Озық технолониямен үш рет өнім алынбақ

Қысқаша

Бүгінде келестіктер озық технологияны қолдана отырып, жылына үш рет өнім алуды көздеп

image.png

Бүгінде келестіктер озық технологияны қолдана отырып, жылына үш рет өнім алуды көздеп отыр. Ауданда 706,7 гектар жерге үш рет өнім алу мақсатында дән тасталды. Бұл жобаны ауданда 130 шаруа қожалығы іске асыратын болады. Кешегі наурыз айынан бастап өнімін базарға шығарған диқандар бар. Жүзімдік ауылының тұрғыны Қаныбек Оспановтың 1,5 гектар жері бар. Соның 0,5 гектарына өткен жылы желтоқсан айында шалқан егіп еді, ерте көктемде өнімін сатуға кірісті. Қалған 1 гектарына қызылша егіпті.

– Жыл сайын желтоқсан айында шалқанның «дунган» дейтін сұрпын пленка астына егеміз. Қарлы, жаңбырлы күндері үстін ашып, суарып аламыз. Ақпан айының соңы, наурыздың басында Астана, Қарағанды, Шымкент қалаларына өнімді жөнелтеміз. 0,5 гектар жерден 3-4 тоннаға дейін өнім аламыз. Қазір шалқанның келісін 100 теңгеден беріп жатырмыз. Ал, қызылша мамыр айының басында толық пісіп-жетіледі. Оны жинап болған соң орнына қырыққабат егеміз, – дейді Қаныбек Оспанов.

Бозай ауылында 282 гектар суармалы жер бар. Бозайлық диқандар ерте пісетін қауын-қарбыз өсірумен айналысады. Солардың бірі Анарбек Арыстанов 12 гектар жерге қарбыз еккен. Ресейге экспортталатын қарбыздан диқан жыл сайын 5-6 млн. теңге табыс табады. Анарбек қарбызды жинап алған соң орнына бұршақ егуді жоспарлап отыр.