асады деп жоспарлап отырмыз. Ал қаладағы индустриалды аймақтардан қала бюджетіне 36 млрд теңге салық түсті, Бүған қоса, қала экономикасының ірі саласының бірі – құрылысқа тоқталсақ, Шымкентте бұл салада жалпы 1 триллион теңге айналымда жүр», – деді сөзінде қала басшысы. Қала әкімінің мәліметінше, бүгінде қосымша 3 индустриалды аймақ жұмысы жүзеге асырылуда. Оның біреуінің өзіне 100 миллион теңге инвестиция жұмылдырылмақ.
Инвестиция ең көп тартылған саланың бірі – құрылыс. Шаһарда отыз жылдың ішінде 98 мектеп, 470 балабақша ашылды. 6 мемлекеттік, 21 жекеменшік аурухана іске қосылып, 6 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілген. Қаладағы ауқымды жобалардың бірі – мегаполистің солтүстік бөлігіндегі 427 гектарды алып жатқан «Шымкент Сити» жаңа шағынауданының құрылысы. Оған инженерлік инфрақұрылым толық жүргізіліп қойылған. Жоба аясында 2026 жылға дейін қалаға 432 млрд. теңге көлемінде жеке инвестициялар тартылады деп күтілуде. Осы аралықта 300-ге жуық көпқабатты тұрғын үй немесе жалпы ауданы 1,6 млн. шаршы метр болатын 27 500 пәтер пайдалануға беріледі. Мұнымен қоса 3600 орындық жеке меншік 3 жалпы білім беретін мектеп, дарынды балаларға арналған физика-математика мектебі, балабақшалар, емхана, саябақ және көптеген халыққа қызмет көрсету орындары ашылады.
Бүгінде қала аумағында ауданы 718 гектарды құрайтын 4 өнеркәсіптік аймақ тұрақты жұмыс істеуде. Олар «Оңтүстік», «Тассай» индустриалды, «Оңтүстік» көліклогистикалық және «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақтары. Аталған аймақтарда 11 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жоба бойынша мұнда 254,2 млрд. теңге сомасында 174 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Қазіргі таңда индустриалды аймақтардың толымдылығы 90 пайызды құрайды. Осыған байланысты 2021-2022 жылдары жаңадан өнеркәсіптік аймақтарды құру жоспарланып отыр. Атап айтқанда 306 гектар болатын «Жұлдыз» индустриалды аймағы. Онда құрылыс, металлургия, фармацевтика және жиһаз өнеркәсібі саласындағы жобалар қолға алынады. Бүгінгі таңда инфрақұрылымдық жүйелерді тарту жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар, Қайнарбұлақ тұрғын алабы маңында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін жалпы алаңы 132 гектарды құрайтын «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы ашылады. Мұнда биологиялық қоспалары бар құнарлы құрама жем өндіріледі және сүт зауыты салынады. Сонымен қатар, шетел инвесторларымен бірлесе сүт, ет, жеміс пен көкөністі қайта өңдейтін, сүрлейтін кәсіпорындар құрылады.
Сонымен қатар Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы мамандарының мәліметінше қаладағы «Оңтүстік» индустриялық аймағында биыл 24 млрд теңгені құрайтын 4 инвестициялық жоба іске асырылады деп жоспарлануда. Инвестициялық жобалардың бірі - «ЦветЛит» ЖШС. Бұл өндіріс арқылы алюминий катанкасын өндірудің өндірістік қуатын арттырып, алюминий қорытпаларын өндірудің жаңа желісі ашылады. Жобалық қуаттылығы жылына - 25 мың тонна. Ал, алюминий банкаларын шығаратын «QazAlPack» зауыты іске қосылса жылына 500 млн дана өнім өндіреді деп жоспарлануда. «Нұр-kz» ЖШС - түсті металл бұйымдарын құюға арналған шағын зауыттың жобалық қуаттылығы жылына 3000 тонна бұйымдар шығару. «Ahmet Tas» ЖШС - сәндік сылақ, құрғақ құрылыс қоспалары өндірісі жылына 3100 тонна құрғақ құрылыс қоспаларын шығаруға қауқарлы.
«Оңтүстік» индустриялық аймағында импорт алмастыру мақсатындағы бұл 4 инвестициялық жоба іске қосылса, биыл 208 жұмыс орнын ашылады деп күтілуде.
Қауіпсіздік пен тұрақтылық инвесторлар үшін ең маңызды мәселенің бірі. Ал Шымкент қаласында инвесторлар үшін барлық қолайлы жағдай жасалғандықтан шаһарға қаржысын құюға ниетті шетел кәсіпкерлері көп. Қазіргі таңда үшінші қала аумағында 2,3 млрд. АҚШ долларын құрайтын 17 шетелдік инвестициялық жоба іске асырылды. Бұл негізінен Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея, Ресей, Польша, Германия, Өзбекстан елдерінен келген шетелдік инвесторлар. Шетелдік инвесторлардың көмегімен іске асқан қаладағы ірі 5 жобаны ерекше атап өтуге болады. Олар – «Рахат-Шымкент» ЖШС (Корея) – қантты печенье өндірісі, «СП «Lux Shoes» ЖШС (Түркия) – аяқ киім табанының өндірісі, «DALSAN» ЖШС (Түркия) – ылғалды майлықтар өндірісі, «Авелар Солар Технолоджи» ЖШС (Ресей), «Химфарм» (Польша) - дәрілік препараттар өндірісін жаңғырту жобасы.
Алдағы уақытта үшінші мегаполистің дамуына Фин елінің кәсіпкерлері де ат салыспақ. Жақында шаһар басшысы Финляндияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Мякеляйнен-Буханист Сойлимен кездескен болатын. Тараптар екіжақты қарым-қатынас пен іскерлік ынтымақтастықты нығайтудың өзекті мәселелерін талқылаған еді.
Инвестиция тарту – қаланы дамытудағы маңызды бағыттың бірі екенін айтқан қала басшысы заң аясында бекітілген мемлекеттік қолдаумен инвестициялық жобаларды іске асыруға дайын екенін жеткізді. Сонымен бірге іскерлік кездесу іс жүзінде жемісті нәтиже беретініне сенімді екенін айтты.
Жалпы, сыртқы сауда бойынша Шымкент пен Финляндия арасындағы импорт өткен жылы 1,7 млн. АҚШ долларын құраған болатын. Және Қазақстанда жұмыс істейтін финляндиялық компаниялардың басым бөлігі энергетика, телекоммуникация, транспорт, сауда, ауылшаруашылық, өнеркәсіп салаларында қызмет көрсетуде.
Айта кетейік, кәсіпкерлерге «бір терезе» қағидасымен қажетті қызметтер көрсететін «Бизнеске арналған үкімет - Shymkent Invest» фронт-кеңсесі де жұмыс атқаруда.
А.ОҢҒАРБАЙ.