Түркістан облысында жекеменшік балабақшалар карантинге жабылады

Қысқаша

Баланы үйде қарай алатын ата-әжесі, сондай үлкен кісілер бар болса, балабақшаға жібермеген дұрыс.

жолаев.jpg

Түркістан облысында жекеменшік балабақшалар елде жарияланған төтенше жағдайға байланысты карантинге жабылады. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымжан Жолаев айтты, деп хабарлайды RGMEDIA.KZ ақпараттық агенттігінің тілшісі.

– Балабақшалар штаттық негізде жұмыстарын жалғастыруда. Дегенмен, сақтық шаралары мақсатында ата-аналар балаларын жібермеуге құқылы. Білім және ғылым министрлігі тарапынан айтылып жатқан ұсыныс – мүмкіндік болып жатса, баланы үйде қарай алатын ата-әжесі, сондай үлкен кісілер бар болса, балабақшаға жібермеген дұрыс. Жекеменшік балабақшаларды зерделеу-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аудандық, қалалық білім бөлімдерінің басшыларына дизенфекцияланбаған немесе санитарлық нормаларды сақтамаған жекеменшік балабақшаларды карантин кезінде тоқтатуға тапсырма беріп жатырмыз, – деді басқарма басшысы.

Жолаевтың пікірінше, облыстағы жекеменшік балабақшалардың барлығының жұмыстарын тоқтату керек. Өйткені оларда санитарлық нормалар сақталмайды.

– Жекеменшік балабақшаларға тексеру жұмыстарын жүргізуге болмайды, заңмен қорғалған. Бірақ, мына жағдайда біз санитарлық нормалардың сақталған-сақталмағанын білу туралы тапсырма бердік. Соның нәтижесінде кеше Түркістан қаласының әкімдігі хабарласты. Олар бірқатар жекеменшік балабақшаларды тексеріп, ешқайсында толыққанды санитарлық жұмыстар жүргізілмегенін баяндап, әрі қарай тексермей-ақ бүкіл жекеменшік балабақшалардың бәрін тоқтатты. Осы жағдайды негізге ала отырып, бүгін таңертең арнаулы топтар облыстағы аудандар мен қалалардағы жекеменшік балабақшаларды шұғыл қарау жұмыстарын бастады. Бүгінде облыста 1441 балабақша бар. Бұлардың 80 пайызы жекеменшік. Егер де жекеменшік балабақшаларда Түркістандағыдай жағдай орын алып жатса, бір-екі күннің ішінде облыс көлемінде барлығының жұмыстарын тоқтатамыз. Солай болатын сияқты. Өйткені санитарлық нормалар жекеменшік балабақшаларда сақталынбайды. 20, 30, 50 балалық балабақшалар бар. Олардың бір штатта медицина маманын ұстауға жағдайлары келмейді. Арасында келіп-кетіп жүретін маман қазіргі жағдайда жұмыс істей алмайды. Жәй дизенфекцияның бір шаршы метрі 80 теңге шамасында. Кешенді дизенфекциялау одан да қымбат. Оны екі күн сайын жасауға қаржылары жетпейді. Сондықтан алдын алу үшін бәрін тоқтату дұрыс деп ойлаймын, – дейді Түркістан облысының бас мұғалімі.