7 тігін цехы іске қосылды

Қысқаша

7 тігін цехы іске қосылды

Screenshot_4.png


Елімізде төтенше жағдай жарияланғалы Түркістан облысы Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановтың тапсырмасымен және аудандық кәсіпкерлік бөлімінің ұйымдастыруымен 7 тігін цехы іске қосылды. Осы шеберханаларда жұмыс істейтін 100-ге жуық тігіншілер күніне 4 мыңнан астам бетперде тігіп, нарыққа шығарып жатыр. Бұл туралы Мақтаарал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

"Қауіпті дертке қарсы күрес күшейіп, аудан тұрғындары арасында сақтық шараларын қолға алу артуда. Вирустан қорғану құралының бірі – бетперде. Сондықтан, аудан әкімі Бақыт Насырханұлының тапсырмасымен халықты медициналық маскамен толық қамтуға аса мән беріліп отыр. Ауданымызда бетперде тігетін шеберханалардың санын арттыру арқылы тұрғындардың сұранысын қанағаттандырудамыз" - деді аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Өсер Мырзамдамов.

Тігін шеберханалары дайындаған бетперделер аудандағы 17 дәріханаға 70-80 теңгенің аралығында өткізіледі. Ал, дәріханалар өз кезегінде бетперделердің бағасын 100-120 теңгеден асырмауы тиіс. Ол үшін аудандық кәсіпкерлік бөлімі тарапынан баға тұрақтылығына мониторинг жасалуда. Ал, дәріханалар соңғы 2 аптаның ішінде 54608 бетперде, 10130 антисептик, 9666 медициналық қолғаптар сатқан екен.

Мақтаарал ауданындағы зағиптар және мүгедектер қоғамының төрағасы, аудандық ардагерлер қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Базарбаев Ерғали Рузимович халықтың сұранысын қағаттандыру мақсатында бірден 2 тігін шеберханасын іске қосып, 26 адамды жұмыспен қамтып отыр. Күніне мың данадан астам бетперде тіккізіп, халықтың қатерлі вирустан қорғануына ерекше атсалысып жатыр.