Түркістан облысының полицейлері өңір тұрғындарын алаяқтарға алданып қалмауға шақырады. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап RGMEDIA.KZ ақпарат агенттігі хабарлады.
«Алаяқтардан сақ болыңыз!
Алаяқтық қылмыстары қазіргі кезде қоғамның жағдайына байланысты түрленіп, дамып, жаңа сипатта көрініс беруде. Бұл қылмыстың жаңа бір сипаты – ақпараттық технологиялар, яғни, интернет жүйесімен жұмыс жасайтын мобильдік жүктемелер арқылы орын алуда.
Бұл жерде қылмыскер компьютер, смартфон, планшет секілді заманауи құралдардың көмегімен интернет арқылы адамдарды алдап-арбап, олардан ақша бопсалау, мүлкін жымқыру секілді жымысқы әрекеттерге баруда.
Бұдан бөлек, қарапайым халық несие алу, жұмысқа орналасу, пәтер, жер алып беру түріндегі қызметтердің қолданыстағы заңнама талаптарына сай белгіленген тәртіпте жүзеге асырылатындығынан бейхабар болып, аталған қызметтерді жеңіл жолмен жүзеге асырып беретіні туралы жалған уәде беретін алаяқтардың арбауына түсіп қалуда» делінген Түркістан облысы Полиция департаменті тарапынан таратылған хабарламада.
Түркістан қалалық полиция басқармасы жоғарыда келтірілген деректерді негізге ала отырып, кез-келген күдікті әрекеттер мен жарнамаларадан сақ болуға шақырады.