Канал бетондалса, кәсіпкерлер судан тапшылық көрмейді

Қысқаша

Канал бетондалғаннан соң 1500 гектар егістік жерді ағын сумен қамтамасыз етіп, су үнемділігі 30 пайызға жетеді

89115305_653337575414529_5022745926599442432_o.jpg

Сарыағаш ауданындағы каналдар кезең-кезеңімен бетондалып жатыр. Солардың бірі – Жібек жолы және Қабланбек ауылдық округтерін кесіп өтетін ұзындығы 18 шақырымды құрайтын «Қожахан» каналы. Бұл жобаның құрылысы биыл желтоқсан айында толық аяқталады дейді «Сарыағаш су шаруашылығы» ЖШС-нің директор орынбасары Нұрғали Арызқұлов.

 «Сарыағаш ауданы су шаруашылығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесіне тиесілі жалпы құны 1,55 млрд теңгені құрайтын каналды бетондау жұмыстары былтыр шілде айында басталған. Аудандағы 1300 гектар аумақты ағын сумен қамтитын маңызды нысанның құрылысын «Гидроқұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп жатыр.

– Бұл жобаның құрылысы биыл желтоқсан айында толық аяқталады. Бұған дейін каналдың су өткізу қабілеті секундына 5 текше метрді құраса, құрылысы біткеннен соң бұл көлем едәуір арта түсетін болады. Бұдан бөлек, канал бетондалғаннан соң 1500 гектар егістік жерді ағын сумен қамтамасыз етіп, су үнемділігі 30 пайызға жетеді, – дейді «Сарыағаш су шаруашылығы» ЖШС-нің директор орынбасары Нұрғали Арызқұлов.

Жалпы, Сарыағаш ауданы бойынша 9 мың гектар суармалы жер бар. Бұл көлем жыл санап артып келеді. Осы егістік алқаптарды ағын сумен қамтып отырған ірілі-ұсақты 20 канал бар. Оның ең кішісі секундына 2 текше метр су тасымалдайды.