Елімізде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу мақсатында төтенше жағдай жарияланғаны белгілі. Ауру ошақтары саналатын елді мекендерде карантин енгізілді. Үлкен қалалаоға шектеу шаралары қолданылуда. Бірақ осыған қарамастан өзінің және өзгелердің денсаулығына қауіп төндіре отырып, төтенше жағдай талабын орындамаған азаматтар көп.
Түркістан облысы аумағында бүгінгі күнге дейін күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимнің сақталуын яғни төтенше жағдай талабын бұзған 233 нысанға әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 476-бабына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық хаттамалары толтырылып, жергілікті сотқа жолданған. Сот шешімімен 157 тұлғаға 10 АЕК есебінде айыппұл салынып, 53 тұлға қамауға алынған. (Арыс-7, Бәйдібек-2, Қазығұрт ауданы-5, Жетісай-7, Мақтаарал-2, Ордабасы-2, Отырар –3, Сарыағаш-4, Келес-3, Түркістан қаласы-4, Сайрам-2, Кентау-9, Төлеби-1, Түлкібас-1, Созақ-1).
Бұдан бөлек,Түркістан қаласы бойынша 41 (қоғамдық тамақтану орындары-15, сауда орындары-8, азық түлік дүкені-15, шаштараз-2, тігін цехы-1) әкімшілік құқық бұзушылық хаттама толтырылып, сотқа өткізілген. Оның 37-сіне айыппұл салынып, 4 тұлға қамауға алынды.
Ережеге сай, Түркістан облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті облыс бойынша халық көп шоғырланатын 3500-ге жуық нысанға дезинфекциялау жұмыстарын жүргізді.