Бозарық пен Мәртөбеде индустриялдық аймақтар ашылады

Қысқаша

Бозарық пен Мәртөбеде индустриялдық аймақтар ашылады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен әкімдердің жыл сайынғы дәстүрлі халық алдындағы есеп беруі өзгерді. Осы Жарлыққа сәйкес республикалық маңызы бар қаланың әкімі өз аумағындағы аудан халқымен әр тоқсан сайын кездесіп, олардың талап-тілектерін тыңдауы тиіс.  Бұдан бөлек қоғамдық қабылдаулар өткізеді. Бір сөзбен айтқанда бұрынғыдай әкімдердің жылына бір рет халықты жинап, баяндама оқитын, оның соңы алдын ала дайындап қойған азаматтардың мақтау-мадщақтауларына ұласатын көзбояушылық бітті. 

Screenshot_1.jpg

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, Шымкент қаласы әкімі Мұрат Әйтеновтің аудан тұрғындарымен есепті кездесуі өтті. Бұл жолғы кездесуге Қаратау ауданына қарасты Достық, Асар, Асар-2, Шымкент сити, Ақжайық, Бозарық шағын аудандары мен Қайнарбұлақ тұрғын алабы, Қайнарбұлақ пен Бозарық саяжайларынан келген 300-ден астам тұрғыннан бөлек, қала мәслихатының депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, басқарма басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты. 

Онда әкім қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен инженерлік-инфрақұрылыммен қамтылуы бойынша өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндап, халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау мақсатында жүзеге асырылатын жобалармен бөлісті. Сонымен бірге тұрғындардың сауалына жауап берді. 

Қаратау ауданында 265 мыңнан аса тұрғын қоныстанған. Шалғай орналасқан елдімекендердің өзекті мәселесі – инфрақұрылым болса, бұл мәселе 2023 жылдың соңында толық шешімін табады. 

Бүгінде аудан аумағында «Тассай» индустриялды аймағы орналасқан болса, қосымша Бозарық, Мәртөбе елді мекендерінде индустриялды аймақ ашылады. Бұл жаңа жұмыс орнының құрылуына және өндірілетін өнім көлемінің артуына сеп болады. Өткен жылы аудан аумағындағы өнеркәсіп орындарында 125,7 млрд теңгенің өнімі өндірілген. 

Қалалық мәслихаттың хатшысы Бахадыр Нарымбетов жүргізіп отырған есепті жиын қала әкімдігінің ресми әлеуметтік желідегі instagram парақшасында тікелей эфир арқылы да көрсетілді.

Айта кетері, қалалық әкімдіктің таратқан мәліметіне қарағанда, бұл Мұрат Әйтеновтың  биылдың 1- ші тоқсаны үшін соңғы кездесу болып отыр. Келесі үш айлықта кездесулер жалғасады. Онда өтініштер мен тапсырмалардың, жалпы биылға жоспарланған жұмыстардың орындалу барысы және сапасы бойынша жиындар жоспарланған.