9 адамды алдап, 11 миллион теңге жымқырған алаяқ қолға түсті

Қысқаша

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға алаяқтардың арбауына ермей, кез-келген мәселеге заң жүзінде қарауға шақырады.

алаякай.jpg

Түркістан қаласының полицейлері тоғыз адамды алдап, жалпы көлемі 11 миллионға жуық теңгені иемденген әйелді ұстады. Бұл туралы RGMEDIA.KZ ақпарат агенттігі облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Наурыз айының ортасында Түркістан қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Ол белгісіз азаматшаның 1 миллион теңгеге несие алып беруге көндіріп, ақыр соңында бірнеше айдан соң төлемей қашып кеткендігін айтады. Ақшаны алып, қарызға батырып кеткен күдіктінің әрекетінен сан соғып қалған тұрғын бірден полицияның көмегіне жүгінген.

Түркістан ҚПБ-ның полицейлері аталған жайтқа байланысты тергеп-тексеру амалдарын жүргізді. Жүргізілген жедел іс-шаралардың нәтижесінде, бірнеше күннен соң қалалық сақшылар алаяқтыққа күдікті әйелді анықтап, ұстады. Ол Түркістанның тұрғыны болып шықты. Тергеу барысында күдікті әйелдің арызданған азаматшадан бөлек Түркістан қаласының тағы да 8 тұрғынын алдап, жалпы көлемі 11 миллионға жуық теңгені иемденгені белгілі болды. Аталған жайттардың барлығы тіркеуге алынып, ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасуда. Күдікті әйел бүгінде қамауда.

Қалалық полиция басқармасының полицейлері күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы болуы мүмкін екендігін айтуда. Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға алаяқтардың арбауына ермей, кез-келген мәселеге заң жүзінде қарауға шақырады. Егерде осындай алаяқтардың қылмысына куә немесе құрбаны болсаңыз, полицияның шұғыл нөмірі «102-ге» хабар беріңіз, өйткені дер кезінде берілген ақпарат қылмыстың тез ашылуына ықпал етеді.

    A+
Уақыты: 2020-03-20  Айдарша: Құқық
TAG: