Арыста бетперделік режим енгізілді

Қысқаша

Арыста бетперделік режим енгізілді

Screenshot_5.png

Түркістан облысы Арыс қаласының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Н. Құлмұратовтың 03.04.2020 жылы №1 қаулысына сәйкес коронавирус індетінің алдын алу мақсатында қала аумағында бетперделік режим енгізілді. Бұл туралы Арыс қаласы әкімдігі жария етті. 

Бұдан былай барлық азаматтар қалада медициналық бетперде тағып жүруге міндетті. Бұл шектеулерді ескермеген, төтенше жағдай режимі мен санитарлық талаптарды қасақана бұзған азаматтарға қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынады.

Атап айтқанда, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 476 бабына сәйкес, төтенше жағдай режимін бұзған азаматтарға 10 АЕК көлемінде, яғни 26510 (жиырма алты мың бес жүз он) теңге айыппұл салынады. Егер бұл құқықбұзушылық тағы да қайталанса, сот шешімімен 10 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін.

-Бұл шаралардың бәрі қауіпті індеттің таралуын тежеу үшін енгізілгендіктен, қала тұрғындарынан түсіністік танытуды сұраймыз. Мүмкіндігінше үйде оқшауланып, адам көп шоғырланған орындарға бармауды, сақтық шараларына мұқият болуға шақырамыз!-делінген әкімдіктің мәлімдемесінде. 

Қатерлі дерт күн санап өршіп келеді. Осыған байланысты коронавирустың белгілері және оның алдын алу шараларын қала тұрғындарына түсіндіру мақсатында қалалық ішкі саясат бөлімі "Жастар ресурстық орталығының" ерікті жастары банк бөлімшелері мен банкомат терминалдарына коронавирустан сақтану бойынша ақпараттық нұсқаулықтарды жапсырылып, жадынамалар таратылды. Аурудың алдын-алу шаралары яғни антисептикалық сұйық сабынмен қолды жиі жуу, ауруды жұқтырған адаммен жақын байланыста болмау, медициналық бетперде тағу, адам көп шоғырланған жерлерге бетперде тағып, 2 метр қашықтықты сақтау керектігі және көпшілік орындарға жөнінде қала тұрғындарына насихатталды.