Түркістан облысының полицейлері жоғалып кеткен көпбалалы ананы Қарағанды облысынан тапты. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап RGMEDIA.KZ ақпарат агенттігі хабарлады.
Созақ аудандық полиция бөлімшесінің кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, туған қызы наурыз айының соңында белгісіз бағытта үйден шығып, хабар-ошарсыз кетіп, әлі күнге дейін қайтып оралмағандығын хабарлаған. Бұл жайт полиция бөлімінде тіркеліп, полицейлер жас әйелді жедел-іздестіру іс-шараларына кірісті. Із-түзсіз жоғалып кеткенді іздестіру мақсатында полиция бөлімінде жедел-тергеу тобы құрылды. Жоғалған тұрғын көпбалалы ана болғандықтан, оны іздеуге Созақ аудандық полиция бөлімшесінің жеке құрамы толық жұмылдырылды.
Полиция қызметкерлері жақын маңдағы барлық аумақтарды аралап, аудандағы әрбір бұрылысты және көрші ауылдарды мұқият тексеріп шықты. Жас әйелді жан-жақты іздестіру үшін облыстың барлық полиция бөлімшелеріне бағдар жіберілді. Жоғалған әйелдің таныстарының шеңбері құрылып, куәгерлерден жауап алынып, оның орналасқан жерін анықтау бойынша барлық шаралар кешені жүзеге асырылды. Полиция қызметкерлері келіп түскен ақпарат бойынша жоғалған көп балалы ананың Қарағанды облысында болуы мүмкін екенін анықтады. Оны іздеуге аталған облысқа бірнеше жедел уәкіл жіберілді. Олар екі апта бойы әйелді іздеді. Полиция қызметкерлері оны үйінде алты кішкентай балалары күтіп отырғанын алға тартып, сезініп, әрекет етті. Екі аптадан кейін полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде жоғалып кеткен көпбалалы ананы Қарағанды облысының ауылдарының бірінен тапты. Анықталғандай, ол күйеуімен отбасылық жанжалдан кейін үйден кетіп қалған. Олардың отбасында алты бала өсіп келеді, оның кішісі алты жаста болса, үлкені 13 жаста.
Тергеу барысында белгілі болғаны, әйел интернет арқылы Қарағанды облысының ер адамымен танысып, сөйлесіп жүріп, кейіннен соның соңынан кетіп қалған. Сондай-ақ, полицейлер бұл әйелдің бұрын да бірнеше рет үйден қашып кеткенін анықтады. Полиция қызметкерлері оны Кентау және Шымкент қалаларында тауып алған. Қажетті іс-шараларды өткізгеннен кейін тәртіп сақшылары көп балалы ананы тірі және сау күйінде туған-туыстарына қайтарды. Әйелдің ешкімге ешқандай наразылығы жоқ. Тәртіп сақшылары қазіргі таңда болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Түркістан облысының полицейлері азаматтарды бір-біріне құрметпен қарауға шақырады. Жақындарыңыз бен таныстарыңыз жоғалған жағдайда тез арада “102” телефоны бойынша полицияға хабарласыңыздар.