Кезінде Назарбаевты «пір» тұтқан депутаттар қазір теріс айналып жатыр

Қысқаша

Кезінде Назарбаевты «пір» тұтқан депутаттар қазір теріс айналып жатыр

Өткен аптада Мәжіліс "Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы туралы" конституциялық заңға өзгеріс енгізіп, Сенатқа жолдады. 

Screenshot_5.jpg

Осы өзгерістерге сәйкес тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы ассамблеясы мен Қауіпсіздік кеңесіне өмір бойына төрағалық ету нормасы жойылмақ. Қызық болғанда біздің билік алдымен өзгерісті жасап алды. Одан кейін барып оны құжат жүзінде заңдастыруға кірісті. Өйткені Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясының төрағалығын Қасым-Жомарт Тоқаевқа былтыр тапсырып қойған болатын. Ал қаңтардың басында елде бүлік басталған кезде президенттің Қауіпсіздік Кеңесінің төрағалығын қолына алғаны белгілі.

Қазақстанда Елбасының қауіпсіздігі, артықшылықтары баяғыда-ақ заңмен бекітіліп қойылған. 2010 жылдың 13 мамырында Сенат Н.Назарбаевқа «Елбасы» деген мәртебені беруді заңдық тұрғыдан бекітіп берді. 3 маусымда Назарбаев заң жобасына қол қоюдан бас тартты, бірақ оған вето қойған жоқ. Ал тәртіп бойынша президент вето қоймаған заң жобасы 30 күннен кейін күшіне енеді. Соған сәйкес 14 шілдеде Нұрсұлтан Назарбаевқа «Елбасы-ұлт көшбасшысы» мәртебесі заңдық негізде бекітіліп берілді. 

 «Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті-Елбасы туралы» Заңына сәйкес Нұрұлтан Назарбаевқа тарихи миссиясына байланысты өмір бойы: Қазақстан халқына, мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға мемлекеттік құрылыстың, елдің ішкі және сыртқы саясаты мен қауіпсіздігінің аса маңызды мәселелері бойынша тиісті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар міндетті түрде қарауға жататын бастамалар жасау; Қазақстан Республикасы Парламенті мен оның палаталарының алдын да, республика Үкіметінің отырыстарында ел үшін маңызды мәселелерді талқылау кезінде сөз сөйлеу; Қазақстан халқы Ассамблеясын басқару; Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесін басқару; Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің құрамына кіру құқығы тиесілі болатын. Заңда «Мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары бойынша әзірленетін бастамалар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентімен — Елбасымен келісіледі» деп жазылған. Аталған заңға сәйкес Назарбаевқа бұдан басқа да артықшылықтар берілген. Мәселен:

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің — Елбасының заңды қызметіне кедергі жасауға, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентін - Елбасын көпшілік алдында қорлауға немесе оның абыройы мен қадір-қасиетіне өзгедей қол сұғуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің — Елбасының бейнесін бүлдіруге жол берілмейді және ондай әрекеттер заңмен қудаланады.

 Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елбасына ешкімнің тиісуіне болмайды. Ол өзі Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттіктерін орындау кезеңінде жасаған, ал бұлар тоқтатылғаннан кейін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы деген өз мәртебесін жүзеге асыруға байланысты әрекеттері үшін жауаптылыққа тартылмайды. Оны ұстап алуға, қамаққа алуға және күзетпен ұстауға, тінтуге, одан жауап алуға не жеке басын жете тексеруге болмайды.

Тиіспеушілік Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елбасына және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне жеке меншік құқығымен тиесілі барлық мүлікке, сондай-ақ олар пайдаланатын тұрғын және қызметтік үй-жайларға, қызметтік көлікке, байланыс құралдарына, жазысқан хаттарына, оларға тиесілі құжаттарға қолданылады. Тиіспеушілік Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының қорына және ол құратын өзге де заңды тұлғаларға тиесілі мүлікке де қолданылады.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елбасына және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне жеке меншік құқығымен тиесілі мүлікке, сондай-ақ ол құратын заңды тұлғалардың мүлкіне қандай да бір шектеулер қойылмайды.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің банктік шоттарының банктік құпиялығына және оларға тиіспеушілікке кепілдік беріледі.

Күні кеше Назарбаевқа «Елбасы» мәртебесін беру туралы бастаманы көтерген де, оған көптеген артықшылықтарды берген де, осы жөніндегі заңды бекіткен де депутаттар, енді міне, оның заман ағамына сай өзгертіп жатқандар да депутаттар. Кезінде Назарбаевты пір тұтқан депутаттар бүгін заман, саясат ағымына сай өзгеруде.