Созақ ауданының Созақ ауыл округінде тігіншілікті кәсіп еткен Жәмила Қанапина бір күнде 300 бетперде тігіп, ауыл тұрғындарына тегін таратты. Бұл туралы Аудандық төтенше жағдай жөніндегі штаб төрағасының орынбасары Бағдат Айдарбеков айтты, деп хабарлайды RGMEDIA.KZ ақпараттық агенттігінің тілшісі.
– Осындай қиын сәтте, қайырымды іс жасап отырған Жәмила Айдарбекқызына үлкен ризашылығымды білдіремін, – деді Бағдат Айдарбеков.
– Қазір көп жерде медициналық бетперде табу қиындық тудырып отыр. Бағасы да шарықтап барады. Ел басына осындай қиын іс түскенде, халықпен бірге болып, қолымнан келетін кәсібімді пайдалы іске жұмсауды, көпшілікке жәрдемдесуді мақсат еттім. Енді мата жеткізіліп берілсе, тегін тігіп халыққа таратсам деймін, – деді Жәмила Айдарбекқызы.Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Талғат Әлішерұлы Жәмиләнің қолынан шыққан бетперделерді бір рет қана емес, жуып-жуып бірнеше рет пайдалануға болатынын айтады. Ал, Созақ ауыл округінің әкімі Батырхан Аяпов кәсіпкерлерді ұйымдастырып, тігіншіні матамен қамтамасыз етуге, басқа да қолынан тігіс тігу келетін ауылдастарын қайырымды істі жалғастыруға шақырды.