Мектептерде кезекші сыныптар жұмыс істейді

Қысқаша

Түркістан облысында мектептерде бастауыш сынып оқушыларының ата-аналарының өтініші б

Screenshot_1.png

Түркістан облысында мектептерде бастауыш сынып оқушыларының ата-аналарының өтініші бойынша, ахуал жақсарған жағдайда, қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып, кезекші сыныптардың жұмыс істеуіне мүмкіндік беріледі. Алдағы уақытта еліміздегі ахуал дұрысталып, қауіптің сейілгеніне көз жеткізген кезде, мектептерді біртіндеп аралас оқыту және штаттық форматта оқытуға көшіру жүргізілетін болады.

-Ұстаздар мен оқушылардың үй жағдайындағы қашықтықтан оқыту мүмкіндіктері де қарастырылуда. Облыста 499 535 оқушы болса, бұл 200 мыңнан астам отбасының балалары. Жасалған талдау қорытындысы бойынша, облыстағы отбасылардың 28 пайызы үй жағдайында интернет желісіне қосыла алмайды (130 мыңға жуық оқушы); ал 34 пайызының компьютері жоқ (60 мыңнан астам оқушы). Қазіргі таңда, осы оқушыларды интернетпен және компьютермен қамтамасыз ету мәселесі бойынша жұмыстар атқарылуда. Мектептердегі техникалар келісіммен уақытша пайдалануға берілетін болады, - деді облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Бұдан өзге, облыстағы 65 колледж 2019-2020 оқу жылында автоматтандырылған интерактивті платформалардың көмегімен студенттерге техникалық және кәсіптік білім беруді жүзеге асырды. Жаңа 2020-2021 оқу жылында да қашықтықтан білім беруді аталған платформалардың көмегімен жүзеге асыру жоспарланып отыр.