Арыстық кәсіпкер медициналық маска тігуді қолға алды

Қысқаша

Арыстық кәсіпкер медициналық маска тігуді қолға алды

90566145_1127299967603045_7475542560400736256_o.jpg

Елімізде коронавирустың алдын алу мақсатында, түрлі шаралар атқарылуда. Бүгінгі күндері дәріханалар мен бөлшек сауда орындарында туындаған тапшылықты жою мақсатында Арыс қаласындағы  шағын бизнесі бар, көпбалалы ана Дина Айтымбетова өз кәсібінің бағытын өзгертіп, дәмханасын тігін цехына айналдырды. Мұнда 10 қызметкер күніне 4000-ға жуық масканы тігуге қауқары жетеді. Осылайша қала тұрғындарының сұранысы толық қамтамасыз етілуде. Бұл туралы Арыс қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Айта кетерлігі маскалардың бағасы қол жетімді нарықта 100 теңгеден сатылуда.  

Түркістан облысында халықты медициналық маскамен толық қамтуға аса мән беріліп отыр. Осыған орай Түркістан облысындағы барлық аудандар жаппай бетперде тігуді жүзеге асырып, тұрғындарының сұранысын толық қамтамасыз етпек. 

Сайрам ауданындағы «GOLDEN NOMAD» АЛТЫН АДАМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бетперденің сан алуан түрін тігуге ірі көлемде тапсырыс алды. Мұнда 80-нен асатын жұмысшы күніне 30 мың маска тігуді қолға алып, жұмысты бастап кетті. 

Сонымен қатар, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың арасында қаржылай көмек алған 65 тігінші күніне 5500 дана медициналық маска тігу жұмыстарымен айналысуда. Қазіргі таңда Сайрам ауданындағы 10 мыңға жуық аз қамтамасыз етілген азаматтарды тегін медициналық маскамен қамту шаралары жүзеге асырылуда.